Жыл өткен сайын бәйтеректіктердің де әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарып келеді. Мәселен, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) аудандағы 6 ауылдық округ мүлдем алмаған болса, биылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша олардың саны 11-ге жетті.

Бұл туралы БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов мәлімдеді. Ол өткен тоғыз айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баяндады.
- Соңғы үш жыл ішінде аудан бойынша қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткіш көліменде 106 адам грант алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындарын құрып, ісін бастады. Осынау грантқа және «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несиеге ие болғандар арасында АӘК алушылардың болуы бұл жағдайға оң ықпалын тигізуде. Соның нәтижесінде ауылдарда әлеуметтік көмек алушылар айтарлықтай азайды. Сөздің шыны керек, әулеметтік көмекке төленетін қаржы өлместің күні үшін ғой. Ал өз кәсібін бастап, тауар өндіріп, не шығарып сату арқылы түске пайданың қаржысы мол. Аз уақытта айтарлықтай жетістікке жеткен ауылдастарын, туыс-таныстарын көрген тұрғындар өз істерін ашуға ден қоюда,-деді Марат Лұқпанұлы.
Бәйтерек – аграрлы-индустриялды аудан. Сол себепті бірінші ауыл шарушылығы саласына тоқталып өтейік. Аудан басшысы атап өткендей,
агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) экономиканы тұрақтандыру және сауықтыру жолындағы негізгі бағыттың бірі ретінде айқындалған.
Ауданда АӨК-ті дамытудың ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 265,134 мың гектарды құрады. Онда негізінен жаздық (98,024 мың га), күздік (58,934 мың га) және майлы (67,730 мың га) дақылдар егілді. Алынған өнім көлемі жаман болған жоқ. Мысалы дәнді дақылдар орта есеппен гектарынан 14,3 центнерден 329 920 тонна жиналды. Егін жинау, күзгі далалық жұмыстар жүргізуге 1,4 мың бірлік техника қатысты. Биыл бәйтеріктік диқандар бұрынғы техникаларға қосымша 130 әр түрлі жаңа техниканы (3,5 млрд.теңге) алған екен.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 61734,8 млн.теңгені құрады (2024 жылмен салыстырғанда өсім 114,8%). Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері 29 253,0 млн.теңге, мал шаруашылығы өнімдері 32 481,8 млн. теңге. Ет өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 110,1%-ға сүт 101,9%-ға, жұмыртқа 44,8%-ға артты.
Аудан бойынша биылға 53800,0 млн.тенге жеке инвестиция тартылады деп жоспарланыпты. Соның ішінде 39144,0 млн. теңге өнеркәсіп, 5329,0 млн.теңге ауыл шаруашылығы салалары бойынша. Олардың ішінде ең ірісі - «Zhaik Petroleum» ЖШС-ның Белес ауылы маңынан сұйық метанол өндіретін зауыт салу. Таяуда өндіріс орны ғимаратының капсуласы салынғаны белгілі. Жобаның жалпы құны 77,0 млрд теңге болса, биыл 19,2 млрд.теңгені игеру жоспарлануда. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жоба да Белес ауылдық округында жүзеге асуда. Мұнда "Арыстанов" шаруа қожалығы жалпы құны 2,3 млрд. теңге болатын сүт-тауарлы ферманың құрылысын жүргізуде. Бүгінгі күні шаруашылықпен шетелден 99 бас асыл тұқымды сиыр сатып алынды. Көктемде облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі осы сүт-тауарлы ферманың құрылысымен танысып, жоғары бағалаған еді. Ал қосымша техника сатып алу 3453,0 млн., сауда және қызмет көрсету саласындағы жобалар 5874,0 млн. теңгені құрап отыр. 1 қазандағы жағдай бойынша Бәйтеректе негізгі капиталға тартылган инвестиция көлемі 30402,8 млн теңгені құрады (111,3%, өткен жылы 25445,1 млн.тенге болған).
-Мемлект басшысының 2025 жылдың сонына дейін халықтын таза ауыз суға қол жетімділігін 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне қосу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ауданда тұрғындарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуі 88,14%-ды құрайды (68 елді мекеннің 39-і қамтамасыз етілген). Қазіргі таңда 2687 тұрғыны бар Ақсу, Жалын, Кирсанов, Кіші Шаған, Озерное, Садовое, Чувашин секілді жеті ауылға ауыз су құбыры тартылуда. Жалпы сомасы 4 088,3 млн. теңге болатын құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауы керек. Ал 517 адам тұратын Богатск, Скворкин, Спартак, Ақбибай, Горбунов, Сырым батыр) сияқты 6 ауылға КБМ қондырғысын орнатылды. Осы жобалар жыл соңына дейін іске асқан жағдайда тұрғындарды сумен қамтамасыз ету 99,9% көрсеткішке жетеді,-деген Марат Лұқпанұлы.
Биыл да Бәйтеректе құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Осы жылы аудан бойынша құрылыс-монтажтау жұмыстарына 7 424, 7 млн.тг бөлінген. «Біздегі біраз ірі ауылдарда мәдениет үйі жоқ,-деді Марат Лұқпанұлы.-Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында төрт ауылдық округ орталығында мәдениет үйлерінің құрылыстары жүруде. Бұл тек клуб емес, онда спорт зал, кітапхана болады. Қазіргі таңда жоба құны 562 млн. теңгені құрайтын Щапов ауылдық клубтың құрылысы аяқталды. Көшім, Макаров және ҚПО б.в. қаражат есебінен салынып жатқан Достық ауылдарындағы дәл осындай нысандардың қабырғалары қаланып, инженерлік желі тартылып, сыртқы жұмыстар жүргізілуде. ҚПО б.в. Дариян ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын да қаржыландыруда. Дариянда жобалық құны 207,5 млн. теңге болатын блокты-модульді кәріз-тазарту ғимараты да салынуда. Аудан орталығындағы сот ғимараты апаттық жағдайда деп танылуына орай Переметныйда жаңа сот ғимараты бойкөтеріп жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Салынып жатқандар ішінде ауылшаруашылық нысандары да жоқ емес. Мәселен, Махамбет пен Январцевтағы мал қорымдары да бар. Одан бөлек Чиров ауылындағы Малая Быковка өзенінің бөгеті қайта жаңартылды. Таяуда Бейбітшілік ауылында жаңа ветеринарлық пункт ашылды. «Келешек мектептері» пилоттық жобасымен Байқоныс ауылында 600 орындық, Достықта 1200 орындық мектептерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгені белгілі. Жаңа мектеп демекші, Үлкен Шаған, Володар ауылдарында білім ұяларын салуға конкурс өткізіліп, мердігерлер анықталды. ҚПО б.в. қаражаты есебінен Озерный ауылында мектеп салу жоспарлануда. Биыл сонымен қатар кезекте тұрған әлеуметтік осал тобындағы азаматтарға 8 ауылда (Белес, Егіндібұлақ, Зеленый, Красноармейск, Кұрманғазы, Сұлукөл, Чиров және Шалғай) 62 пәтердің құрылысы аяқталып, оларды мемлекет тарапынан сатып алу үрдісі жүргізілуде. Қазіргі таңда олардың 38-і 701,5 млн.теңге сомасына сатып алынды».
Брифинг барысында сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.
Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы