Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың Белес ауылында өткен кезекті есептік кездесуі барысында ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту, жұмыссыздықпен күрес, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды.
Округте былтырғы есептік кездесуде күн тәртібіне қойылған жол және жарық мәселелері бүгінде өз шешімін тапқан. Ауылдың бірнеше көшелерімен қоса округке қарасты Ақжол ауылында көше жарығы орнатылып, қуаттылығы жоғары трансформатор іске қосылыпты. Белес-Переметный тас жолы бойына аялдама тұрғызылып, көптен күткен күрделі мәселе ауылды Орал-Саратов күре жолына қосатын 8 шақырым жол жөнделген. Бұл жайында округ әкімі Мәлік Ильясов өз баяндамасында айтып өтті.
Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округ көлемінде қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда ауыл азаматтары қысқа мерзімді оқуларға жолданып, тұрақты жұмысқа орналасуда. Тұрғындар қоғамдық ақылы жұмысқа тартылып, жекелеген азаматтар «Жастар тәжірибесі» бойынша мектептен тәжірибе алуда.
Өткен жылы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келген жастардың біразы баспаналы болған. «Бастау бизнес» бағдарламасы шеңберінде 11 ауыл азаматы грант иеленіп, кәсіп ашқан.
Бүгінде ауылдағы Жағалау, Мерей көшелеріндегі үйлерге ауыз су өткізу және Разъезд, Кардон елді мекендерін газбен қамтамасыз ету мәселесі қолға алыныпты. Сонымен қатар ол жаққа қосымша электр жарығын жүргізу жұмыстары да басты назарда.
Мәлік Азаматұлының баяндамасынан кейін сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов аудан бойынша жыл бойына атқарылған жұмыстарға тоқталып, пандемия кезінде аудан тұрғындарына елдігін көрсетіп, аурумен күресте алдыңғы шепте болған азаматтарға ризашылығын білдірді.
- Өткен жыл еліміз үшін өте қиын болды. Әлемде тараған вирус салдарынан көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелермен бетпе-бет кездесуге тура келді. Алайда осыған қарамастан еліміздің тұрғындары, кәсіпкерлер, медецина мен білім саласының қызметкерлері жұмыла атсалысып, орнаған жағдаймен әлі де күресіп келеді. Ендігі кезекте алдағы жылға жоспарлар құрылып, өзекті мәселерді шешу жолында жұмыстарға дайындық басталды, - дейді М.Тоқжанов.
Кездесу соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарының мал жайылымы мен техникалық суға байланысты т.б. пікірлерін тыңдады.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz