1.06.2020, 15:09
Оқылды: 30

Берешектен бас сауғалауың бекершілік

«Президент беретін ақшадан төлерміз...»

Жаман індет салдарынан елде жарияланған төтенше жағдай жеке секторда қызмет ететін көптеген жанды нәпақасыз қалдырғаны аян. Алайда мемлекетіміз бұл жандарға қолын созып, ең төменгі жалақы көлемінде көмек берді. Асып-тасымағанмен күнделіктісіне қажетті азығын алып, тиісті төлемдерін өтесін десе керек. Кейін әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жататын жерлестерімізге коммуналдық төлемдерін өтеуге қолғабыс болатынын жеткізді. Президентіміздің осы бір жеңілдігін жалау қылған кей ауылдастарымыз өздерінің игілігіне пайдаланған жарық пен судын төлемін өтеуге ықылас танытпауда. Жауапты мамандардың: «Сіздің сәуір айындағы коммуналдық төлеміңіз төленбеген. Мамырдың соңы болса болып қалды. Сондықтан тездетіп төлесеңіз», - деген өтінішіне:

– Президент коммуналдық шығындарға 15000 теңге берді ғой. Содан алсаңдаршы, - деп жауапсыздық танытқандары мамандарды шарасыз күйге түсіруде.

A8D7E6B2-5DC3-46A3-8E42-3E1F24243A78

Айтпақшы, Бөкей ордасы ауданы тұрғындарының 1048-і осы шығындарға арналған 15 000 мөлшеріндегі тұрғын үй жәрдемақысын алатындар санатына кіреді. Сол 1048-дің 422-сі аталмыш қаржыны алуға өтініш білдіріпті.

Өздері пайдаланған игіліктің төлемін өтеуді мемлекетке жүктемек болу жайттары аудан орталығында да, сонау Саралжында да орын алуда. Бірі мамандардың сөзіне тоқтап, түсіндіруіне құлақ асып, төлемдерін өтеп жатыр. Енді бірі айтқанынан қайтпай, жеңілдіктің өзіне тиесілі не тиесілі еместігін анықтамастан мемлекет мойнына іліп қоймақ. Үкімет берген көмекке қолын жайған жерлестің бәрі бірдей соған қарап отыр ма? Олай болса, бұл жәрдемақы берілмес бұрын сол жандар осы коммуналдық шығындарын қалай өтеген деген заңды сұрақ туындайды. Тиісті сала қызметкерлерінен анықтағанымыздай, төтенше жағдайға дейін тұрғындар төлемдерін уақтылы өтеп жүрген. Тіпті аса бір төлемнен жалтарып, бой тасалап жүрген жерлестеріміз де жоқ екен. «Коммуналдық төлемдерді төлеуде бөкейліктер намысқа тырысады»,- дейді аудан нотариусы Тоян Уразова. Еске сала кетелік, былтырдан бері коммуналдық төлемді төлемегендерден өтеу ісін қарау аудан нотариусына жүктелген.

– Негізінен бала кезімізден «ұят болады» деп өскен ұрпақтың тұяғымыз ғой. Коммуналдық берешегі молдар қалада көп болса, ауылдарда некен-саяқ. Бір-бірін таниды, «қарызы бар екен» деген қарғыбау ілгісі келмейді. Сондықтан да шығар коммуналдық төлемнен жалтарып жүргендер жоқ деп айта аламын. Енді қоғам болған соң түрлі жағдайлар кездесетіні анық. Көпқабатты үйдің бір пәтерінде тұратын сайқындық азаматымыз үйіме істелген жөндеу үшін тиісті төлемді төлегісі келмейтінін келіп айтқан еді. «Менен ешкім сұраған жоқ. Шатырдан су кетсе, шаруам қанша? Өзім бірінші қабатта тұрамын. Шатыр жөнделсе, сол жоғарғы қабаттағылар бөліп төлесін» деп тіресіп бақты. Аудандық сот төрайымымен бірлесе жүргізілген түсіндік жұмыстарының нәтижесінде бұл дау өзара шешімін тапты. Тараптар келісіп, арыз беруші үйінің жайлылығы үшін жөндеуге жұмсалған қаржыны өтеуге уағдаласты,- дейді нотариус.

Ұққанымыз, егер де баспана иесінің берешегі болса, ол үйге қатысты құқықтық шаралар жүргізілмейді екен. Демек, үй иесі коммуналдық төлемдерін төлемесе немесе өтелмеген басқа да айыппұлдары болса, онда бұл тұрғын үйге қатысты мұраға қалдыру не сату-сатып алу ісі жүзеге аспайды. Ал үй иесінің берешегі тұрғын үй тіркелген орталық базада бірден көрініп тұрады.

– Бірінің кесірі біріне тиеді ғой,- дейді «Орда» МКК басшысы Аян Бисембаев, - төтенше жағдай уақытында алажақ төлемнің қордалануы себепті қызметкерлеріміздің жалақысын төлесек те, қажетті керек-жараққа қаражат жетіспеуі байқалуда. Өйткені біздің мекеме түскен түсіммен жұмысын алға бастырып отыр. Аудандағы абонент саны - 996 үй. Наурыз, сәуір айларына соның 427 абоненті 541 989 теңге төлеу керек. Төтенше жағдай тоқтатылғаннан бері берешегін өтеу қарқын алуда. Мәселен, осыдан үш күн бұрын тұтынушылардан алажағымыз 730 мыңның шамасында еді. Өзіңіз байқап отырғаныңыздай, сең жүре бастады. Бес саусақ бірдей емес демекші, осы тұтынушылардың арасында бірнеше рет берген ескертуге құлақ аспай, жігіттеріміз енді суды тоқтатамыз деп тығырыққа тірегенде шыж-быж болатын белгілі бір абоненттеріміз бар. Осы абоненттеріміз әлсін-әлсін «ақшам жоқ» деп, тәмам суды тоқтатуға келгенде ақшалы боп, қарызын өтеп жатады. «Бәрібір төлейтін төлемін артынан кісі сабылтып, пәлен рет телефон шалғызбай-ақ, төлей салмай ма екен?» деп ойлаймыз. Біз де абоненттің жағдайымен санасамыз. Осы күнге дейін төлемін төлеп, еш қарызы болмаған абонентіміз қиындыққа тап болып, төлем жасамай жатса, жағадан алмаймыз, - дейді Аян Шаймарданұлы.

Айтса, айтқандай. Төлемі көп кешіккенге су берілуі тоқтатылады. Қайта қостыру үшін 2 778 теңге төлеуің керек. Артық ақша шығарып, шығынданғанша, төлеміңді уақтылы төлеп тұрған абзал.

Қызметтік үй – мұраға қалған үй емес

Соңғы онжылдықта аудан орталығында үйлер саны көбейіп, қызметтік үй, ипотекалық үй дейтін өзгеше бір шағынаудан да қалыптасты. Сол шағынауданда қызметтік үйді мұраға берілген үйдей, тегін, пошти тегін тұрғысы келетін де ағайын бар.

27DBED9A-F6B7-419C-82AA-953E3F314855

– Қазір ауданымызда пәртерақысы жергілікті бюджет қоржынына төленетін 116 үй бар. Арасында жалдамалысы да, ипотекалық несиеге рәсімделгені де, қызметтік баспана да бар. Күні бүгінге 25 үй тұрғынымыздың бюджетке 600 мыңға жуық берешегі бар. Әрқайсысымен жасалған келісімшарт негізінде пәтер тұрғыны екі айдан астам уақытта тиісті төлемін төлемесе, баспананы босатуды талап етуге құқылымыз. Десе де, шиттей балалары бар ғой деп қаржыдан қиналып жатса түсіністік танытып жатамыз. Ал есепті мерзімнен асып кетсе, оны тиісті жерлерге тапсыруға мәжбүрміз. Азаматтарымыз төлемдерін төлемейміз деп бас тартпайды. Алайда созбақтап жүре береді. Тек салық басқармасы, прокуратура не сотта істері жарық етсе, бұл жауапкершілігі есіне түседі,- дейді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жасұлан Мұхитов.

Қайта-қайта қоңырау шалып, «төлем жасаңыз» десек тықақтаған үй қожайыны сияқты көрінерміз. Төлем жасамай отырған пәтер иелерін жылы жауып жүре берсек, ол біздің жұмысымызға сын. Жауапсыздықты жасыру сыбайластық қылмыс деп те саналуы ғажап емес дейді сала мамандары.

Адам жақсылықты жадында сақтай бермейді. Кезінде әр үйдің босағасын сағалап, пәтерден-пәтер ауыстырып, көшіп жүрген жандар  мемлекеттен берілген баспананың айлық төлемін бірнеше айға дейін созып, сот алдына дейін жеткен. Биылдың өзінде осындай екі іс құзырлы органға жолданған. Бір қызығы, олардың тұрақты, тым-тәуір жалақы алатын қызметтері бар, төлеуге қаржысы молынан артылатын жандар. Солай бола тұра, міндетіне селқос қарайтынын қайтерсің?..

Тіпті сол тұрақты табысы жоқтардың өздері мемлекет көмегінен қағылып жатқан жоқ. Біріне зейнеақысын, біріне жәрдемақысын, басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеуде. Жұмыс та беруде. Еріктілеріміз де өз тарапынан азық-түліктен көмектерін ұсынуда. Қайырымды жандардың көмегімен қажеттіліктері өтелуде. Рақметін жаудырған  ол жандардың қанағатқа қарын тойдырар күні қайсы?!

Тамаққа пышақ тақалғанда жан ұшырып қажетті қаржыны тауып, «Қазпоштаға» бет алатыны қай сасқаны? Мемлекеттің әр тиыны қадағаланатыны бесенеден белгілі. Берешектен бас сауғалаудың бекершілік екенін түсінсек игі.

Раушан Жанатқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале