11.09.2017, 16:56
Оқылды: 42

Березовтықтардың көші Аралталға қоныстанды

Борли Березовка көшу   Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын Ақсай қаласына көшіру мәселесі ерекше назарда. Былтыр қолға алынған ауқымды жоба еш қиындықсыз іске асуда. Қос ауылдан 46 отбасы жаңадан бой түзеген Аралтал шағынауданына қоныс аударды.

   Таза ауа, жаңа үй, жайлы мекен. Аралтал шағынауданына көшіп келгендер жағдайларының жақсарғандығына қуанышты. Салқын түспей аулаларын абаттандырып, қосалқы нысандардың құрылысын бастауға кіріскен. Енді олар жаңа өмірдің басталарына сенімді. Әр тұрғынның жүзінен қуаныштың лебі сезіледі. Мәселен, Базаркиндар отбасы қала орталығына осыдан екі апта бұрын көшіп келді. Бүгінде заттарын реттеп, жаңа мекенді жайластыруда. Ұзақ жыл медбике болып қызмет еткен Зинаида Базаркина қартайған шағында өмірінің жақсы жаққа өзгергеніне риза.


         «Біздің үш баламыз бар. Березовта қызымыз қалды. Үйіміз өзімізге қатты ұнайды. Таза, жарық. Жаңа үйге барлығын жаңаладық. Жаңа жиһаз сатып алдық. Біз үшін жаңа өмір басталғандай. Туған ауылымыздан гүл әкеліп егіп қойдық. Ауылымызды қимаймыз. Бірақ жаңа мекеніміз көңілімізден шықты. Ауасы да таза. Ауылдағы көршілерімізбен осында да көршіміз. Барлығына аналық алғысымды білдіремін», - дейді ол.

         Жылқайдаровтар отбасы - аудандағы берекелі шаңырақтардың бірі. Құтты жерге қоныс аударған отбасы туған ауылын қимаса да, жаңа жерде шаңырақтарының берекелі боларына сенеді.

         «Алпыс жыл Березовта тұрдық. Ауылдың өркендеуіне бір кісідей үлесімді қостым. Туған ауылдан қоныс аудару ешкімге оңай соққан жоқ. Дегенмен бізге жасалған жағдайға, берілген баспанамызды көріп, марқайып қалдық. Жаңа жерде біз үшін жаңа өмір басталғандай. Ауламызға гараж бен қора салуға кірісіп кеттік. Қоңсымыз құтты болғай деп тілейміз», - дейді Сайын Жылқайдаров.

         Қоныс аударған халықтың қамы үшін, шағынауданда 300 орындық мектеп салынуда. Нысан құрылысы өткен жылдың тамызында басталды. Алдымен жауынның көп түсуінен жер құрғамай, кейін техникалық шешімдермен құрылысы біраз тоқтап қалды. Бірақ құрылысқа жауапты мердігер қазан айынының ортасында нысанды тапсырамыз деп отыр. Учаске басшысы Василий Хасановтың айтуынша, заманауи жабдықтармен қамтылатын типтік үлгідегі мектептің жалпы құны  800 млн. теңге.

         Тамыз айынан бастап Березов пен Бестау ауылдарын көшіру жұмыстары қолға алынды. Аралталдағы жүз үйдің құрылысы толығымен аяқталып, өз қожайындарын күтуде. Жетпіс жеті баспананың кілті иелеріне табысталып, әзірше қырық алты отбасы қоныс аударды. Баспанадан бөлек Аралталда сегіз шақырым жол салынды. Көшелер жарықтанып, тротуарлар төселді. Комуникациялық жүйелердің барлығы да тартылды. Одан бөлек әр отбасына өтемақы төленетін болады.

         «Тұрғындарға шаруашылық нысандары, жеміс ағаштары мен бау-бақшаларына өтемақы төленеді. Бүгінде тұрғындардың барлық заттарын бағалау аяқталды. Келісілген шартқа сәйкес, тұрғыдар өтемақыларын алады. Бүгінгі таңда 64 тұрғын өз қаражаттарын алды», - деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Өтегенов.

   Сонымен қатар тоғыз қабатты қос үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде әрлеу және абаттандыру жұмыстары қатар жүруде.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале