4.03.2025, 16:33
Оқылды: 276

Берлинге жетіп тоқтаған

Ұлы Отан соғысының ардагері Аққужин Сағын Сұлукөл селолық кеңесінде 1913 жылы дүниеге келіпті. 7 кластық біліміне қоса 6 айлық бухгалтер курсын бітіріп алған елгезек жігіт Петропавл қаласындағы осындай мектепті де тәмамдап шығады. Одан әрмен Сағын Свердлов қаласындағы әскери-саяси училищесін жеделдетілген үрдіспен аяқтаған тұста әскерге шақырылады.

WhatsApp Image 2025-03-04 at 17.24.17

Бұл кезде Ұлы Отан соғысының нағыз қайнап, кеңес әскерлерінің майдан даласында өз ойын тәртібін жүргізіп тұрған тұсы еді. Соғысқа араласқан ол Проволжье әскери округі командирінің саяси үгіт жөнінен орынбасары болады. Қаруластарымен бірге қан майданда етігімен су кешіп, қыстың қатты аязына шыдас беріп келе жатқан жас жауынгерлің бұл әбден ысылып алған шағы еді. Фашистің қанды тырнағынан елдімекендер мен қалаларды азат ете жүріп, ерліктің үлгісін көрсете білді. 61 жаяу артеллериялық дивизионында, 51 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында, 3-ші Беларусь майданындағы «Су-76» батареясының командирі, 1-ші Украин майданының «Су-76» батареясының батарея командирі лауазымдарын қоса алып жүрген Сағын Аққужинді майдандағы жолдастары ерекше сыйлып, өздеріне үлгі тұтқан екен.

Соғыс даласындағы ерліктері елеусіз қалмай 1945 жылдың 21 ақпанында І дәрежелі «Отан» соғысы орденін, сол 1945 жылдың 23 сәуірінде ІІ дәрежелі «Отан» соғысы орденін кеудесіне тағады. Бұған қоса «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады. Кеудесіне тағылған әр медальдың артында соғыс жауынгерінің көзге көрініп, көрінбей жатқан қаншама ерліктері бар екені сөзсіз еді.

Жауды түре қуып Берлинге жақындап, Жеңіс күніне қол созым жер қалғанда 30-шы сәуірде сол аяғынан жеңіл жарақат алады. Осы жерде Ұлы Жеңісті майдандас достарымен бірге қарсы алған ол запасқа тек 1946 жылы шығарылып, елге қайтады.

Елге келген соң өлім мен зор қиындықтарды басынан өткерген Сағын үшін ел еңсесін көтеру үшін білек түре жұмысқа кірісіп кету үлкен жауапкершілік болатын. «Красный партизан» колхозында есепші, Правда ауылында Шыңғырлау аудандық халық депутаттары кеңесінің инспектор өкілі ретінде жұмыстар атқарып, белсенділігімен іске деген шынайы жауапкершілігімен ерекшеленеді.

Сағын Аққужин туған жерде еңбек ете жүріп келер ұрпаққа қанқұйлы соғыстың ауыртпалығын естелік етіп айтып, еліне, халқына бейбіт өмір тілеген адал тілекпен өмірден озған еді.

Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале