Сонау бір жылдары, қан-қасап қырғыннан бірі қолынан, бірі аяғынан айырылып келген майдангерлер, қойнындағы қосағын, жан дегенде жалғыз ұлын жауға беріп аңырап жүрген аналар ортамызда жүргенде «Қарғыс атқан соғыс салған жазылған жоқ жара әлі, Сүйген жарын күтуменен күн өткізген жар әні. Жүр мінекей, арамызда аза шеккен аналар, Жүр мінекей, арамызда жауынгерлер жаралы» - деп жазған едім. Уақыт не деген жүйрік-десеңші. Одан бері де қырық жыл өтіпті. Міне, сол бір сұрапыл шайқастың куәгерлері де арды ойлаған қайран аналарымыз да арамызда жоқ.
«Отты күндер ағартты ғой самайын сан ананың,
Әр үйден мен соғыс салған жараны әлі табамын» - деп те толғанған едім.
Сол самайы ағарған, майданға аттанған бес ұлының біреуінің маңдайынан иіскеуді тағдыр жазбаған ана Мәстексай ауылының тұрғыны болған Халима Жақашева кейуана еді. Халима әжей жиырмаға жетер-жетпес жасында, 1893 жылы Қараөзеннің бойындағы Жорта елді мекенінде Жақия деген ауқатты адамның Жақаш деген баласына тұрмысқа шығады.
Осы жерде бір қызық жәй бар. Атақты күйші Дина әжеміз атасының атын айта алмай, құжатқа жолдасының ныспысымен түсіп кеткен ғой. Халима әжей де атасының атын атамай, тегі жолдасының есімімен аталып кеткен сыңайлы. Жақаш атамыз бен Халима әжеміз өмірге бес ұл, екі қыз әкелген екен. Амал не, бес арысы неміс-фашист басқыншыларына қарсы майданға аттанып, біреуіне де туған жерінің топырағын қайта басу бұйырмады. Ұлдары: Жангерей, Хангерей, Сәлімгерей,
Дәулеткерей, Әлімгерей, екі қызы Мәнен, Мәстура.
Сәлімгерейден «қара қағаз» алды, Хангереймен Әділгерейден «хабарсыз кетті» деген дерек келген. Ал Жангереймен Дәулеткерейден мүлдем мәлімет жоқ.
Сөз арасында айта кетейін, анамның туған ағасы Бақытқали Бекмұқановтың 1942 жылы майданға аттанғаны жөнінде аудандық әскери комиссариатта құжат бар, одан кейін қай майданға түсті, қай жерде соғысты ешқандай хабар жоқ. Ол кезде жаңақалалықтар майданға қазіргі Саратов облысының Александров-Гай станциясынан аттанған. Ал бұл аймақ жаудың нысанасында болған. Ойлаймын, жауынгерлер тиелген эшалонды немістер майдан шебіне жеткізбей жойып жіберді-ау, - деп. Мүмкін, Жангерей мен Дәулеткерей де жау нысанасына іліккен шығар.
Тірі адам тіршілігін жасайды да. Халима әжей де майдан жаққа құлағын түре жүріп, талмай еңбек етті. Соғыс жүріп жатқан кезде Таймас егіс бригадасында ертеден кешке шейін бел шешпей жүретін әйелдердің балалаларын бағып, ауыл-аймағына «Ақ шеше» атанды. Халима шешей қанша үзіле күткенмен үміті ақталмады. Дәтке қуат Жангерейден қалған Бақтыгерейінің, Хангерейден қалған Болаты мен Жұмазиясының, Сәлімгерейден қалған Мәриясының, олардан тараған немере-жиендерінің қызығын көріп, 1976 жылы 102 жасында немересі Болаттың қолынан бақи дүниеге аттанды. Ал Дәулеткерей мен Әділгерейі жар құшып та үлгермеді.
Қадірлі оқырман! Соғыс ойрандаған бір отбасының тағдыры осындай.
Мақаламды өлең жолдарымен бастап едім, біз де соғыс көрген әкеден жаралып, соғыс көрген аналарды емген ұрпақ өкіліміз ғой. Ендеше, әңгіме түйінін де жыр шумақтарымен аяқтайын.
«... Орындалды сансыз арман жауынгерлер оралды,
Бірте-бірте сергіп көңіл, тұрмыс та сәл оңалды.
Бірақ... бірақ қара қағаз көп көңілді суытып,
О, тағдыр-ай, небір боздақ бейхабар боп жоғалды.
Жоғалды ма, жоқ ешкім де айта алмайды олай-деп,
Айта алмайды күйік көңіл жоғалтқанын сұрай кеп.
Келед жасап бізбен бірге, жасай бермек мәңгілік,
Бал-бұл жанып, өрімдей боп, нұрлы өмірге шырай беп».
Иә, Халимадай асыл ананың аяулы бейнесі де ұрпақтарымен бірге жасай бермек.
Закария Сисенғали,
Қазақстан жазушылар және Журналистер одағының мүшесі