Бір тудың астында бір үйдің бауырларындай күн кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің бірі – украин халқы. Украиндықтардың алғашқы тобы Қазақстанға өткен ғасырдың 60-шы жылдырда келді.
Украиндықтардың басты шаруашылық кәсібі егіншілік болды. Патша үкіметінің шаруалардың қоныс аударуына қаншалықты отарландырушы сипат беруге тырысқанына қарамастан, украиндықтар мен жергілікті қазақтардың арасында достық, тіпті туыстық қарым-қатынастар қалыптаса түсті. Оған дәлел менің отбасым. Менің ата-анам да Украинадан 1956 жылы көшіп келген. Сөйтіп Бөрлі ауданының бұрынғы Бестау ауылы олардың құтты қонысына айналды. Құтты мекенде,1961 жылдың 8 наурызында мерекеге сыйлық болып мен өмірге келіппін. Ата-анам украин болса да менің тілім қазақша шықты. Өйткені кішкентай ауыл тұрғындарының дені қазақтар еді. Сөйтіп мен жергілікті жердің тілін үйрендім. Салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойыма сіңіріп өсірдім.
Әсіресе қазақтың бесікке салу дәстүрі қатты ұнайды. Расында бұл дәстүрде қаншама мән-мағына бар. Қазақтың ұлттық тағамдарын пісірген ұнайды. Былтыр Ақсай қаласындағы балабақшалардың бірінде жиеніммен ұлттық тамақтар дайындау жарысына қатысып, біз жасаған құрт байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алған еді. Кейін Оралда өткен сайыста да бірінші орын алдық. Бұл біз үшін зор мақтаныш.
Өзім 10 жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Бесағаш ауылындағы 8 жылдық мектепке жұмысқа кіріп, осы ауылдың жігітіне тұрмысқа шықтым. Сырттай Орал педагогикалық училищесін тәмамдап, бастауыш сынып мұғалімі болып сол мектепте аянбай 30 жыл жұмыс атқардым. Одан кейін тұрғындарының ауылдан жаппай көшуіне орай бала саны азайған соң мектепті жауып тастады. Бірақ мен жұмыссыз қалмадым. Бесағаш селолық клубының меңгерушісі етіп тағайындады. Сол клубта 11 жыл жұмыс атқарып, 2020 жылы қыркүйек айында зейнетке шықтым. Осылай 41 жыл Бөрлі ауданында қызмет еттім. Әрине аудандық білім беру бөлімі мен мәдениет бөлімі басшыларының атынан алған алғысхаттарым, құрмет грамоталарым көп-ақ. Бұл әрине еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. 2020 жылы зейнетке шыққанда «Бөрлі ауданына 85 жыл» медалімен де марапатталдым. Қазір жолдасым Анатолий екеуміз зейнеттің рахатын көріп, үш ұл, бір қыздан жеті немере сүйіп отырмыз. Біз қазақ жерінде туып өскесін қазақ халқының салт дәстүрлерін сақтаймыз. Көрісу күні, Наурыз мерекелерін отбасымызбен тойлаймыз. Өйткені, ол біздің Отанымыздың мерекесі. Ал Алғыс айту күніне орай қазақ жерінде тұратын халықтарға ең бастысы зор денсаулық, жақсылық, аманшылық, аспанымыз ашық, тыныштық, сәлеміміз дұрыс болсын дегім келеді.
Людмила Чермашенцава,
Бөрлі ауданының тұрғыны