12.12.2019, 11:11
Оқылды: 48

Бет жүзіңіз сұлу, денеңіз шымыр болсын десеңіз...

Beauty индустрия, яғни, бет косметологиясы тек қалалықтарға ғана тән емес. Шалғайдағы ауыл тұрғындары, әсіресе, нәзік жандыларымыз үшін де бұл саланың қызмет түрі қолжетімді бола бастады. «Берекелі бибілер» айдарының бүгінгі кейіпкері Айнұр Ғұмарованың аталмыш кәсіпке қадам басқанына  бес жылдан асыпты.

orda

Сайқындық Айнұр Ғұмарова 2014 жылдан бері бет косметологиясының ұңғыл-шұңғылына жақсы қанық. Оның осы салаға бет бұруына декоративті бояулардың, тері күтіміне арналған косметикалық жиынтықтардың құрамына, сапасына ерекше қызығушылық танытуы сеп болыпты. Сөйтіп, Орал қаласындағы «Альбина» сұлулық салонынан косметологияның қыр-сырын үйренуге ден қояды. Оралдық косметологтармен бірлесе тәжірибе алмасуы арқасында бетті тазарту мен емдеудің сан алуан заңдылықтарын біліп шығады. Бұнымен шектелмей, Алматы қаласындағы «Beaty Pro» сұлулық салонында қосымша біліктілігін артырып, жеке косметологиялық кабинетін ашу үшін арнайы құрал- жабдықтарын да арқалай келеді. Сүйікті кәсібінің іргетасы Жаңақала өңірінде қаланып, жергілікті қыз-келіншектерге әлі күнге дейін өз қызметін көрсетуді тоқтатқан емес. Ал Сайқын ауылында осы жылдың наурыз айында ғана косметологиялық кабинет келушілерге есігін айқара ашты.

-Несін жасырайын, сайқындық әйелдер косметологтың көмегіне жиі жүгінеді деп айта алмаймын. Мүмкін бұндай орталықтың бар екенінен хабарсыз болар. Әйтсе де, тұрақты келушілерім де жоқ емес. Бастысы косметологиялық  шаралардың көмегімен олардың бет терісі жаңарып, ажарланып, өңдері тегістеліп келеді, - дейді.

 Беттегі саңылаулар (поры) 28 күн сайын жаңарып тұрады. Сондықтан жақпа майларды үш ай тұрақты түрде тұтынған дұрыс. Бұл косметолог мамандардың ұдайы кеңесі.

 - Бет терісі құрғақ, майлы, аралас болып  келеді, яғни, әрқайсымыздың теріміз түрліше деген сөз. Құрғақ терінің қабығы қабыршықтанып, сыртқы температураның әсерінен бірден тырысып қалады. Сондықтан, күн салқындай бастағанда міндетті түрде ылғалдандырғыш маска, кремдер қолдануы керек. Майлы теріде гармондық өзгерістің, күйзелістің немесе қуырылған, майлылығы жоғары тамақты тұтынудан саңылаулар көлемі ұлғайып, қара дақтар көбейеді. Термосулардың осындай майлы теріге көмегі зор. Алайда, нақты қайсы брендтің өнімі теріге үйлесетінін біліп алған дұрыс. Аралас, яғни, жартылай майлы, жартылай құрғақ теріде маңдай, мұрын, иек зоналарына ғана май жиналып, қалған бөлігі құрғақ келеді. Сондықтан  бет күтіміне салғырт қарауға болмайды. Далаға шығар алдында жарты сағат бұрын арнайы жақпа майларды қолданыңыз. Жаз айларында күн сәулесінен қорғайтын SPF дозатор, спрейлерді, күнделікті опа-далаптарды, тоналды кремдерді ұқыпты таңдай білсеңіз бетіңізді көптеген жайсыздықтан құтқарасыз. Ең дұрысы жыл мезгіліне сай косметолог маманнан кеңес алып, күтіне білген адам  әрқашан да әдеміленіп жүрері  анық, - дейді бет маманы.

Косметологияда «25-ке дейін», «25+», «40+», «50+» деген сыңды сандық көрсеткіштер бар екені баршаға аян. Адам баласында қартаюдың алғашқы белгілері 25 жасынан байқала бастайды. Әлбетте, әжім біреуге мектеп жасынан түссе, кейбірінің бақытына орай өте кеш түсуі де ғажап емес. Сондай-ақ бет терісінің салбыраңқы көрінуі, өңінің қашуы, бет, мойынға түскен қал, т.б. өзгерістер ұрпақтан-ұрпаққа берілетін генетикалық ерекшеліктер немесе қоршаған ортаның ластануы, құнарсыз тамақ, көңіл-күй тұрақсыздығы секілді факторлардан екендігі анық.

Теріні жаңартып тұру үшін пилинг процедурасын жасатқан пайдалы. Мен пилингтің бірнеше түрін жасаймын. Терідегі ақаудың күрделігіне сай қандай пилинг жасалатындығы және  емдеу курсының ұзақтығы анықталады. Өйткені, бір процедурамен барлық проблеманы бірден жоя алмаймыз. Үздіксіз күтім жақсы нәтиже береді. Акне, безеулердің ізін емдеу үшін мезотерапияның көмегі орасан. Әжімдерден құтылудың түрлі жолдары бар. Ал, жүкті әйелдерге, емізулі сәбиі бар келіншектерге пилинг, т.б химиялық процедуралар жасатуға мүлдем  болмайды. Әйтсе де  ылғандандырушы, нәр беретін маскаларды қолданса әбден болады- дей келе кез келген косметиканы қолданбас бұрын оның мерзіміне, құтының бүтіндігіне,  иісіне, сапасына аса мән берудің маңыздылығына тоқталды. Әлбетте, косметологтың көмегіне жүгіндім деп қаннер-қаперсіз жүруге тағы болмас. Ұйқы режимін бұзбау, күйзеліске бой алдырмау, дене қозғалысын арттыру секілді қарапайым қағидалар  сұлулығыңызды  еселей түсері хақ.

Асылында, адам баласына, әсіресе әйел затына жеті өнер де аздық етеді. Косметолог маманның сіз бен біз біле бермейтін тағы бір қыры бар. Ол еліміздегі «Qazaq Med clinic» медициналық орталығының түлегі. Массаж жасаудың, яғни, денені уқалап-сипалаудың 12 түрін меңгеріпті.

- Айналамдағы адамдардың мойын омыртқасының остеохондрозы, бел, кіндік грижасы т.б ауруларға көп шағым айтатынын байқаймын. Әсіресе, кеңсе қызметкерлері осынау ауруларға бейім келеді. Күні бойына бір орнында тапжылмастан отыра бергеннен денеге тұз жиналып, қан айналым нашарлайды. Массаж жасау арқылы  адам денесіндегі белгілі бір нүктелерді дөп басу арқылы, дертінен айықтыруға сеп болады, - дейді ол массаждың  пайдасын әңгімелей отырып.

Сәбилерге жасалатын массаждың да түр-түрі белгіленген. Кеудеге жиналып қалған қақырықтан арылту үшін ең керегі дренажды массаж дейді кейіпкеріміз.

- Көптеген келіншектер дренажды массажды дұрыс жасай білмейді. Сәбидің денесі жұмсақ, нәзік қой. Кей балалар жылап, мазасызданып, бой бермеуі мүмкін. Осындай кезде шалт қимыл жасаудан сақ болған жөн. Өкінішке қарай, кей тұрғындар массажды жүйесіз уқалап-сипалау деп түсінеді екен. Әсте олай емес. Әр қимыл белгілі бағытпен жүреді. Мына бір жәйтті де аналар қаперлерінде ұстаса екен. Егер баланың дене қызуы жоғары, тұмаумен ауырып, денесін әлсіздік басса массаж жасауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, қан қысымы көтеріңкі адамдарға да массаждың қарсы көрсетілімдері бар. Жалпы айтқанда, массаж сіңірдің созылу икемділігін жақсартып, буынның, денедегі сұйық заттардың қозғалысын арттырады. Кабинетке келгендерге егжей-тегжелі  түсіндіріп беруге дайынмын. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегенге не жетсін, - деген ол әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына 50 пайыз жеңілдік  қарастырылғанын да айтып өтті.

Бет косметологы Һәм массаж шебері Айнұр Ғұмарованың негізгі мамандығы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі екен. Әлбетте, «физруктардың» адам физиологиясы хақында  бізден гөрі жақсы білері сөзсіз. Сондықтан бұл сала да оның оң жамбасына келеріне күмәніміз жоқ.  Алдағы уақытта ҚР массажистер федерациясының  белді мүшесі, білікті  маман Лариса Орынбасаровадан  тәлім алуды көздеп жүр. Зор ізденіс пен шын құлшыныс кез келген маманның шеберлігін шыңдай түседі емес пе?! Аядай ғана ауылда осынау маңызды істі қолға алған жерлесімізге біз де сәттілік тіледік.

Арайлым Есмағұл

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале