24.10.2024, 15:10
Оқылды: 153

Бибігүл Жазықбаева – жанармай тасып, комбайн айдаған ару

Кеңес дәуірі өркендеген кезеңдер көпшіліктің әлі есінде. Мыңғыртып мал өсіріп, дала алқабы бидай-арпамен толқып тұратын. Қаншама адам қолы, қаншама техника тынымсыз жасап жатса да, бәрі де аздық ететін. Себебі қайнаған еңбек ортасы еді.

фото

Әрине, қазіргідей азын-шоғын егістік емес, мыңдаған гектар жер танабына дән себіліп, оны жиып алудың өзі оңайға соқпайтын.

Механизаторлар да, малшылар да үлкен сұранысқа ие болды. Ол кезде аудан орталығындағы СПТУ-7 училищесінде арнайы мамандыққа оқытып, тәжірибе жинақтау үшін алыс ауылдар мен совхоздардың шаруашылықтарына жолдама арқылы жіберетін.

Осындай бір кезеңге Алмаз ауылының тумасы Бибігүл Жазықбаева да (ол кездегі тегі Тажекенова ) тап келіп, өзі сияқты балауса жастармен бірге еліміздің экономикасын көтеруге және ауылшаруашылық саласын мехникаландыру жобасына өзіндік үлес қосыпты.

1969 жылы Алмазный совхозында дүниеге келіп, балалық шақта есілген құмды кешіп, су жағалап, өсе келе ауылдың барлық тыныс-тіршілігін бес саусағындай біліп өскен Бибігүлдің мектеп қабырғасынан түлеп ұшар күні әлі есінде.

1983 жыл болатын. Ауданнан ауылға бір топ мұғалім келіп, СПТУ-7 училищесіне оқуға шақырады. Бибігүл оларды тыңдай келе, өзімен сыныптас тоғыз қызбен ақылдасып, «Неге бізге де мехнизатор немесе автокөлік жүргізуші мамандығын алмасқа?» деген сұрағын қояды.

Сол-ақ екен сыныптағы 21 оқушының тоғыз қыз баласы бірден келісіп, әп-сәтте құжаттарын тапсырады.    

Сөйтіп училище студенті болып шыға келеді. Оқу процесі, жататын орын-жатаханасы да, әрі шәкіртақысы көңілге қонымды болып, барлығы да аталған курсты жақсы үлгеріммен аяқтайды.

Содан кейін Ақсай қаласына барып, қолдарына жүргізуші куәлігін де қуана жүріп алады.

 

«Алғаш көлікке отырғанда, аздап толқу болды, сәл-пәл қуаныш кеудемді кернегендей сезіліп, әйтсе де тез-тез ширап, рульді нық ұстап алдым», - дейді Бибігүл.  

Оқу бітірсе де ең бірінші көлікке отырғызған, ақыл-кеңесін берген жездесі Қобланды Жадиловтың (марқұм) сөздері әлі құлағында. Өмір тәжірибесі мол ауыл адамы: «Көлік айдасаң, өзіңді және көлігіңді ғана емес, жолда келе жатқан автокөліктерге де, сондай-ақ, оның ішіндегі отырған кісілердің алдындағы жауапкершілікті сезіп үйрен, - дейді екен.

Ауылдағы машдвордың алдына келіп қаз-қатар тізілетін көліктерге де, ол кездегі су жаңа келіп жататын небір түрлі трактор, машиналарға үлкен қызығушылықпен қараған. Егін егу науқаны кезінде К-700 маркалы, МТЗ, Белорусс тракторларын да айдап көрдім дейді техниканың құлағында ойнаған ақжаулықты.

Жастық жігері қайнап тұрған, әрі қандай іске жұмсаса да жауапкершілікпен атқара алатындығын көрген басшылық Бибігүл Мақсотқызына бір «бензавоздың» кілтін бірден береді. 1986 жылдан бастап 1988 жылға дейін аудан орталығынан күнбе-күн жүріп, тракторларға арналған жанар-жағу май және автокөліктерге бензин тасымалдау жұмысын абыроймен атқарады. Қиындығы да, қызығы да мол жылдар болатын дейді. Тәжірибелі механизатор мен автокөлік жүргізушілердің қатарында жүріп, совхоздың алдыңғы және қауырт науқандарына қатысады, қайнаған еңбектің ыстығын сезінеді.

Иә, совхоз ыдырап, қаусаған «машдворлар» да есінде. Әйтсе де туған ауылының әлі де тыныс алып,  өзінен кейінгі жерлестерінің  жерін көркейтіп отырғандығы, ұрпақтардың тамыр жайып, мал өсіріп, шаруашылық дамытып, нәтижесінде ауылдың түтіні сөнбегеніне бек риза.

Өмір – ағын. Келін болып, босаға аттайды. Жолдасы Жұмағали Жазықбаевпен отау құрып, армандарын ұштайды. Ата-енемен бірге тұрып, олардың да көңілдерінен шығады. Үйдің барлық шаруасын атқарып отырса да, бұған дейінгі «шоферлық» қызметін кейде қоса атқара салады.  

Әсіресе, мал қайтару, бөшкелеп су тасу, қонаққа немесе дүкенге апарып келу жұмыстары болса Бибігүл кез-келген көлікпен барып, атқара салады. 

Жыл сайын күзгі уақытта жиын-терін аяқталады. Сол кезде совхоз әкімшілігі баршаны жинап, кәдімгідей мерекелік шара ұйымдастырады.

Сондай бір мерекеде совхоз директоры шофер қызға бір жапырақ қағазға жасалған алғысхат табыс етіп, «автокөлік жүргізуші қызымыз» деп марапаттайды. Күні-түні тыным көрмей еңбек еткен жанға бұның өзі үлкен қуаныш.

Жастайынан еңбекті жанына жалау еткен Бибігүл ауылдың барлық науқандық жұмыстарының басы-қасында жүріп, қырманда да, цехтарда да, бригадаларда да тынымсыз жұмыс істеп, барлығын да үлкен жауапкершілікпен атқарған.

Елгезек жанды мектепке де, аспаздыққа да шақырып, тыным таптырмайтын. Жұмыстың қандайы болса да «ауыр-жеңіл» деп қарамай, тыңғылықты атқарып шығуды ғана мақсат тұтады. Қазіргі таңда аудандық «Аманат» партиясының филиалы ғимаратында еден жуушы болып, биыл жетінші жыл еңбек етіп жатыр.  

   

Көлік айдап, мыңдаған шақырымдық қара жолды талай артта қалдырған ақжаулықты Бибігүл әлі де көлікке қарап елеңдеп тұрады. Ауыл жаққа шыққанда рульге еркін отырып, оны өзіне деген сеніммен жүргізеді. Қасына жайғасатын отбасы мүшелері де оны, кәдімгі тәжірибелі жүргізуші ретінде қабылдайтыны анық.  

Иә, көлік айдағандар қазіргі күні таңсық емес, сонда да ала таңнан тұрып, әсіресе сақылдаған сары аязда қол қаритын темір арасында еңбек етіп, ойлы-шұңқырлы жолда Алмаздан ауданға күніне екі рейс жасап, төрт рет барып-келудің өзі, ойлап отырсаң, үлкен ерлік. Темір болған соң, сынатыны бар, ауыстыратыны бар, талай жолда тұрып қалған кезде ағаларының шауып келіп көмек етіп, қамқорлағаны, нәзік жандыларға деген құрмет қой дейді.

Тағы бір оқиға есінде қалыпты. «Күз айы. Жолдағы балшық мидай езіліп, көлікті екі жаққа тартып, әзер келемін. Лық толған цистернаның өзі шайқалып, жүруді қиындатып жібергені тағы бар. Қараңғы түспей тұрып, ауылға жетіп алуды, ертеңгі жұмысқа көліктерге жанар-жағу май апаруды көздеп келемін. Жол шетіндегі сайға түсіп кетпеуді ойлап, қатты мазасызданып келем. Бір уақытта жол шетінде тұрған жүк машинаны көрдім. Ішінен ер адам шығып, көлігімді тоқтатты. Амалсыз тоқтап, сәлемдесем дегенше болмады, машинаға төніп кеп, «Жігітім, тоқта! Артық рутуорың жоқ па?» дегені. Менің басымда кепка болғанымен, құлағымдағы жарқыраған сырғаны көріп, тосылып қалған екен», - дейді естелігін жымия отырып айтқан Бибігүл.

Әрине, мамандықтың бәрі жақсы, жаныңа жақын болса, қандай істе де береке, қайыр бар. Елімізде жыл сайын аталып өтетін көлік қызметкерлерінің күнін Бибігүл де өзінің мерекесі санайды.

Бибігүл бүгінде жолдасы Жұмағалимен тату тәтті шаңырақтың төрінде отырған жайы бар. Өздері сияқты еңбеққор, шаруаға пысық ұлдары Ғабит, Мәжитін, қыздары Жәмиляның, келіні Алтынгүлдің жеткен жетістіктеріне қуанып отырады. Оған қоса үш немересінің бақытты балалық шақтарын тамашалап, тәрбиелі, білімді болуына өздерінің де ықпалдарын тигізуде.                                                                                                                      

Айсұлу Мұса

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале