Бөрлілік балғындар қысқы туризммен айналысқанды жақсы көреді. Балалар туризмі, оның ішінде қысқы туризмнің дамуы анағұрлым жоғары болмаса да, ауданға қарасты Жас туристер станциясының тәрбиеленушілері түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр.
Станция директорының міндетін атқарушы Манас Хасановтың айтуынша, қысқы туризммен айналысып, сабақтан бос уақытын табиғатты қызықтап, өз өлкесін танып-білуге арнағысы келетін балалардың қатары көп.
Ауданда «Ақшақар» шаңғы туризмі жарысы, «Шаңғы бағдары» шаңғымен спорттық бағдарлау жарыстары тұрақты ұйымдасытырылады.
Қысқы мерзімде балалардың бос уақытын ұйымдастыруға мекемеде шаңғы, коньки, тау төбеден сырғанауға арналған балондар (тюбинг) бар.
-Қыс келіп, қар түскеннен кейін қысқы туризм шаралары басталып кетеді. Бұл біздің шәкірттеріміздің асыға күтетін мезгілі. Сондықтан аудан оқушылары мейлінше таза ауада тыныстап, спортпен шүғылдануы үшін жарыстарды мейлінше көп ұйымдастыруға тырысамыз. Биыл қар аз жауды. Дегенмен бұл біздің жас туристтерге еш кедергі келтіріп жатқан жоқ. Мәселен, біздің тәрбиеленушілер облыстық «Ақшақар» шаңғы туризм техникасы жарысынан жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар облыстық «Батыс-West» құрама командасында өнер көрсеткен, Бөрлі №1 мектебі оқушысы Оразбек Базарбаев республикалық жарыстардан жүлделі орындарға ие болды. Балалар жылы аясында «Жыл үздігі - 2022» марапаттау шарасында Оразбек «Үздік жас турист» аталымымен марапатталған болатын. Ал Қостанай қаласында өткен ІІІ республикалық қысқы ауыл ойындарында облыстың құрама командасының қатарында болған Бумакөл МББК оқушысы Батыржан Мұқаш ІІІ орын, Бөрлі ЖОББМ оқушысы Юлия Антонова І орын иеленді (жетекшісі А.Изимгалий). Бұл біз үшін мақтаныш, - дейді Манас Хасанов.
Балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, шаңғымен спорттық бағдарлауды үйрену мақсатында өткен облыстық «Шаңғы бағдары - 2023» спорттық бағдарлау жарысында Ақсу МББК оқушысы Максим Прядко І орынды жеңіп алып (жетекшісі Б.Насыров), республикалық жарысқа жолдама алған. Осы жарыстан Бумакөл МББК оқушысы Альжан Жасланов ІІ орын, Ақсай қалалық №7 ЖОББМ оқушысы Айару Оразалы орта, спринт, ұзақ қашықтықтарына қатысып І, ІІ, ІІІ орындарды жеңіп алған (жетекшілері А.Изимгалий, Т.Ералиев).
Жуырда үйірме тәрбиеленушілері мен жетекшілері балықтарға ауа жіберу акциясын өткізді. Табиғатты қорғауды мақсат ететін акцияға қатысушылар мұз астындағы тіршілік ететін су жануарларына ауа жетуін қамтамасыз ету үшін мұзға ойықтар жасады. Көлдегі мұздың қалың қатуына байланысты қыс кезінде мұзды ойып, қамыс түтікшелер арқылы балықтарға ауа жібеу, балықтарды құтқару жұмыстары алдағы уақытта да жүргізіліп тұрады.
- Біздің станцияның түлегі Нұргүл Амангелдиева республикалық қысқы шаңғы туризмі техникасынан және жасанды жартаста ұйымдастырылған құзға өрмелеу жарысынан жеке қашықтықтарда І орынды бағындырып, спорт шеберіне үміткер дәрежесін алды. Қосымша білім беру педагогтары, жас мамандар Темірлан Кенжемұрат пен Ернұр Мұрат республикалық жасанды жартаста ұйымдастырылған құзға өрмелеу жарысында және қысқы шаңғы туризмі техникасынан өткен көпсайыста байлам қашықтығынан І орындарды жеңіп алып, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін иеленді. Олар бұған дейін де еліміздің бірнеше дүркін чемпион атанған еді. Сонымен қатар Темірлан Кенжемұрат «Жыл қорытындысы - 2022» шарада «Үздік туризм саласының маманы-2022» аталымымен марапатталды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені мамандардың біліктілігі оқушылардың туризмге қызығушылығын арттырып, жетістікке жетулеріне септігін тиігізеді. Бұл бағытта әлі де жұмыстанып, оқытушы-педагогтарымыздың біліктілігін, тәжірибесін арттырамыз, - дейді станция басшысы.
Жуырда білім қызметкерлері арасында өткен облыстық «Европа-Азия 2023» шаңғы туризмі техникасы жарысында Жас туристер станциясының қосымша білім беру педагогтері Т. Кенжемұрат, Т. Ералиев, Е. Мұрат, А. Мақпозов, О. Сарсенова, Ж. Сағындықовалар қатысып жалпы командалық есепте І орынды жеңіп алды.
Аудан атынан шыққан команда «Кросс-жорық», «Байлам», «Техникалық» қашықтықтарынан жүлделі I орын, «Эстафета» қашықтығынан жүлделі II орын, «Үздік туристік фото» мен «Туристік тұрмыс және дағды» байқауларынан жүлделі I орын, сонымен қатар «Үздік ашық сабақ» байқауынан жүлделі III орынды бағындырды. Бұл жарыс шаңғы туризмі техникасын дамыту және педагогтердің спорттық шеберліктерін шыңдау, салауатты өмір салтын насихаттау, педагог кадрлардың біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Жалпы ауданда 3600-дан аса баланы қамтитын 4 қосымша білім беру ұйымы бар. Сондай-ақ жас туристер станциясы мен мектептерде 117 туристік-өлкетану үйірмесі жұмыс істейді. Оларда балалар және жасөспірімдер туризмімен 6 мен 16 жас аралығындағы 1 729 бала қамтылған.
Солардың 150-і Ақсай қалалық №7 мектептің тәрбиеленушілері. Оларға қосымша білім беру педагогі Ақторғын Сапиева мен Тілек Ерғалиевтар жетекшілік етеді. Бүгінде шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Жыл он екі ай балалар туризмнің қыр-сырын меңгереді. Тау туризімін дамыту мақсатында мектепте жетекшілер мен шәкірттердің көмегімен жасанды жартас орнатылған.
Жарыстарға үнемі шығып тұрамыз. Ол балалардың шынығуы үшін, біз үйреткен жаттығуларды пысықтау үшін керек. Әрине, нәтиже көреміз. Жақын күндері «Ақшақар» атты дәстүрлі жарыс өткізіледі. Шәкірттеріміз сол жарысқа қызу дайындық үстінде. Оқушылардың туризм саласына қызығушылығы жоғары. Жалпы елімізде жақсы дамып келе жатқан бұл саланың болашағы зор, - дейді қосымша білім беру педогогі Ақторғын Сапиева.
Расымен аталған сала ауданымызда жақсы деңгейде дамып келеді. Оны көріп, бақылап, жетістіктерді көріп қызықтап жүрміз-ау. Дегенмен, «ауруын жасырған өледі» деген нақылды ұмытпауымыз да керек сияқты. Мәселе, материалдық-техникалық базада. Яғни айтқанда, туристік құрал-жабдықтарды жаңғырту және олардың санын арттыруда болып отыр. Сырғанауға арналған балондар, коньки мен шаңғының тек станцияда емес, әр мектепте болғаны жөн емес пе? Соның ішінде ауылдық мектептерге көптеп берілсе, аталған саланың қысқы түрінің ауылдық жерлерде дамуына қосқан үлесі болар еді. Бөрлілік балғындарға өз Отанының көркем жерлерімен танысу үшін ел іші саяхатын ұйымдастыру да артық етпес еді. Өйткені өзге өңірлердің тау мен тасы, әсем табиғаты оқушыларды осы салаға тереңірек баулыр еді. Еліміз туризмді дамытуға күш салып жатыр. Бұл саланы өркендету кішкентай ғана ауылдағы, аудандағы әсем жерлерді көбірек насихаттау, аудан тұрғындарын осы салаға бағыттаудан басталмай ма?!
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz