Қаратөбе ауданының орталығында, Мұхит атындағы ЖОББМ-нің мәжіліс залында "Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдары, кенттері, ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын өткізу кезінде сайлау үдерісінің құқықтық негіздері және сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру" тақырыбында семинар өтіп, оған аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Семинарды Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының басшысы Азамат Карменов кіріспе сөзбен ашып, сөз кезегін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовқа берді.
- Маусым айының басында, дәлірек айтқанда, 5-інде өздеріңіздің тікелей қатысуыңызбен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде жалпыхалықтық референдум өткені белгілі. Сайлау заңына байланысты көптеген өзгерістер енгізілуде. Алдағы уақытта Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, аудан әкімдері сайланады. Осыған орай сайлауға деген дауыс берушілердің көзқарасы, сайлаудың жүйесі, тәртібі де өзгеруде. Заң талаптарына сай аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін халық білуі керек. Бес жылға сайланған сайлау комиссиялары мүшелерінің атқаратын міндеттері белгіленіп берілуі тиіс. Аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жоспарлы жұмыс атқаруы және олардың күнделікті жұмыс жоспары болуы қажет. Сонымен қатар олардың жұмысы барынша ашық болуы керек, - деген Ғайса Хамедуллаұлы референдум барысында кейбір орын алған олқылықтарға қатысты нақты мысалдар келтіре отырып, егжей-тегжейлі түсінік берді. Алдағы уақытта жоғарыда аталып өтілген кемшіліктердің қайталанбауына, барлығы да Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» конституциялық заңы аясында атқарылуы қажеттігіне көпшіліктің назарын аударды.
Аумақтық сайлау комисиясы мүшелерімен өткен түсінік жұмыстарынан кейін, семинарға қатысушылар алты топқа бөлініп, сайлау кезінде кездесетін түрлі жағдайларға байланысты берілген тапсырмаларды сәтті орындады. Семинар соңында сайлау жүйесінде көп жылдар қызмет атқарып келе жатқан бірқатар учаскелік комиссия мүшелеріне облыстық аумақтық сайлау комиссиясы атынан алғыс хаттар мен семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы