Бүгінгі заманда ауылдардағы білім ордаларының бәсекеге қабілетті болуы маңыздырақ. Бұл ретте білімді ұрпақ қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан да тиісті көңіл бөлінуде. Дейтұрғанмен де кейбір аудандар мен ауылдарда апатты жағдайдағы мектептер әлі де бар. Мәселен, Қазталов ауданында жалпы 40 мектеп болса, соның 3-еуі тозығы жетіп, ал 2-еуі күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Білім ордаларының бүгінгі сиқы айтуға оңай болғанмен, көзбен көргенге қауіпті жағдайда. Қабырғалары сөгіліп, төбелері опырылып, едендері ойылып әрең тұр. Аудандағы 5 мектептің жағдайы осындай.
Күннің райына қарамастан облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова Қазталов ауданына келіп, жарамсыз деп танылған білім ошақтарының жағдайымен танысты. Алдымен күре жолдың бойында орналасқан Сарықұдық негізгі жалпы білім беретін мектебіне аялдап, жүйені көзбен көрді. Мектеп тарихы тереңде жатыр. 1977 жылы салынған ғимаратта 60 оқушы білім алуда. Бүгінде сарықұдықтық ағайынды толғандырған мәселенің түйіні шешіліп, 60 орындық мектептің құрылыс жұмыстары басталып та кетті.
Жоғарыда айтылғандай, жөндеу жұмыстарды қажет ететін мектептердің бірі – Талдықұдықтағы білім ордасы. Аудан орталығынан шалғай жатқан мектепте соңғы жылдары жас мамандар да тұрақталған. Тек бір қыңжылтатыны сырты бүтін көрінген ғимараттың іші күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Білім басқармасының басшысы сыныптарды аралау кезінде ұстаздардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ғ.Молдашев атындағы мектептің де жағдайы осындай.
Ауданнан 130 шақырым қашықтықта орналасқан Жұлдыз ауылындағы Ахмедияр Хұсайынов мектебі апатты деп танылғанмен 113 оқушы әлі білім алуда. Оқу ордасының іргетасы әбден отырып, жаңбырлы күні шатырынан су кетеді.
Батыр ағаның атындағы орта мектеп 1991 жылы салынған. Бүгінде бір сынып бөлмесі асхана есебінен пайдаланылса, спорт зал талапқа сай емес. Әлбетте, бір қуантарлығы 108 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Ал орталықтағы Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылысы келер жылы басталмақ.
Аудан мектептерінің мән-жайына жіті көңіл бөлген басқарма басшысы барлық мәселені бір уақытта шешу мүмкін еместігін айтты.
Жұлдыз Асқар
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер