13.08.2025, 16:30
Оқылды: 533

Білім биігін бағындырған түлектер

2024-2025 оқу жылы ауданымыздың білім саласы тағы бір мәрте қуанышты жаңалықтармен басталды. Жыл сайын дәстүрге айналған Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары мен мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің есімі жарияланып, жас түлектердің өміріндегі маңызды белеске айналды. Бұл сәт ұстаздардың тынымсыз еңбегі, оқушылардың табандылығы мен ізденісі, ата-аналардың мейірім мен қамқорлыққа толы қолдауының жемісі.

image-13-08-25-01-00

Өткен және биылғы оқу жылдарының нәтижелерін салыстырсақ, бір жағынан мақтан тұтарлық өсімдер, екінші жағынан ойлануды талап ететін өзгерістер байқалатынын жасыра алмаймыз.

2023-2024 оқу жылына келсек, Ауданымыздың 259 түлегінің 242-сі (93,4%) ҰБТ-ға қатысып, бақ сынады. Соның ішінде 127 жас (52,4%) мемлекеттік білім грантын иеленді. “Алтын белгі” төсбелгісін кеудесіне таққан 17 түлектің 94%-ы жоғары оқу орнына түссе, үздік аттестатқа ие болған 12 түлек өз білімін дәлелдеді.

2024-2025 оқу жылына келсек, биыл 307 жас мектеп бітіріп, оның 276-сы (90%) ҰБТ сынағына қатысқан. Мемлекеттік грант иегерлері – 134 түлек (49%). “Алтын белгі” иегерлерінің саны айтарлықтай артып, 28-ге жетті, олардың 27-сі (94%) грант жеңіп алды. Үздік аттестат алған 23 түлектің 87%-ы ЖОО табалдырығын аттады.

Биылғы түлектер саны былтырғыдан 48-ге көбейгенімен, грантқа түсу үлесі 3,4%-ға төмендеді. Бұл бәсекелестіктің күшеюі мен ҰБТ талаптарының жоғарылауын көрсететін маңызды көрсеткіш болыр отыр. Әрбір баланың қол жеткізген нәтижесі білім жолындағы қажырлы еңбектің, жігер мен төзімділіктің  айғағы.

Аудан түлектері таңдаған мамандықтар қатарында дәстүрлі және заманауи бағыттар қатар өрілген. Педагогика келешек ұрпаққа білім мен тәрбие берудің алтын кілті болса, медицина адам өмірін арашалайтын мейірім мен жауапкершіліктің символы, ал IT саласы технологиялық дамудың алдыңғы шебі, құқықтану әділет пен заңның қорғаушысы. Бұл мамандықтар жастардың арманын, ел болашағына қосар үлесін айқын бейнелейді.

Биыл кейбір білім ошақтарында мемлекеттік грант иегерлері тіркелген жоқ. Яғни, Қоныс ЖОББМ 6 түлек, оның 3-еуі ғана ҰБТ-ға қатысты. А.Хұсайынов атындағы ЖОББМ – 2 түлек. Дегенмен, бұл тоқырау емес, қайта жаңа белестерге жету үшін сабақ болар кезең. Бұл мектептерде де білім сапасын арттыру, оқушылардың білімге деген ынтасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Биыл ауданымыздың 134 жас түлегі еліміздің әр өңірінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болып, арман жолына нық қадам басты. Бұл – олардың жеке жеңісі ғана емес, ауданымыздың білім беру жүйесінің беделін асқақтатар ортақ жетістік.

 

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале