Ақжайық ауылындағы Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінде «Білімге ұмтылу: еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбында өткен жиын ерекше болды. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының және «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері Ақжайықтың ақшағаласы Ақұштап Бақтыгереева, Батыс Қазақстан облыстық соттар әкімшісінің басшысы Мәлік Кенжалиев ауыл мектебіне арнайы келді. Құрметті қонақтармен бірге жиынға аудан әкімі Тілек Габдушев қатысты.
Алғаш болып сөз алған Ақұштап апамыз толқып тұрғанын жасырмады.
-Қымбатты ауылдастарым, туғандарым, кішкентай бүлдіршіндер! Ұрпақ тәрбиелеп, елдің құрметіне бөленіп жүрген ұстаздар! Сіздерді Білім күнімен шын жүректен құттықтауға келдім. Туған жер, кіндік қан тамған жер, киелі топырағыма сіздерді көрейін деп келдім. Мектеп табалдырығын аттап отырған кішкене бүлдіршіндер менің балалық шағымды еске түсірді. Мен былай деп жазыппын:
«Байланған ақ гүл бұрымға,
Соғады сөмкем тобыққа.
Мектепке келдім шынында,
Үлгермей жасым толып та.
Мұғалім қыз кеп өрімдей,
Күлімдей қақты арқамнан.
Отырдым бойым көрінбей
Аласа ғана партамнан.
Суретін көрем аралап,
Үңілем бейне соқырдай.
«Әліппе» деген ғаламат
Сөмкемде жүрді оқылмай»,- осылай жырлағаным есіме түсті.
Егемен қазақ елінің бақытты ұрпағы, елге қызмет етер болашағы— сіздерсіздер. Қайда жүрсеңдер де туған жер деген киелі ұғымды ұмытпай, елге қызмет жасаңыздар, Менен «жағдайыңыз қалай, қиналып жүрген жоқсыз ба» деп сұраған жандарға:
«Өсірген «елді сүй» деп, арды ойлатып,
Қондырып таңдайға өлең, маңдайға құт.
Даласын, баласын да жырмен тербеп,
Қазақтың қызы болған қандай бақыт!»,- деп жауап беремін, өйткені мен қуанышымның бәрін Ақжайыққа арнаймын,- деп ақ тілегімен қоса өлең-жырдан да шашу шашты ақын апамыз.
Шара барысында аудандық «Ақұштап оқуларының» бас жүлде иегері Шұғыла Қойшығали ақынның «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді!» атты өлеңін оқыды. Алғашқы қоңырау соғу мәртебесі 11-сынып оқушысы Эльмира Аманқосова мен 1-сынып оқушысы Әлижан Дабысовқа берілді.
Салтанатты шара одан әрі мектеп мұражайын тамашалаумен қатар, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның дәріс сыныбында тәрбие сағаты өтті. Сынып сағаты 10 «а» сынып оқушыларына ұйымдастырылды. Ақын ұрпақ тәрбиесі турасында кең көсіліп, баланы нағыз азамат етіп тәрбиелеу мен қазақ қызы жайында тағылымды дүниелер айтты.
- Бұл дәрісханада әдебиет, мәдениет, рухани байлықты алуға болады. Жан дүниеміз кедей болуға болмайды. Қазір кітап оқитын ұрпақ азайып барады. Сендердің замандарың басқа, жарқын болашақ күтіп тұр сендерді.
Менің өлеңдерімнің көбі қыздарға арналған.
«Осал да болма, ойынан оңай адасқан,
Өжет те болма, орынсыз сөзге таласқан!
Алдымен, қызға керегі – пәктік, адалдық,
Сонан соң, жаным, жаз мінез керек жарасқан!» деп басталатын жырымды менің сіңлілерім жаттап өсті. Ондағы айтылар ой қазақ қызының бойынан табылсын деген ниетпен жазылған,- деп бірнеше өлеңін арнады.
Өз кезегінде оқушылар да қызықты сұрақтарын қойды. «Өлең жазуды қашан бастадыңыз?» деген сауалға ақын «мектепішілік газетке жазудан бастадым» деп жауап берді.
-Мектепте сабаққа келмейтін, тазалық сақтамайтын балаларға арнап газетке өлең жазатынбыз. Олар содан ұялып түзелетін. Кейін Алматыға оқуға түскеннен соң «Әкеме» деген өлең жаздым, ол «Жас Алаш» газетіне жарқ ете қалды. Бүкіл Қазақстан оқып, бір ақын қыз пайда болыпты, адамның ішкі сырын қозғаған керемет өлең жазады деп ел ішінде жырларым тарай бастады. Қыздың әкеге деген сыры бұрын айтылмаған деп үлкен-үлкен ақындар көңіл бөле бастады. Ол кезде мен студентпін, содан соңғы курсты аяқтағанда «Өрімтал» атты тұңғыш кітабым жарыққа шықты. Солай өзімнің ақын екенімді сездім және мойындаттым,-деп жауап қатты А.Бақтыгереева.
Дәріске қатысқан БҚО соттар әкімшісінің басшысы Мәлік Сәбитұлы ақынның туған жерді тану туралы сөздерінен соң Ақжайық мектебінің оқушыларына арнап Бөкей ордасы ауданына экскурсия ұйымдастыратынын айтты.
Тәрбие сағаты соңында оқушылар жерлес апаларымен суретке түсіп, естелік сыйлығын табыстады.
Аудан әкімі Тілек Александрұлы өз алғысын білдіріп, оқушыларға ақ жол тіледі.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz