21.01.2023, 13:05
Оқылды: 326

Білім ошағына 70 жыл

Ауданымызда «70 жылдың желкенін көрген – Бөрлі колледжі» атты салтанатты шара өтті. Бөрлі колледжінің құрылғанына биыл 70 жыл толды. Жарты ғасырдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеген оқу орны осындай айтулы шараны жоғары деңгейде атап өтті.

IMG-20230121-WA0016

Мерекелік шара колледж туралы видеомен басталып, Жарқынбек Шынтаевтың колледжге арнаған «Тойбастар» өлеңімен жалғасты. Ең бірінші мерекемен құттықтап колледж басшысы Мұрат Өтемұратов сөз сөйледі: - Бөрлі колледжі - өңіріміздің сұранысты мамандарды даярлауда жемісті еңбек етіп, талай жетістіктерге талмай жетіп, жақсы атымен танылып жүрген оқу орындарының бірі. Сонау тың игеру жылдарында құрылған оқу орнының дамуы оңай болмады. Осы жылдар ішінде басшылық еткендердің бәрі ерен еңбектерімен оқу орнының даңқын арттырды. Бүгінгі күні білім ошағының жастары сапалы білім алуда. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" демекші, білім беретін оқытушылар құрамы да жыл сайын жаңарады, білімге білім қосады. Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, саналы азамат етіп тәрбиелеуде Бөрлі колледжінің алатын орны айрықша. Құрметті меймандар мен әріптестер, баршаңызды атаулы күнмен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Ұжыммен бірге шығатын шыңымыз көп болсын. Мерекелеріңізбен!

IMG-20230121-WA0023

Жиынға Батыс Қазақстан  облысы Білім басқармасының өкілдері Нұрлан Сабиров пен Звайда Гумарова қатысып, колледж басшылығына және ұстаздарға алғыс хаттарын табыстады.

IMG-20230121-WA0028

Сахна төріне мерекенің құрметті қонақтары – ардагер ұстаздар шығып, өздерінің жұмыс жасаған кездерін еске алып, құттықтау сөз сөйледі. Ары қарай мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Кеш айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі, Бөрлі колледжінің түлегі Жарқынбек Шынтаевтың әні мен сөзіне жазылған «Бөрлі колледжі» атты әнұранмен аяқталды.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале