10.04.2025, 16:30
Оқылды: 179

Білім сапасы: қайтсе, қалай көтеріледі?

Бүгін Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов аудандық блім беру бөлімі ғимаратында аталған бөлімге қарасты 14 мектеп пен 9 бөбекжай-балабақша, 3 қосымша білім беру мекемелері басшыларының басын қосқан жиын өткізді.image-10-04-25-01-33  Қызметке тағайындалғанына бір ай көлемінде уақыт өткен жаңа орынбасар бірден бір маңызды саланың аяқ алысымен толықтай таныс болып, әр білім ошағының басшысын жеке тұрғызып, жетістіктерімен таныс болып, мәселелеріне құлақ түріп, жалпы аудан орталығы мен ауылдардағы білім сапасының деңгейін өзінше бағамдап алды.

image-10-04-25-01-33-3

Жамал апаның жырына айналған ауданымыздың білім саласындағы күрмеуі қиын мәселе болып тұрған Ғ.Сарыбаев атындағы орта мектебінің ахуалы еліне жаны ашып тұратын қай-қай азаматтың да жанына батып жүргені хақ. 57 оқушыға білім беріп отырған Талов ауылындағы білім ордасы аудан басшысының арқасында жалпы білім беретін мектеп статусынан айырылмай тұр. Оқушы саны реттеліп, ауыл тіршілігі жанданбас болса, мектеп негізгі тұрмақ, бастауыш мектебі деңгейіне дейін түсіп кетуі ықтимал. Тәуелсіздік жылдарында 680 оқушыны білім нәрімен сусындатқан білім ошағында бірінші сынып жоқ, ал мектепалды даярлық сыныбына келеді деп күтіліп отырған оқушы саны жетеу ғана. Жаннұр Бекбауұлы мектеп жабылар болса, ауыл тарап, елді мекенге айналатындығын айтып, ешкімге жүктеп қарап отырмай осы мәселені шешу  үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыстану қажеттігін жеткізді. Ал биыл туғанына 150 жыл толып отырған Ғұмар бабамыздың туған жері Борсы ауылындағы мектеп ғимаратының жағдайы туралы естімеген жан жоқ шығар. Оқушылар қысты күні сырт киімдерін шешпестен сабақ оқитын білім мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Айта берсең, кете беретіні анық. Бір ауылда мектепке балалар күртешесімен отырып болса да білім алуға келеді, ал бір мектептің жағдайы жақсы болғанымен білім сапасы көңіл көншітпейді. Атын атап, түсін түстейтіні жоқ. Мысалы, жыл сайынғы пәндік олимпиаданың республикалық кезеңі тұрмақ, облыстық кезеңінде топ жарып келді дегендердің саны саусақпен санарлық болыр тұр. Естігендерінен соң Жаннұр Бекбауұлы білімнен басқасының бәрімен оздым деу бекершілік екендігін, сандарды сайратып қойдым демей, сапа үшін жұмыстану қажеттігін ескертті.

image-10-04-25-01-33-2

«Тек рейтинг үшін ғана жұмыстанбай, білім сапасын көтеруді басты назарға алмағандармен, еңбек өтіліне де қарамастан қоштасуға тура келеді»,-деп төтесінен айтты. Алаштың күн келбетті ақыны Мағжан атамыздың «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөзін үнемі назарға алып ұстаздар қауымына қашан да құрмет көрсетілетіндігі жалған емес. Алайда, ағымдағы оқу жылын сәтті аяқтап, жаңа оқу жылында жақсы көрсеткіштер көрсете алмаған білім ошақтарының басшылары жылы орындарымен қоштасуы әбден мүмкін. Бұл жұмыстарды жоққа шығару емес, дегенмен «білім» деп аталғасын, басқасы басқа білім деңгейінің жоғары болуына аса мән беруіміз қажет. Аудан әкімінің орынбасары тарапынан берілген ескертулер ескерусіз қалмай, аталмыш салада ілгерілеушілік болады деп сенеміз. Жиын соңын Жаннұр Бекбауұлы Абай атамыздың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым деу – бекершілік»,- деген қанатты сөзімен қорытындылап, ұстаздар қауымын білекке емес білімге сенген заманда жастарды мейлінше білімге талаптандыруға шақырды. Ал айтылған мәселер облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып шешіледі деп сендірді.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале