Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан шығу тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда жоғары оқу орнын аяқтаған студенттер үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз-ақ орналасып, жұмыс істеуге әбден болады.
Ол үшін оқу орнын үздік аяқтап, қызыл дипломды қоржынға салып әкелсең, жеткілікті!
Бұл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы Заңнамасына енген өзгерістердің бірі де бірегейі! GPA көрсеткіші 3.33-тен жоғары болып, оқуды бітіргеніне 1 жылдан аспаса, бақ пен бап қатар шапты дей беріңіз! Содан соң ауылдық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымына орналаса аласыз.
Ауданымызда осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған жастың бірі – Әлия Темірова. Әлия Нұрлыбекқызы 2001 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Ол 2023 жылы Алматы технологиялық университетін үздік тәмамдап, туған топыраққа қарай тарта жөнелген. Бүгінде Теректі аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы қызметін атқарады.
– Өз замандастарымды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жастарға қолдауын, зор мүмкіндігін пайдаланып, мемлекеттік қызметкер болуға шақырамын! Ең бастысы – жоғары оқу орындарында аянбай білім алып, қызыл дипломға қол жеткізіп, тиісті балл алу үшін тер төгу қажет. Сапалы білім ел болашағының жарқын болуына әсер етеді. Өз саламызда білікті болайық, жастар, - деді ол өз сөзінде.
Жастардың мемлекеттік қызметке келгені, тәжірибе жинап, елге қызмет еткені көңілге сенім ұялатады. Кейіпкеріміздің жұмысқа орналасқанына 3 ай болды. Аталмыш салада жетістіктерге жетуге құлшынып отыр. Ендеше, сәттілік жас маман, бас маман!
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы