Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» - деген екен. Бүгінгі Казталов ауданы орталығында өткен шараның себепкері де саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, ауданның білім беру саласына үлес қосқан жан. Ол Қазақ ССР-нің білім беру ісінің үздігі, аудандық білім беру бөлімінде 20 жылдан астам уақыт әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметін атқарған ұстаз – Айжан Кенжебекқызы Сүлейменова.
Бүгін С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен, Айжан Кенжебекқызының 70 жас мерейтойына арналған «Білімнен тапқан бақытын» атты танымдық кеш өтті.
Танымдық кеште А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аягөз Жасқайратқызының ұстазбен сырлы сұхбаты арқылы Айжан Кенжебекқызының сан түрлі қыры ашылып, ғибратты ғұмырындағы еңбек жолы мен өмірі жөнінде сыр шертілді. Сырым ауданының Жосалы ауылында дүниеге келген аяулы ұстаз жоғары оқу орынын тәмамдаған соң тағдырдың жазуымен Казталов ауданына келіп, 45 жыл бойы бар зейінін шәкірт тәрбиелеуге аударған.
Зейнет жасына шыққан соң да Орал қаласындағы «Болашақ» бөбекжайында әдіскер, «Орал қалалық әйелдерге арналған оңалту және бейімдеу орталығы» МКК-ның педагог маманы қызметін атқарған.
Ұстаздың құрметіне арналған кеште аудан әкімі Рүстем Зұлқашев Айжан Кенжебекқызын мерейлі жасымен құттықтап, қазақтың дәстүріне сай шапан шауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Орал қалалық білім беру бөлімінің өкілі, №36 М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Азима Ғұбашева, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Ерболат Бекмулдин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева ұстазға ризашылықтары мен жылы лебіздерін білдіріп, мерейтоймен құттықтады. Сондай-ақ сұхбат барысында ұстаздың шәкірттері, қызметтес болған әріптестері және бауырлары жылы лебіздерін білдіріп, ыстық естеліктерімен бөлісті.
Сырлы да сазды кеш туралы және анасының отбасылық тіршілігі хақында ұлы Дамир Мырзағалиев сыр шертіп, пікір берген болатын.
-Анамыз бала кезден бізді ұлтжандылыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Шыны керек, балғын балалық шағымыздан ес білген уақытқа дейін анамыздың сенбі, жексенбі күнднрі үйде болғанына балаша қуанатынбыз. Себебі, анамыздың мейірімі мен айналайыны ыстық еді. Ал, жұмыс күндері қызметте, іс-сапарларда болатын. Анамыздың орынын жоқтатпай үй шаруасына да ден қойып, еңбекқор болып өстік. Қазіргі таңда анамыз зейнетте немерелерімен шөбересінің жанында. Ол ылғи бізге қазақ даналығын, ұрпақ тәрбиесін жете түсіндіріп отырады. Бүгінде анамыздың жолын қуған мен және келіндері. Бауырларым өздерінің ебі келетін қызметке орналасты. Анамыздың келіндері ізін жалғап ұстаздық қызметте шәкірт тәрбиелеуде. Бұл да анамыздың тәрбиесінің бір көрінісі болса керек, - дейді Айжан Кенжебекқызының ұлы.
Айжан апайдың шәкірттері де оның ұстаздық бейнесінің мейірімге толы екендігін, әріптестері қызметіне адал екендігін, бауырлары білімге құштар екендігін айтып, ғұмырынан тәтті естеліктерінен сыр шертті.
Сырлы танымдық кешті аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері, «Саз» мектебінің ұстаздары мен шәкірттері әсем әуенмен әрлеп, ырғақты биімен әспеттеді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz