17.08.2022, 22:52
Оқылды: 41

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының іріктеу кезеңі өтті 

Бүгін Теректі аудандық мәдениет үйінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының іріктеу кезеңі өтті. 

FB_IMG_1660754419443

Былтырдан бері арнайы таңдалынып алынған еліміздің 4 өңірі -  Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобаға Теректі ауданынан 18 кәсіпкер қатысып, өнімдерімен таныстырды.

Ең алдымен, аудан әкімі Тілек Габдушев іс-шараға келген қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, аудандағы кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін баяндады.

FB_IMG_1660754406665

- Жалпы, ауданымызда 949 жеке кәсіпкерлік субъектісі бар. Соның 52 пайызы әйел адамдар. Жергілікті шағын кәсіп иелерін көтермелеу мақсатында ауылшаруашылық кооперативтерін біріктіріп, «Барбастау өнімдері» брендімен сүт өнімдерін тұтынушыларға ұсынған болатынбыз. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Шағын бизнес субьектілерін қолдау бойынша жеке кәсіпкерлерге де тиімді несиелік бағдарламалар жетерлік. Осындай игі жобалардың бірі бүгінгі басымызды қосуға себепкер болып отырған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Бүгінгі кездесу өз ісін ашуға, кеңейтуге ниет білдірген жандарға жәрдемдесуге, бағыт-бағдар беруге бағытталған. Ауданымызда табиғи шикізаттан көрпе, киіз жасап, сүт өнімдерін дайындап, отбасын асырап отырған жандар жеткілікті. Алайда біз әлі өз мүмкіндігімізді толық пайдаланып отырған жоқпыз. Сондықтан ұлттық қолөнер, ұлттық тағамдарымызды қайта жаңғырту арқылы ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып қана қоймай, табыс көзі болатын кәсіпті дамытуымыз қажет, - деді Тілек Александрұлы.

FB_IMG_1660754433733

Ауыл тұрғындарын бизнеске баулу және қажетті өндірістерді ашуға бағытталған жобаның іріктеу кезеңінде комиссия мүшелерінің қатарында болған облыс бойынша аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова, облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Нұржан Мақсотов, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, «Теректі» шаруа қожалығының басшысы Сержан Идиятов және аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жаңылсын Гумирова әр ауылдық округтің кәсіпкерлерімен жақын танысып, өнімдеріне баға берді. Комиссия мүшелері кейбір кәсіп иелеріне ескерту жасаса, кейбіріне кәсібін әрі қарай дамытатын идеялармен бөлісті.

FB_IMG_1660754458685

Екі сағатқа созылған іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Подстепный ауылдық округінің кәсіпкері  Айдынбек Иманғалиев қанжығасына байлады. Былғарыдан түрлі бұйымдар жасайтын шебердің ойының ұшқырлығы мен еңбекқорлығы комиссия мүшелерін таңдандырмай қоймады. ІІ орынға аталмыш округтің тұрғыны, көрмеге көздің жауын алатын, жіптен тоқылған сөмке мен тәпішкелерін ұсынған Жамиға Хамитова лайық деп танылды. ІІІ орынды су моншақ пен матадан ерекше суреттер салатын богдановтық Александра Чувилева иеленді.

Барлық қатысушыларға аудан әкімі Тілек Александрұлының атынан алғысхат пен естелік сыйлықтар табысталды.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы 

 zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале