30.09.2020, 19:31
Оқылды: 41

Бір ауылда бес өрт оқиғасы орын алды 

Қыркүйектің 30 күні сағат 00.41-де Бәйтерек ауданы Достық ауылында өрт оқиғасы орын алды. Ауылдағы бес үйдің қорасы мен қыс мезгіліне жинаған шөптері жанған. Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі – қасақана өрт қою. Тілсіз жау сағат 06.41-де оқшауланып, сағат 08.38-де толық жойылған.

20200930_192724

Аталмыш оқиғаның жай-жапсары жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Ж. Жұмашев брифинг барысында мәлім етті. Спикер айтып өткендей, аталмыш ауылдағы Нефтяников көшесіндегі 1-үйден 9 тонна шөп, Тәуелсіздік көшесі, 21/А мекенжайындағы үйден аумағы 120 шаршы метр шаруашылық құрылысы мен 1 тонна бидай, 15 тонна шөп, Пионерская көшесі, 26-үй иесінің аумағы 60 шаршы метр шаруашылық құрылысының шатыры және 12,5 тонна шөбі, Молдағұлова көшесіндегі 6-үйдің 100 шаршы метр алаңдағы шаруашылық құрылысы, 9,6 тонна шөбі және 1 бас ірі қара, ал Строителей көшесіндегі 2-үйдің аумағы 80 шаршы метр шаруашылық құрылысы, 20 тонна сабан, 7 шошқа, 12 күркетауық, 15 тауығы жанып кеткен. Айта кету керек жоғарыда аталған соңғы үш үйдегі шаруашылық құрылыстарының құжаттары жоқ. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген.

– Достық ауылында құқық қорғау өкілдері мен департамент инспекторлары арнайы іс-шаралар өткізуде. Төтеншеліктер зерттеу шараларын қолға алды. Байқағанымыздай, бұл үйлер әр көшеде, түрлі бағытта оналасқан. Алдан ала болжам бойынша айтсақ, қылмыстық пиғылмен шаруашылық аулалары үлкен үйлердің таңдап алынғаны байқалады. Департамент зертханасы мамандарының айтуынша, өрт жоғарыдан төмен қарай жанған. Тұрғындардың айтуынша да, ауылда тұрған бейнекамералардан қарағанда да өрт жоғарыдан төмен қарай жанғаны белгілі болып отыр. Егер бұл оқиға өрт қауіпсіздігін сақтамағаннан немесе отты абайсыз пайдалану себебінен орын алса, өрт төменнен жоғары қарай өрлеп, жанған болар еді. Ал бес үйдегі өрттің бәрі жоғарыдан бастап жанған, – деп атап өтті Жасұлан Қыдырқожаұлы. Аталмыш оқиғаға қатысты толық мәлімет зерттеп-тексеру аяқталған соң белгілі болмақ.

IMG-20200930-WA0013

Генерал-майор азаматтар қандай да бір құқық бұзушылық байқаса, құқық қорғау құрылымдарына хабарласулары керектігін айтты. Департамент басшысының сөзінше, облыста тұрғын үй секторындағы өрт азайғанмен, шаруашылық нысандарының жануы жиілеп тұр. Ал бұл нысандардан шыққан тілсіз жау жаз бойы жинаған мал азығының өртенуіне алып келеді.
Төтеншеліктердің мәліметінше, биылғы тоғыз айда өңірде 470 өрт тіркеліп, одан 134 млн теңгеден астам материалдық шығын келген. Үш адам қаза тауып, сегізі жарақат алыпты. Облыс орталығында 142, аудандарда 328 өрт тіркелген. Өрттердің жалпы санының 279-ы немесе 59,3% -ы тұрғын үй секторында орын алған. Мәселен, ең көп өрт Орал қаласында – 94, Бәйтерек ауданында – 41, Бөрлі ауданында – 36, Теректі ауданында – 24, Ақжайық ауданында – 16 оқиға және өзге аудандарда болған. Облыста мал азығын дайындау кезеңінде жеке аулаларда, сондай-ақ шаруа қожалықтары аумағында шөптің (пішен) өртену фактілері жиілеген. Атап айтсақ, жыл басынан бері 64 шөп өрті тіркеліп, 5 бас ірі қара мен 1 жылқы өлген.

Төтеншеліктер өрт көбінесе отты абайсыз пайдаланғанда, өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтамайтын немесе балалардың сіріңкемен ойнауын елемейтін үй иелерінің кінәсінен болатынын айтып отыр. Ал өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес тұрғын үйлердің ауласындағы ірі жем-шөп жинау орындары үй мен өзге құрылыс нысандарына кемінде 15 метр қашықтықта орналасуы қажет. Бұндай ара қашықтық сақталатындай мүмкіндік болмаса, мал азығы жиналған орынға кемінде 500 литр су құйылған ыдыс қою қажет. Сонымен қатар мал азығын сарайлар мен басқа да шаруашылық құрылыстарының төбесіне үюге, жарық желілеріне жақын және сыртқы қоршауға 3 метрден кем қашықтықта жинауға, көшелерде, жолдарда, үй жанындағы учаскелерден тыс жерлерде орналастыруға болмайды.

Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале