Кеше Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының халықтық «Дат» театры сахна төріне жаңа деммен келді. Бұл жолы сахналаған қойылым, театрдың жаңа құрамы серпілтпей қоймады.

Хош... Сонымен олар көрермен назарына «Есепшот, домино» қойылымын ұсынды. Аталмыш қойылымның сценарийі Дулат Исабековтың әңгімесінің желісімен жазылған. Режиссері – жас болса да, дарынды Альбина Мирамбай.
Қойылым қарапайым ауыл тұрғындарының арасындағы қызықты да шиеленісті қарым-қатынас көрінісін һәм қайынаға мен күйеубала, қайынсіңілі мен жеңге арасындағы әзіл-қалжың, қазақы мінез бен туыстық байланыстың келбетін көрсетті.

Сопытайдың болмысын ашқан Данияр Балқасымов та, Пістегүлді сомдаған Бақытгүл Қабашева да, қойылым барысында Ботпай болып өмір сүре білген Ерасыл Әлібекұлы да, Қаршыға Айжұлдыз Ермұхан да көптің көңілінен орын тапты. Кейіпкерлерді сезінуі де, өздерін еркін ұстаулары да кәсіби театр актерлерінен кем емес.
Бірақ қойылымға дайындықтың аздығы көзге ұрып, тіл жұтаңдығы анық байқалды. Халықтық театрдың деңгейі бір күліп, ұмыт болатын әзіл-сықақ театрларындай болмағаны жөн-ау. Еркіндікке, шеңберден шығуға тырысу құптарлық дүние.
Дегенмен тыңғылықты дайындықты, сана биігін көздейтін режиссерлік ізденісті, актерларға сөз жаттауды ұмытпаған дұрыс сияқты. Қысқасы, бір қайнауы ішінде болғаны жасырын емес.
Тағы да бір мәселе – мәдени іс-шараларға, оның ішінде бекзада театр өнеріне халықтың келмеуі.
Аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров һәм бір-екі бөлім басшыларын көзіміз шалды. Орта тұсында аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов та келді.

Көрермен залының жартысынан көбі бос тұрды. Бұл мәселенің айтылып та, жазылып та келе жатқанына қанша жыл болды, десеңізші. Өнер ықыласпен биіктейтінін ұмытпайық!

Қойылым соңында Қалаубек Баубекұлы жастардың талабын қолдап, сөз сөйлеп, аудан әкімінің ықылас гүлін тарту етті.

Мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин алғысхат табыстап, осы қойылыммен ауылдарға сапарға шығатындарын айтты. «Даттың» жас буын өкілдері әлі де мығым дайындық керегін ескерсе, асар асулары көп болар деген ойдамыз.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы