2.04.2024, 17:15
Оқылды: 68

«Бір сағаттың ішінде үйіме су кірді»

Күшіміз бірлікте! Табиғи апатқа ұран болған бұл акцияның артында үлкен мағына бар. Қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге демеу, қолдау, қорған бола алатынымзыды пандемия дәлелдеп берді. Өкінішке орай, облысымызда табиғи апат болып, тағы да ел сыналды. Ер етегімен су кешті. Бұл жолыда елдік істен шет қалмай, бірлігімізді танытанын күн туды.

су бурли 2024 (1)

Жалпы, біздің халық жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған еді. Тілсіз жау Бөрлі ауданына лап бергенде бұған тағы бір көзіміз жетті.

Қызылтал ауылы ауданымыздағы қарғын судың көп жиналатын жері болып есептеледі. Сырттан келетін су жоқ, бір кездері болған болса ол судың бетін қазір ауыл шетіндегі бөгет бөгеп тұр. Яғни, ауыл ішінде қар еріп, кімнің үйі аласалау жерде, не қай үйдің іргетасы төмен құйылса, сол баспанаға су кіреді. Бұл соңғы жылдары жиі қайталанатын құбылысқа айнады. Биылда қызыл судың зардабын тартып жатқандар көп.

су бурли 2024 (3)

Тосыннан тап берген тасқын суға қызылталдық Зергүл Шауалиева биыл дайын болмай шықты. Сөйтіп айналдырған 1 сағаттың ішінде үйге кірген судың деңгейі 20 сантиметрге дейін жетеді.

- Былтырда осындай жағдай болып, онда әкімдіктің көмегімен үйіміз аман қалды. Қайта-қайта келіп ауламыздан су сорды. Биылда солай боларына сендік. Су сору көлігі тек бір рет келді. Арнайы мамандарға хабарласқанымда көліктің барлығы су сору жұмысында екендігін айтып, кезек күтуімді сұрады. Нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар, айналдырған бір сағаттың ішінде үйіме су кірді. Абырой болғанда тұрмыстық техникаларды жоғары көтеріп алдық. Қалған заттарымыз суда қалды, - деп қынжылады тұрғын.

су бурли 2024 (2)

Зергүл Шауалиева - жалғыз басты ана. Осыдан бір жыл бұрын отағасынан айрылып, онсыз да қара жамылып отырған отбасыға биылғы жағдай жығылған үстіне жұдырық болды. Төрт баланың үлкені тұрмыста болса, екінші қызы жұмыс жасайды. Екеуі мектеп жасындағы оқушы.

- Бұл үйді 2000 жылы салдық. Содан бері жөні түзеу жөндеу көрмеді. Іргетасы да аласа. Шама шарқымызша, қаражатымызға қарай, балалар далада қалмасын, деп тұрғызып алдық. Суын, газды, жарықты кіргізгеннен кейін, кішкентай болса да өзіміздің үйіміз екеніне қуандық. Ауламыз кең, жаңадан, еңсесі биік баспана тұрғызар едік, оған мүмкіндігіміз келмеді, - дейді ол.

6*5 шаршы метр болатын бұл баспана біреуге жазғы үй немесе уақытша салынған тұрғын жай болып көрінер. Бірақ ол баспанада 14 жылдан бері өрімдей төрт баланың құтты шаңырағы болды.

су бурли 2024 (4)

Табиғи апат болып, ауылдағы үйлерге су кіргендігін естіген біз әрине бірден қызылталдықтардың жағдайын көзімізбен көруге бардық. Сөйтіп, орталық көшелердің бірінде қала әкімінің қасында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары Анвар Агаев пен Бақытжан Ғаділшеевты кездестірдік. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Анвар Агаяроглы бізге бірден Зергүл Шауалиеваның жағдайын айтып берді. Кейін өзі бастап, бізді қарғын судан зардап шеккен үйге алып барды.

- Ауылыма қарғын судың кесірі тиіп жатқанын естіп бірден осында келдім. Барымша тұрғындарға көмектесіп жүргенімде Кеңесары хан көшесіне де жолымыз түсті. Көше бойында шырылдап жүгіріп жүрген Зергүлді көрдім. Мен бұл отбасыны бұрыннан танитынмын. Қолымнан келгенше көмегімді бергенмін. Өткен жылы да осылай үйіне су кіру қауіпі болған екен. Оны біз кейін әріптестеріммен бірге ауылды аралағанда көрдік. Сол кезде баспананың шатырын ауыстырып беремін, деп уәде бергенмін. Жұмысшыларды да жібердім. Бірақ, ол ойымыз іске аспады. Себебі, шатырын ашсақ, үйдің қабырғалары құлайтынын білдік, - дейді депутат.

Зергүл Шауалиева Ақсай қалалық №4 орта мектепте кіші қызметкер. Ол тек осы тапқан табыспен ғана отбасын асырап отыр. Су тартылып, үйі кебеді дегенше кемі 2-3 ай уақыт керек болары анық. Оған қоса, қарғын су кіргеннен кейін баспананың іргесі сөгітіліп, құламасына ешкім кепілдік бере алмай отыр.

- Менің қазір барар жерім жоқ. Балалар уақытша сіңілімнің үйін паналауда. Оның да үйінде кісі көп. Бір аптадан артық бола алмайтынымыз белгілі. Енді қайда барамыз? Кімнен көмек сұраймыз? Былтыр аулаға су келгеннен үйде ызғар бар еді. Содан кіші балам жиі сырқаттанып, демікпесі ұстап қала береді, - деп көзіне жас алды тұрғын.

Бұл жағдай депутат Анвар Агаевты бей-жай қалдырмағанын бірден түсіндік. Бұған дейінде талай игі істің басында жүретін арда туған азаматтың жақсылығын ел жақсы біледі. Зергүлмен тілдесіп тұрған тілшілердің көзінше халық қалаулысы 2-3 айға пәтер жалдап беретінін жеткізді.

 

P.S. Газет беті қатталып жатқанда, редакциямызға Зергүл Шауалиева хабарласты. Бұл жолғы дауысы жадыраңқы. Ол уақытша тұратын пәтер табылғандығын, пәтер ақысын Анвар Агаев бірден төлеп тастағанын айтты. Одан бөлек облыстық мәслихат депутаты Зергүлдің үйіне газель автокөлігін жіберіп, тұрмыстық техника мен заттарын көшіруге көмектескен. Уәдесінде тұрып, Қызылтал ауылы ішінен пәтер жалдап берген депутатқа жалғыз басты ана Зергүлдің алғысы зор.

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале