21.12.2020, 9:54
Оқылды: 41

Бір суреттің тағдыры

Қаншама жыл өтсе де желтоқсан айы басталғанда жүрегімді мұң, кеудемді зіл басады. 86-ның ызғарлы күндері, №5 жатақханадағы жастар дауысы, ұстаздарымыздың біз үшін уайымдап, көздері жасқа шыланып тұрған сәттері әп-сәтте санамда жаңғырып шыға келеді.  Институт қабырғасындағы соңғы қысқы сессияға дайындық басталып кеткен тұс. Бұл күні біз әдеттегідей кураторлық сағатты күтіп жүргенбіз, бірақ белгісіз себептермен болмай, жатақханаға қайттық.

123

Келе салысымен әрқайсымыз емтиханға дайындалуға кірісіп кеттік. Соңғы курс, соңғы сессия, оның арғы жағында соңғы практика, дипломдық жұмысқа кірісу. Алдымызға қойылған осындай мақсаттар бізге мойын бұруға мұрша бермегені рас. Түнге жарым дәлізде әлдеқандай айғай, түсініксіз топыр басталып кетті. Қатты айтылған сөздер, әрлі-берлі жүгіріс ұйқымызды шырт ашты. Түкке түсінбейміз, не болды деп сұрасып жатырмыз. Мардымды жауап беріп жатқан ешкім жоқ, әйтеуір жастар Брежнев атындағы алаңға шығып, Д.Қонаевтың орнынан алынуына наразылық білдіруде екен. Ертеңіне сол жерге жиналуға жатақхана сыртына келіп, біреулер айғайлап айтып кетіпті. Түсініксіз қорқыныш, «Қонаев кетсе, енді не болмақ?». Сұрақ бар, жауап жоқ.

Ертеңіне-ақ таң атпастан жатақхана біздің факультеттің мұғалімдеріне толып кетті. Бәрінде де бір өтініш: «Айналайындар, алаңға бармаңдаршы, соңғы курсқа келіп тұрып, бірдеңеге ұрынып қалсаңдар, диплом ала алмай қаласыңдар» деп зар қақсауда. Бірақ ол сөзге құлақ асып жатқан жан жоқ, жігіттер жағы екінші қабаттан балкондардан секіріп кетті, қыздар жағы секіруге қорқып, сеңдей соғылысып жүр. Әр қабаттағы баспалдақта екі-үш мұғалімнен қарауыл тұр, бір қабат пен екінші қабаттағылар қатынаспайды, тіпті дүкенге шығуға рұқсат жоқ. Ал шыға қалса, тек бір адам бірнеше бөлменің керек-жарағын алуға шыға алады және қасына бір мұғалім еруі тиіс. Мұның бәрі сол кезде біздің амандығымыз үшін жасалған амал екенін кейін түйсіндік қой. Үшінші қабаттағы біздер тіпті хабарсыз күйдеміз, төменде не болып жатыр, не жаңалық бар, кімнен білеміз?..

Сол күндері пәтерде тұратындарда еркіндік мол еді, олардың ешкім жолына тұрмады, алаңға бару мүмкіндігі жоғары болды. Қол ұстасқан жастармен бірге алаңда «Қазақстан!», «Қазақстанды қазақ қана басқарсын» деп ұрандату бақыты бұйырды. Бұған дейін де мен өздеріміздің қандай айла-шарғылармен алаңға жеткеніміз туралы еске алғанмын. Бүгін мен осы оқиғаның бел ортасында болып, сол күнгі сұмдыққа куәгер болған курстасым туралы айтқым келіп отыр.

Мына сурет сол Желтоқсан оқиғасының нақты айғағы, оның бүкіл әлемді шарлап кеткені белгілі. Осы фотодағы белгіленген қыз бала Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетінің 5 курс студенті Гүлшат Аманжолова - Алматы облысына қарасты Күйген деген ауылдың қызы еді. Өте көрікті, беліне жететін толқынды шашы, бота көзі өзіне назар аудартпай қоймайтын. Әсіресе, бізді тәнті еткені оның әншілігі болатын. Дауысы ерекше еді, домбырасымен ән айтқанда бірінші қабаттан үшінші қабатқа анық естіліп тұратын. Гүлшат желтоқсандағы сол күні  пәтерде тұратын қыздармен алаңға жетіп, нағыз ортадағы ұймаға түскен. «Жан-жақтан қолтықтасқан жастар арасынан өту мүмкін емес еді, бір қарасам, өзіммен келгендердің бірі жанымда жоқ, ұрандатқан жастардың ортасында мен де тұрмын. Бейбіт шерудің көпке ұзамай быт-шыты шықты. Жау көргендей қабақтары суық, қаруланған солдаттар мен құқық қорғау қызметкерлері жастарға тап беріп, оларды топ-топқа бөлуге тырысты. Осылайша оларды құрықтау оңай болған секілді. Шаштары жұлынған қыздар шыңғырып, көмекке ұмтылған жігіттер соққыға жығылып, алаң әп-сәтте қызыл қанға боялып жөнеле берді. Қолдарына суық темір, шолақ күрек ұстаған солдаттардан қашып, әрлі-берлі лықсыған толқынмен қалай шетке шығып қалғанынымды да білмеймін. Бір кезде әлдекім: «Тез қаш, қазір өлтіреді», -деп қолымнан сүйрей жөнелді. Кім екеніне қарауға мұрша жоқ. Әйтеуір әлдекімдермен алысып, біреулерден қашып, қалай пәтеріме жеткенім көрген түстей еді», - деп еске алатын ол кейін. Сол Гүлшат мына суретте басына ақ бөрік киіп тұрған бейнесімен фотографтың таспасына түсіп қалыпты. Желтоқсаннан кейінгі қудалау, оқудан шығару, алаңға шыққандарды жауапқа тарту, «үш әріптің» кеңсесіне бару бәріміздің басымыздан өтті. Суреттермен жұмыс істеген сол кездегі жауапты органдар біздің Гүлшаттың қайда оқитынын біліп, тексерісті бастапты. Институт басшылығына студентті оқудан шығаруға бұйрық келіп, оны курстасымызға ескертеді. Еңірегенде етегі жасқа толған ол ауылдағы әкесіне кетеді. Ол кезде Гүлшаттың әкесі совхоз директоры, елге сыйлы әрі жайсаң мінезді адам болған екен. Ата-ана баласы үшін не істемейді, әкесі аудан, облыс басшылығына барып, қызын оқудан шығартпауды өтініп, осындай мүмкіндік берілсе, совхоз директорлығы қызметін өз еркімен тапсыруға дайын екенін айтыпты. Жоғары жақпен, өзге де органдармен ақылдасылған болуы керек, оның өтініші қабылданып, Гүлшат осылайша жоғары оқу орнын тәмамдауға мүмкіндік алыпты. Бірақ содан кейін де оны бақылау, әлсін-әлсін шақырту толастамай, жұмысқа орналасу жағы қиын болып, кейін елімізде желтоқсан оқиғасына дұрыс баға беріле бастағанда ғана тыныштыққа қол жеткізіпті.

Курстасым бұл күнде сол өзі туған ауылда орта мектептің директоры, бірнеше медальдардың иегері, ал мектебі облыс, республика көлеміндегі білім ошақтарының үздігі қатарында. Міне, желтоқсанның нағыз батырының бірі менің курстасым екенін мақтан етемін. Алаңға қаймықпай шығып, Кеңестік жүйенің шатқаяқтауына түрткі болған, сол кездегі Кеңестік республикаларда да осындай тәуелсіздік толқындарының орын алуына үлгі көрсеткен, ерлігімен, батылдықтарымен дүниежүзін мойындатқан жастар егемендік мен тәуелсіздікке жол салған «қазақ» деген қайсар ұлттың ұрпақтары еді.

                                                                 Гүлшат  Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале