21.01.2022, 12:29
Оқылды: 759

"Бір тоқсан" - Қазақстандағы табысты жобалардың бірі

2019 жылы отандық киноиндустрия саласы "Томирис", "Қуандық", "Брат или брак 2", "Нартай" сынды көркем туындылармен қоса "Бір тоқсан" секілді жеңіл комедия жанрындағы сериалмен толықты. Бұл сериалды Қазақстандағы табысты жобалардың бірі десек те болады. Әсіресе жастар жағы аталмыш топтаманың нағыз жанкүйері атанды. YouTube платформасында үш апта ішінде екі милионнан астам қаралым жинаған ең алғашқы сериал атанды.

E7B2632F-56A1-4336-A555-E8958A06E92E

       Дамир Тастембеков режисёрлік еткен сериал 2019 жылы 9 желтоқсанда көрермен назарына ұсынылды. Сценарист Мират Миятовтың айтуынша, «Арман» атты Gakku телеарнасымен бірлесе шығарған жобадан кейін "Бір Тоқсанға" аса қатты үміт артыпты. Өйткені ол балалық шағында сүйіп көрген "Мятёжный дух" сериалы сияқты керемет туынды жазып шығаруды ойлаған.

-Сценарийді Нұржан Еркінұлы, Семён Махов үшеуіміз бірігіп жаздық. Басты рөлді сомдайтын жігіттердің аттарын біздің Гәккуде жұмыс істейтін Джони, Арс, Мәди, Мико және Әсет деген бес баланың есімдерінен құрдық,- деді сценарист Gakku TV-ге берген сұхбатында.
Жасөспірімдер - атышулы "11В" сыныбының түлектері. Бір топ жас мектепте қалыптасқан ережелерді мойындамай, системаға "шабуыл" жасайды. Осы орайда неліктен деген сұрақ туындауы мүмкін. Бәлкім, мәселе үлкендердің оларды толыққанды тұлға есебінде қабылдамауында жатқан шығар деген ой келеді. Біздің қоғам еңбекке қауқарлы мектеп оқушысын әлі бала ретінде көреді. Нәтижесінде, жеткіншектің бойындағы агрессия, немқұрайлылық, апатия сынды нашар қасиеттері артып, оқуға құлшынысы жоғалып кетеді. Мәселен, сериалда оқушылардың Самат ағайға дөрекілік танытып, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты сақтамауы, сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеуге салғырт қарауы осыған дәлел.

Сериалда одан бөлек білім сапасының әлі ақсап тұрғандығы байқалады. Оның үстіне көтермелеп баға қоятын ұстаздардың мәселесі де әдемі көрініс тапқандай.

"Беске шығарсаңшы. Жарайды енді, ештеңе етпейді. Шығаруға болады беске. Алтын белгіге келе жатқан бала ғой", – деген мұғалім сөзін алғашқы эпизодтан ести аласыз. Оқушыға өзінің әділ бағасын қоюдың орнына, оларды көтермелеп, ылғи жыртығын жамап жүретін кей ұстаздардың бұл әдетінен құтылу оңайға соқпас.
Сериалдың басынан-ақ құлаққа жағымсыз естілетін қазақша мен орысша аралас сөздердің жастар арасында кең өріс алып кеткенін аңғарамыз. Сырт көзге ерсі көрінетіні сонша, тағдыры онсыз да шалажансар тіліміздің осыншалықты құлдырап кеткені ме деп ойланып қаламыз. Онымен қоса, қазіргі таңда балаларын орыс бала-бақшаларына беретін ата-аналар қатары көбейді. Тәрбие басы бесіктен демекші, ел боламыз десек ең әуелі жөргектегі баланың тәрбиесімен айналысу керек. Адам бойына ана сүтімен бірге даритын қасиетті тіл мәселесін "Бір Тоқсан" айналып өтпегені көңіл қуантады. Иә, кеіпкер солай сөйлейді. Бірақ кейіпкерден үлгі алу үшін біз оның жасағанын қайталауымыз жөн емес. Сол себепті Сериалдың осы жеріне мықтап көңіл бөлген абзал.
-Бәрінен бұрын қыздарды құрастыру қиынға соқты. Біз өмірде танитын-танымайтын қыздардың протатиптерін ала отырып, кейіпкер қыздарды жасап шығардық. Негізі, Заринаның образы бәрінен де қиын болды. Қыздардың барлығы қылықты, ал Зарина қарапайым үй қызы, – деді Мират Миятов бір сұхбатында.
Расымен де, Зарина сабақ үлгерімі жақсы, өзге бойжеткендерден өзінің тұйық, ұяң мінезімен оқшауланатын қыз. Біз Заринаны қоғам стереотиптерінің бір ұшы тиіп кеткен, көпшілікке бірдей стандартты ойлайтын қыз ретінде көреміз. Сериалдың 3 эпизодында
"Зарина, басыңды көтер, ештеңе етпейді, біздің елде, жалпы осы аймақта әйел адамдарға үлкен қысым көрсетіледі. Ақылдысың ғой, күлші енді. Мен саған за улыбку бес қоям", – деген мұғалімнің сөзін естиміз. Неліктен қыз баласының намысы аяққа тапталып, назарсыз қалады? "Әйел адамдарға үлкен қысым көрсетіледі", – деп емін-еркін, жайбарақат сөйлеп отырған ұстаздың ұсқынын көргенде жағаңды ұстайсың. Жоқ, мұндай бассыздықпен келісуге болмайды! Қазақ халқы қыздарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқтырмай өсірмеуші ме еді... Қоғамның ең өзекті проблемасын ашық түрде көтерген режиссёр мен сценаристтерге көгілдір экранның арғы жағынан алғыс айтасың да отырасың.
Тағы бір түртіп аларлық тұсы – Самат ағайдың білім беру стратегиясы. Еуропа білімімен сусындаған жас маман оқушыларды алдағы тестке дайындап қана қоймай, үлкен өмірге аяқ басуға үйретті. Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы деп бекер айтпаған ғой. Расымен де, жас ұрпаққа білім беру мұғалім мен оқушы арасында достық қарым-қатынастар өте маңызды. Әсіре, мектеп бітіруші түлектер үшін ұстаздың қолдауы мен достығының орны бөлек.
"Бір тоқсан" ғажайыптары мұнымен аяқталмайды. Трендке айналған Арс пен Анели диалогында кездесетін әзілдер сериалдың басты фишкасына айналып қана қоймай, әлеуметтік желілерді әлі күнге дейін шулатып келеді. Мират Миятов мұның барлығы байқаусызда туған дүниелер екенін айтты. Романтикадан бөлек, көпшілікке ерекше әсер еткен тұс жасөспірімдердің ұйымшылдығы десе де болады. Қиын сәтте әрдайым жаныңнан табылып, қолдап, қолпаштап жүретін сыныптастарыңның болғаны қандай жақсы. Бұл да түсінген адамға ой саларлық дүния.
"Құлақтан кіріп бойды алар" дегендей сериалдың басты саундтрегі – Қазақстандық танымал әнші Taspay-дың орындауындағы "Бұл махаббат" әні. Отандық туынды тек қазақша әндердің сүйемелдеуімен түсірілген. Айта кетер болсақ, Ziruza, Renzo, Taspay, Ringo, Мархаба Сәби, Батыр Байназаров, Buira сынды жас буын әншілердің әндері таңдап алынған.
Актёрлар сериалға түсу үшін арнайы кастингтен өткен. Кастингте режисёрдің өзі болған. Басты рөлдерде Адина Бажан (Динара), Гайни Кукатова (Мерей), Алмагүл Қазихан (Зарина), Ермек Турганбеков (Аман), Жасұлан Көпберген (Мәди), Азат Жұмәділ (Арслан), Зухра Сайпи (Анели), Айбек Әзімбек (Мико), Бекарыс Шалқар (Джони), Абылай Жұмабай (Асет), Карина Жумалиева (Луиза), Алтыншаш Шаяхметова (Раушан) және Батыр Байназаров (Самат) сынды әртістер ойнайды. Сондай-ақ, қазақ киноиндустриясына біраз жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан Сафуан Шаймерденов (Директор), Шынар Асқарова, Мәншүк Айтмұханбетовалар да бой көрсетті.
Musan Entertainment ұсынған 10 сериялы "Бір Тоқсан" жанкүйерлер қатары күн сайын өсіп отырды. Гәккуге берген сұхбатында актёрлер халықтан дәл осындай қолдау күтпеген айтып, ағынан жарылды. Бүгін де алғашқы серия қаралымы 2 милионнан 5,8 миллионға дейін өсті. Бұл – қазіргі таңда да сериалдың сұранысқа ие екенін білдіреді. 2019 жылдың соңында "Тұмар" премиясын жеңіп алды. "Бір Тоқсан" өз көрермендерін шет елдерден де табуда.
Көпшіліктің сұранысымен сериал жалғасын тапты. Әртістер де бір-біріне бауыр басып, жанұяға айналғандарын айтты. "Бір Тоқсанның" екінші маусымы – "Lovanter", үшіншісі осыдан үш ай бұрын жарыққа шыққан "Joldastar" сериалы. Актёрлердің жан-жақтылығы, жоғары сапа, жақсы жарнама, қызықты сценарий, жаңашылдық, осылардың барлығы еліміздегі кино саласының дамып келе жатқандығының айқын көрінісі.
Сонымен, 2019 жылдың ең табысты жетістігі деп "Bir Toqsan" сериалын айта аламыз. Елімізге жаңа өзіндік өзгермес стиль әкеліп, жастарымызға серпіліс берген туынды ұзаққа дейін жадымызда сақталары анық. Осы сияқты мәні зор сериалдар көгілдір экраннан түспесе екен дейміз.

Мәдина Ибрагим,

Бәйтерек ауданы,

Дариян МГИ оқушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале