2019 жылдың 12 қыркүйегі күні "Сырым елі" редакциясы атынан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке хат жаздық.
- Бүгінгі таңда газет редакциясы ғимаратының ішкі жағдайы өз алдына, айналасы да сын көтермей отыр. 90 жылдық тарихы бар ауданның бас басылымы орналасқан ғимараттың ауласы жоқ. Бұрын аула болған темір шарбақ 2018 жылы бізге ешқандай ескерту берілместен сөгіп алынды. Мұны газетке деген құрметсіздік деуден басқа амалымыз қалмады. Көрші мекемелерге тартылған оптикалық-талшықты интернеттің желісі тағы да біздің территориямыздан өтті. Тағы да ескертусіз. Қазір редакция ауласы эксковатордың епсіз күрегінің кесірінен соғыстан кейінгі дала іспетті болып жатыр. Мекемеге күніне кем дегенде ондаған оқырман келеді. Олар май топырақтан аттап, тау-теке қатқан балшықты айналып өтуге мәжбүр, – деп басталған еді үшбу хат.
Хат қолына тиісімен аудан әкімі Төлеген Төреғалиев орынбасары Асланбек Сарқұловпен бірге редакцияға аяқтай келіп, жағдайды көзімен көрді. Нәтижесінде, кешегі жыл аяқталмай тұрып, ауламыз әдемі шарбақпен қоршалды. Оны қуана жаздық.
Хаттың шаруасы бір ауламен бітпек емес. Өйткені біздің ғимараттың маңына жақындайтын не аяқжол не автотұрақ жоқ-тын. Біз аудан басшысынан Х.Есенжанов көшесімен жаяу жүргіншілер салуын, сол арқылы редакцияны «өркениетті өмірге» қосуын сұрадық. Бір жағынан, көршіміз «Балдырған» балабақшасына да аяқжол керек еді. Жұрттың бәрінде көлік жоқ. Балаларын арбамен, шанамен әкелетін ата-аналар бар. Жолды автокөлік босатпайды.
Осы жазда бұл өтінішіміз де орындалды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің қолдауымен Х.Есенжанов көшесіне ұзындығы 352 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, пайдалануға берілді. Бұл жұмысқа Жымпиты ауылдық округінің әкімдігі 2 млн. 895 мың теңге қаражат жұмсады. Бұл тротуар басты көшелер Қазақстан мен Абайды қосып жатыр.
Опан-топан болған ауламыздың да сәні кірді. Қазақстан көшесін абаттандырып жатқан мердігер «Өркен Сервис» ЖШС «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің 90 жылдығына тарту жасап, редакция ауласына өрнектас төсеп берді. Қалам ұстаған қауымға осы құрметтің өзі жігер береді!
Айтпақшы, әкімге жазған хатта ғимаратқа су тарту мәселесін де айтқанбыз. Оны аудан әкімінің журналистермен кездесуінде де көтердік. Тротуар келгенде, су да келер, ол мәселе де шешілер деп, шелегімізді дайындап күтіп отырмыз.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz