Бөрлі ауданында спортпен айналысатын жандардың көп екені бәрімізге мәлім. Ал солардың қатарында үлкен кісілердің барын білесіз бе? Мысалы жақында жеңіл атлетикадан ардагерлер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында бөрлілік ардагер спортшы 60 жастағы Ақалқа Баймұқанова жүлдегер атанған болатын.
Ақалқа апамыз аталған чемпионатта 60-64 жас ерекшелігі бойынша 200 м қашықтыққа жүгіруден ІІ орын, ұзындыққа секіруден ІІ орын, ядро лақтыру бойынша ІІ орын, 60 м қашықтыққа жүгіруден ІІІ орын, 800 м қашықтыққа жүгіруден ІІІ орын иеленген болатын. Ауданымыздың атын шығарып жүрген Ақалқа апамыздың бұл жетістігіне бәріміз қуанып та, таңғалғанымыз да бар.
Ақалқа Баймұқанова негізінен Ақтөбе облысының тумасы екен. Бірақ 1996 жылдан бері Ақсай қаласының тұрғыны. Кейіпкеріміздің бір қыз, бірі ұлы бар. Осы жылдың сәуір айында 61 жасқа толып, зейнет демалысына шығады. Апамыз спортпен мектепте оқыған кезінен бастап айналысып келеді екен. 1983-1986 жылдары Ресейдің қазіргі В.И. Заузелкова атындағы Кемерова қалалық құрылыс колледжін оқып, бітірген.
Ақалқа апа тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін спортпен айналысуды тоқтатқан. 2019 жылдан бастап қайта спортпен шұғылдана бастаған апамыз 58 жасынан бастап жүгіру марафонына қатысқан. 2020 жылы карантин кезінде қызымен бірге күнделікті кешкісін жүгіріп жүрген екен. Жүгіруден бөлек йогамен айналысып, велосипед теуіп, баскетбол, волейбол ойнап, бассейнге барады екен. Сонымен қатар қыста да жүзумен (моржевание) айналысады. Спорттан басқа шығыс билерін ұнататынын және осы бағытта билейтінін жасырмады. Апамыз жолдасымен бірге шаңғы, коньки тебіп, қыста салқын суға түсуге барады екен. Апамыз қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысады.
- Спорт кішкентай кезімнен менімен бірге. Онсыз өмірімді елестете алмаймын. Тұрмыс жағдайына байланысты аздаған үзіліс жасағаным рас. Бірақ бәрібір спортқа қайта келдім. Спорт – менің серігім. Қызым да менімен бірге жүгіріп, әрқашан мені қолдайды. Біз қызым, жолдасым үшеуміз саяхаттағанды жақсы көреміз. Сәті түскен кезде саяхаттауға дайын тұрамыз. Қызым менімен бірге Азия чемпионатына барған болатын. Сол кезде Қазақстанның құрамасына ағылшын тілінен аудармашы болып көмектесті. Спорт мені тәртіпке үйретіп, мотивация береді. Сонымен қатар спорттың арқасында денсаулдығым бірқалыпты. Спорт арқылы осындай дәрежеге, жетістікке жеттім, - дейді кейіпкеріміз Ақалқа Хасенқызы.
Ақалқа апамыз еліміздің көптеген қаласында және Ресей, Филиппин елдеріндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. «Шынықсаң – шымыр боласың» деген ұстаныммен жүретін Ақалқа Бамұқанова алдағы уақытта да көптеген жарыстарға қатысқысы келетінін жасырмады.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz