Сырым ауданындағы белгілі режиссер Айгүл Лұқпанова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Марапат иесі бүгінде Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің "Демалыс орталығы" мемлекеттік мекемесінде еңбек етеді. "Театр - өмірдің көшірмесі" - дейтін болсақ, Айгүл Лұқпанова өзінің кәсіби білім - білігін, шығармашылық қуатын театр саласына арнап, көрерменге өмір шындығын сахнадан көрсетуге тырысты.
Ал Тыныштық Ғаббасованы кітап оқитын балалар жақсы таниды. Сырым ауданындағы балалар кітапханасында ұзақ жыл еңбек еткен Тыныштық Орынғалиқызының аудан руханиятына қосқан үлесі зор. Жаһандану жалаң жалаң еткен уақытта жас ұрпақты кітап оқуға шақырудан шаршаған жан талай кітапқұмар баланы әдебиет алыптарымен "таныстырды".
Бүгін Тыныштық Ғаббасова Қазақстан кітапханалық одағы шешімімен "Қазақстанның құрметті кітапханашысы" атанды. Марапаттарды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев тапсырды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz