«Бірлескен басқару – бөлінген жауапкершілік» жобасы аясында Бөкей ордасы ауданына облыстық «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының төрайымы Әлия Салиева және «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Хадиша Мұқанова арнайы келді.
Айта кетелік, аталмыш жобаны АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «Десента» қоры іске асыруда. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына арналған жиынға аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, Сайқын ауылының әкімі Шыңғыс Абдоллин, түрлі мекеме мамандары мен басшылары, бірлестік жетекшілері мен мүшелері де қатысты.
Жергілікті басқару жүйесі, өзін-өзі басқару мен азаматтық қоғам ұйымдары мен бірлестіктер өзара тиімді әрекет етіп, жергілікті проблемаларды бірлесіп шешуге күш салса, ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуеті де артпақ. «Бірлескен басқару – бөлінген жауапкершілік» жобасының мақсаты да осы.
Төрт жылға жоспарланған ауқымды жоба Павлодар, Батыс Қазақстан облысы, Ұлытау және Жетісу облыстары бойынша жүзеге асырылмақшы. Аталған өңірлерге қарасты бірнеше ауылдық округ таңдап алынып, жергілікті бюджетке талдау жүргізіліп, жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдары, белсенді азаматтар мен тиісті мекеме өкілдерінің идеялары мен ұсыныстары негізінде ауылдық округтер бюджетінің кіріс бөлігін арттыру бойынша бағдарлама жасақталды.
- Іріктеліп алынған округтердің қатарында Сайқын ауылдық округі де бар. Ауылдың қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайына жан-жақты талдаулар жасалынды және алдағы уақытта округ көлемінде жергілікті бюджеттің қорын еселеп, халықтың табысын арттыруға бағытталған түрлі жобаларды іске асыруға мүмкіндік зор. Тұрмыстық-сервистік саладан бастап, жергілікті туризм, эко-туризм, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға бағытталған көптеген жобаларды тиімді іске асыру керек, - деп жоба аясындағы өзге де жоспарларды түсіндіріп өтті «Жайық таңы» қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Гүлбаршын Мұштанова.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы