Бірлік – Жаңақала аунанына қарасты ауыл, әкімшілік округ орталығы. Аудан орталығынан солтүстік шығысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Жері жусан аралас әртүрлі шөптесін өсімдіктер өскен шалғынды, қоңыр сортаңды және сор топырақты құрғақ далалық белдем деуге болады. Батысында Көшім өзені ағып жатыр, Жалтыркөлге құяды. Көлдері: Жалтыркөл, Қоғалы, Еділсор, Кебір, Байжан. Каналдары: Сәңкібай, Еділсор, Мұрын, Айғыр, Көшкен. Өсімдіктері: мортық, киікоты, мия, сүттіген, түйешетен, жусан, алабота, жантақ. Табиғаты аң мен құсқа, суы балыққа бай.
«Бірлік» мал зауыты» – республикадағы бренд
Облыстағы асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін жалғыз әрі ірі шаруашылық та осы ауылға жайғасқан. Іргесі сонау 30-шы жылдарда қаланған. Сол кездегі Сталин атындағы колхозға облыста Фурманов асыл тұқымды мал өсіретін мемлекеттік кәсіпорыннан 1500-дей қой әкелініп, солармен селекциялық жұмыстар жүргізіле бастады. 1993 жылы Бірлік асыл тұқымды мал заводы акционерлік қоғамға айналды. Акционерлік қоғамның алғашқы президенті болып көп дауыспен Семенов Жанболат сайланды. Қиыншылыққа қарамастан жұмыс істейтін жанұяларға тамақ түрлері ай сайын еңбекақысына есептеліп беріліп тұрды.
1994-2001 жылдар аралығында Бірлік ААҚ-ын Карменов Рашид басқарды. Бұл жолдас жұмыс бабымен көршілес Орда ауданына қоныс аударды. 2001 жылдан бері қарай Ешимов Қанат Бірлік акционерлік қоғамында басшылық жұмысты атқаруда.
Шаруашылық 1993 жылдан акционерлік қоғам, 2006 жылдан «Бірлік мал зауыты » ЖШС болып аталады.Еділбай қойы Бірлік ауылының бренді десек жаңылыспаймыз. Негізінен осы шаруашылық арқылы ауылдың көркейгені ақиқат. Әр жылдары облыс жеңімпаздары, дипломдармен марапатталып келеді. Айта кетсек 2010 жылы елордада өткен Қараөткел жәрмеңкесінің «Етті майлы бағыттағы қой малын өсіретін ең үздік асыл тұқымды мал зауыты» дипломы және «Алтын белгісімен» марапатталған.
- Қазіргі кезде жағдайымыз жақсы. Былтыр қыстан жақсы шықтық. Биыл да қытымыр қысқа қызу дайындық үстіндеміз. Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектердің көлемі артып, өзіміз де жақсы нәтижелерге жетіп биыл 2-і «УАЗ» көлігін және 2-і трактор сатып алдық. Шөп жинайтын техниканы да жаңаладық. Тракторшы, шопан тағы сол сияқты бізде қызмет атқаратын мамандарымызға ұдайы көмек көрсетеміз. Шөпті арзан бағаға ала алады. Малдың етін де едәуір төмендетілген бағамен алуларына жағдай жасалған.
Республикадағы шаруа қожалықтарының бәріне қошқарларымызды сатып отырмыз. Генетикамен айналысатын институт мамандары келіп қан алып, тексерген болатын. Ол мамандар біздерге «таза тұқымды қойларды өсіріп отыр» деген қорытынды берді. Республика көлемінде біздің алдымызға түсетін мал зауыты жоқ деп мақтанышпен айта аламын, - дейді Қ.Ешимов бүгінгі жағдайларына аз-кем тоқталып.
Бірлігі бекем ауыл
- 2019 жылы М.Мирманов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 1999 жылғы түлектері 200 мың теңге ақшаға «Менің жүрегім – Бірлік» композициясын және осы мектептің 2009 жылғы түлектері 250 мың теңге көлеміндегі қаржыға мектепке кіреберіс қақпа жасап, сыйға тартты. Биыл 2010 жылғы мектеп түлектері бірігіп 400 мың теңгеге күрес залына 15 дана татами алып берген болатын. Сондай-ақ татами алуға ауыл тұрғыны, жанашыр азамат Әліби Боранбаев 80 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.
«Жанеке» шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Төлепбергенов өз қаражатына ауылдың қорымын қоршап берді. Елімізде орын алған пандемия жағдайына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимінде коронавируске қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу мақсатында «Бірлік мал зауыты» ЖШС аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен көмектесті. Сонымен қатар антисептик құралдарына 50 мың теңге көлемінде демеушілік танытты. «Абай» шаруа қожалығы аз қамтылған отбасыларға азық-түліктей 20 мың теңге, «Раушан» жеке кәсіпкерлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға 10 мың теңгеге азық-түлік алып берді. Айта берсек бұндай игі істер өте көп. Бұның барлығы Бірлік ауылының ынтымағы жарасқан ауыл екендігін айғақтайды, - дейді ауыл әкімі Ерсайын Еслямғалиев.
Сандар сөйлесін
Бірлік ауылдық округінде – 1519 тұрғын бар. Олар негізінен Бірлік ауылында, Ақбалшық және Үшкемпір елдімекендерінде орналасқан. Округте 1 – ЖШС, 25 – шаруа қожалық, 28 жеке кәсіпкер бар.
2020 жылдың 1 шілдесіндегі мал басы санағы бойынша: ірі қара – 8054 бас, қой мен ешкі – 45302 бас, жылқы – 4619 бас, түйе – 56 бас, 541 құс бар.
Сөз соңы:
«Ауылымның түтіні түзу шықсын» дейтін атпалдай азаматтары барда Бірлік ауылының берекесі қашпайтыны хақ. Жердің жәннатына әркім өз туған жерін теңестіреді. Біздің Бірлік ауылы да нағыз жердің жұмағы деуге болады. Асан қайғы бабамыздың табаны тигенде осы жерде мәңгі тұрақтап қалар ма еді?!..
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала-Бірлік-Жаңақала
zhaikpress.kz