27.04.2022, 17:00
Оқылды: 77

Бірлік мерекесіне арналған семинар

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Әр ұлттың мерейін тасытып, тату да берекелі ел ретінде шартарапқа танылған елімізде аталмыш мейрам өз дәрежесінде мерекеленіп жүр. Достық пен келісім нығайған Отанымыз қазақ елінде тұратын әрбір ұлт пен ұлыстың мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, оған құрметпен қарап, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Аталған мереке қарсаңында Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлтаралық тұрақтылық пен келісім - өркендеу кепілі» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Семинар жұмысына аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Сәмиев қатысты.

11

Семинар жұмысына Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, БҚО әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Мәлік Сұлтанәлиев және ауданның мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық келісім кеңесі мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени орталық, бірлестік өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова бірлік пен татулық тақырыбында, аудандағы ұлттар татулығы, аудан көлемінде атқарған жұмыстар туралы баяндама жасады.

14

Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мұрат Бекжанов: «Біздің Шыңғырлау ауданында да 22 ұлттың өкілі достық пен ынтымақтастықта, туыстықта өмір сүруде. Олардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрлерін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалған. Ауданда татар, украин, орыс мәдени орталықтары, «Елім-ай» фольклорлық әжелер тобы аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, аудан мақтанышы болып отыр»,- деп семинарда сөз сөйледі.

Сондай-ақ «Изге-ай» татар ұлттық  татар мәдении орталығының төрайымы Лилия Волошина аудандық мәдени орталықтарының атқарған жұмыстарының есебін беріп, экраннан бейнебаян көрсетілді.

Өз кезегінде сөз алған БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Мәлік Сұлтанәлиев халықтар достығының арқасында талай белестерге жетеміз және Жаңа Қазақстанды құруда әрқайсыңыздың үлестеріңіз қомақты болмақ деп, шыңғырлаулықтардың жұмысына сәттілік тіледі.

10

Достық пен бірлік қашан да - тұрақтылықтың негізі. Ал тұрақтылық салтанат құрған жерде тыныштық, өнімді еңбек бәсекесі, экономикалық өрлеу бастау алады. Бүгінгі еліміздің жетістігі мен сонау тоқырау кезіндегі, еліміздің жаңа өз мемлекеттігін қалыптастырып жатқан кезіндегі жағдайдың арасы жер мен көктей. Біз бүгін ерекше қарқынмен дамыған, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көрінуге ұмтылған қуатты елге айналдық. Мұның бәрі осы еліміздегі ұлы достықпен тамыры тереңге кеткен татулықтың, ауызбіршілік пен толеранттылықтың арқасы. Дүние аласапыран алмасуда. Сондықтан бәрінен бағалы, қандай қазынадан да қымбат -  татулық пен бірлікті көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Туған жердің төсінде, құшағын жайған  бейбіт елдің ішінде  әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысайық деген тілектермен  семинар жұмысы аяқталып, оның келесі кезеңінде семинарға қатысушылар аудандық тарихи-өлкетану музейінің залында ҚХА жөнінде бейнематериалды тамашалап, көрме жұмысымен танысты.

13

А.Мұса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале