23.06.2023, 15:30
Оқылды: 25

Бірнеше жұмыс, бір қызмет

Бүгінде сүйікті мамандықты таңдаудан бөлек, таңдаған мамандық бойынша жұмысыңды сүйіп жасау да өнер. Бірақ бір ғана қызметпен шектелмей, үнемі ізденісте жүріп, заман ағымына сай жүріп отыру, оның түрлі технологиясының тілін игеретіндер санаулы ғана.

da53a64f-d6c0-4dd9-8285-a85b455c3bf5

Ауданымыздағы сондай жанның бірі де, бірегейі аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің бас инспекторы Қайрат Ишанғалиев.

Жымпиты ауылында дүниеге келіп, Қ.Мырзалиев атындағы мектепті тәмамдап, кейіннен Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжін «ағылшын тілі» пәнінің мұғалімі, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде «заңгер» мамандығы бойынша сырттай білім алады.

Алғашқы еңбек жолын 2007 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығының Сырым аудандық филиалының инспекторы болып бастап, әр жылдары аталған орталықта Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің Орал қаласы бойынша, облыс бойынша инспекторы, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің аудан бойынша инспекторы, Көлік және коммуникация министрлігі мемлекеттік қызметтерді автоматтандырылуын және халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметтерінің үйлестірілуін бақылау жөніндегі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің Сырым аудандық инспекторы қызметтерін атқарды.

2016 жылдан бастап Сырым ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары, мемлекеттік қызметтер мониторингі және бақылау жөніндегі бөлімі бас маманының міндетін уақытша атқарушы, бөлімнің бас маманы болса, 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін Сырым ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас инспекторы лауазымын атқарып келеді.

Қайрат Ерболатұлы аталған лауазымынан бөлек аудан бойынша цифрландыру қызметтерін жүргізумен және аудан әкімдігінің ақпараттық жүйелерінің, дербес компьютерлерінің іркіліссіз жұмыс жасауын қадағалап, кейде ақпараттық қауіпсіздікке де атсалысады. Одан бөлек, бейнеконференциялар жүргізіп, әлеуметтік желіге онлайн шығуды ұйымдастырады.

​Осылайша бір штаттық қызметпен ғана шектелмей, қосымша жұмысты да игерген.

-​ Өзім білім алған диплом бойынша мамандықтарымнан бөлек, қызығушылықпен компьютердің тілін тауып, түрлі бағдарламалау жұмысына қызығамын. Жұмыстан қолым қалт еткенде баскетбол ойнап, компьютердегі ақпараттық жүйелердің жұмыс жасауын зерттегенді жаным сүйеді, - дейді кейіпкеріміз.

Қайрат Ишанғалиев тек өз саланың білгірі ғана емес, адал жар, ардақты әке. Жолдасымен халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс барысында танысып, шаңырақ көтеріп, бүгінде бес бала-шаға тәрбиелеп отыр.

- Қанша жерден қауырт болса да, жұмысымды жауапкершіліпен жасап, тапсырмаларды дер кезінде орындауға тырысып отырамын. Жалпы осы техниканың «тілін түсінуге» үйреткен облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марат Бассаров еді. Кейіннен өзім де қызығушылық танытып бағдарламалық жүйелерді қондыруды үйреніп алдым. Негізінен адам баласы өмірге келгенде оқысам, білсем, үйренсем деп келеді ғой. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

«Шығамын тірі болсам адам болып,

Жүрмеймін бұл жаһанда надан болып.

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше бұл өмірде надан болып», - деген өлеңін іштей қайталап жүремін. Біздің жұмыс көп көзге көрінбейтін жұмыс. Көбісі біле бермейді. Біз де бір механизмнің ажырамас бөлігіміз, - деп ағынан жарылды техниканың ауданымыздағы төресі Қайрат Ерболатұлы.

                                         Айжан Амангелдина,

                                                         Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале