28.10.2021, 9:55
Оқылды: 214

Бірреттік темекі мың пәлеге ұрындырмасын

Жыл сайын темекіні ауыстыратын және оны тастауға көмектеседі деген түрлі темекі заттар шығады. Бұрынырақта кальян, одан соң электронды темекілер шықты. Одан соң вэйп пен айкос, былтыр тіл астына салатын снюс деген пайда болды. Соңғысы өзін расымен де жақсы жағынан таныта алмады. Сосын да болар қазір снюс көп сұранысқа ие емес. Бірақ соңғы кезде көпшілік бірреттік темекіге әуестенді. Әсіресе жастар жағы көптеп тартатын болды бұны. Көпшіліктің үлкен сұранысына ие болған бірреттік темекі не өзі? Ол туралы ақпарат расымен де аз. Тапқан ақпараттың барлығы маркетологтар мен жоғарыда аталған темекіні сатушылардың жарнамалық материалдары.

одноразки (2)

Неге бұған жастар әуес?

Бұрынырақ пайда болған вейп біразға дейін шегуге құмарлардың арасында сұранысқа ие болғанымен осы күні бірреттік POD жүйелері олардың орнын басты. Сатып алған адам бірден темекі ретінде шеге береді. Түймелер, сұйықтықтар мен сым жоқ, оларды әрдайым қосу және өшіру қажет емес. Егер вейпке ұзақ уақыт үйрену керек болса, POD жүйелерінде мұндай проблемалар болмайды. Олар кәдімгі темекі сияқты құрамында қажетті тұзды никотин бар. Тек темекі түтінінің орнына жағымды және хош иісті бу шығады. Ал құрамындағы тұзды никотин адам қанындағы рН-қа ұқсас болғандықтан бірден қанға, содан кейін миға еніп, шегушінің айызын қандырады.

Өзім темекі шекпеген соң өкпені не себепті түтінмен толтыру керектігін түсіне алмаймын. Ал құрамы түсініксіз, не екені белгісіз нәрсені шегу тіптен миға сыймайды. Десе де мақаланы дайындау барысында бірреттік темекі сатып алып, жастардың оған не себепті әуес екенін түсінуге тырыстым. Расымен де иісі керемет. Тіпті тістеп жеп қойғың келеді. Бірақ пластмасса қорап оған мүмкіндік бермеді. Құрамында су, пропиленгликоль және түрлі дәмберушілер бар екен. Сондай-ақ никотин болады. Көпшілікті оның құрамындағы никотиннің аздығы қызықтырса керек. Бірақ тәуелділік тудыратын никотин күндердің күнінде адамды байлап алатынын ұмытпаған жөн. Сол себепті шегіп көруге бел буа қоймадым.

Сөз басында аталған темекі туралы ақпараттың аз екенін айтқан болатынбыз. Бар ақпарат бұны мақтаудан аспайды. Тіс пен теріні бүлдірмейді, жай темекіден артықшылығы – оның арзандығы деп жазылған. Тіпті жай темекіні тастауға көмектесетіні туралы ақпаратты табуға болады. Былайша айтқанда аталған бірреттік темекіні дәріханадан сатып алуға болатындай көрінеді. Бірақ оның барлығын аталған затты сатушылар жазып отырған соң толықтай сенуге болады дей алмаймын.

одноразки (1)

Тәуелділік тудырмайды деген рас па?

Иә, бірреттік темекіні шеге бастағандар жай темекіні тастайды деген сөз бар. Бірақ бұрын темекі шегіп жүріп, электронды темекіге ауысып кеткен адам көрмедім. Ал ешқашан темекі шекпей, аяқ астынан вэйп немесе электронды темекі шегіп кеткендер көп. Сондықтан тәуелділік тудырмайды деген сөздің шындыққа жанаспайтынын көре аламыз. Сондықтан әлі толық зерттелмеген затты тұтынбаған жөн-ау.

Тұтынушылар не айтады?

Мақала дайындау барысында әлеуметтік желі арқылы дәстүрлі темекі ме әлде электронды бірреттік темекі ме деген сауал тастадық. Жастар жағы екіншісін таңдады. Не себепті таңдау оған түскенін сұрағанымызда Ринат атты қолданушы электронды темекі әлдеқайда арзанға шығатынын, өзі пайдаланатын бірреттік темекі 400, қайсыбірі 1000 рет соруға жететінін айтты. Сондай-ақ оны кезкелген жерде шегуге болады екен. Ал дәстүрлі темекіні таңдаған Вадим есімді қолданушы «Мен электронды темекінің құрамымен таныс емеспін. Оның үстіне никотинге деген сұранысымды қанағаттандырмайды» деп жауап берді.

Иә, бірреттік темекі, былай қарағанда, дәстүрлі темекіден арзанырақ көрінеді. Бірақ бір дана темекіні, жоқ дегенде, 10-13 рет сорып тауысуға болады және де оны шегіп алған соң адам қанағат сезімін алып, екіншісін тұтатпайды. Былайша айтқанда, стоппер бар. Шегуші екінші дана темекіні бір сағат немесе біраз уақыттан соң қолға алады. Осы аралықта ішке енген түтін шығып кетеді. Ал 400-1000 рет соруға арналған электронды темекінің стоппері жоқ. Бір тұтатқан жан оны 10-15 рет емес, 40-50 мәрте соруы мүмкін. Егер 20 дана темекіні бір апта бойы шеккен адам өкпесіне түтінді, жоқ дегенде, 260 мәрте жіберсе, электронды темекіні бір тұтатқан жан бір қорап темекінің түтінін 15-20 минутта сорып алады. Сондықтан бірреттік темекінің зияны азғантай болғанымен, ішке енген түтіні көптеу болып кетпей ме? Ойланарлық жағдай.

Дәрігерлер дабыл қағуда

Соңғы кездері электронды темекіге әуестенген жастардың, соның ішінде, оқушылардың көбейгені көпшілікті алаңдатып отыр. Жуырда аудандық аурухана наркологі Г.Сабирова, «Жігер» жастар денсаулығы орталығының психологі Ю.Яфарова мен учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Р.Мұхамбетов бірлесіп, Переметный мектебінде «Электрондық темекі – денсаулыққа зиян» тақырыбында іс-шара өткізді. Оның барысында дәрігерлер оқушыларға жаңа заманғы темекінің зияны мен оның жұмыс жасау принциптері туралы толық түсінік беріп өтті.

Психолог Ю.Яфарованың айтуынша, электрондық темекі өндірушілер оның құрамындатаза су буы бар екенін сендіреді екен. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл туралы мүлдем қарама-қарсы пікірде көрінеді. ДДСҰ-ның «Никотинді электронды жеткізу жүйелері туралы» баяндамасында никотинді электронды жеткізу жүйелерінің көбінде «су буы»  емес екені айтылған. Сарапшылар электронды темекі құрамында никотиннен бөлек ерітінді негізіндегі пропиленгликоль, глицерин, хошиістендіргіштер, формальдегид және қатерлі ісік тудыратын басқа да заттар бар екенін анықтаған.

-Электрондық темекінің жұмыс принципі – қазандық сияқты. Оның ішіндегі спираль қызып, темекі құрамындағы буды шығарады. Сонымен қатар, темекі шегетін қоспаның кейбір компоненттері, әсіресе пропиленгликоль, жоғарғы тыныс жолдарының тітіркенуін тудыруы мүмкін. Нәтижесінде мұның бәрі аллергиялық реакцияға әкеледі. Электрондық гаджеттерді толтыратын барлық хош иістер адамның өкпесіне енеді. Ондағы бу ағазаға үстірт емес, ең терең, жасушалық деңгейде әсер етеді. «Электронка» нәзік ағзаға қандай зиянды әсер етеді? «Одноразкадағы» никотин адамның метаболизмін айтарлықтай қалпына келтіреді. Осыған байланысты тұрақты тәуелділік дамиды, – дейді психолог Ю.Яфарова.

Дәрігерлер жасөспірім кезінде никотинге деген құштарлықты алған адамдар болашақта одан үлкен қиындықпен құтылатынын айтады. Темекі шегуді кеш бастаған адамдар зиянды тәуелділіктен оңай бас тартады екен. Пропиленгликоль мен глицерин жұптары ішкі ағзалардың жұмысына теріс әсер ететінін де мамандар растап отыр. Сондай-ақ психолог электрондық құрылғының қиялдағы пайдасы психологиялық тұрғыдан дамыған реакция ғана екенін айтты.

-Осы кезге дейін электронды темекі шегуді тоқтатудың бір әдісі ретінде айтылып келді. Бірақ көп адам оған да тәуелді болды. Иіс, аузындағы жағымсыз дәм, қолдың иісі сияқты ыңғайсыздық жоғалған кезде адамның темекі шегуден бас тартуға деген қосымша мотивациясы жоғалады. Бұл мотивация ауырсыну деп аталады. Кейбір ыңғайсыз жағдайлар жоғалып кеткенде адамға темекі шегуден құтылу әлдеқайда қиын болады. Сондықтан олар оны ауыстырғыш заттарға тәуелді болады, – дейді психолог Ю.Яфарова.

Түйін

Темекінің зияны туралы ондаған жылдар бойы айтылып келе жатыр. Бірақ шегушілер саны азайған жоқ. Ал жарнамасы жер жарып тұрған қызылды-жасылды электронды темекіге құмартқандар енді азаймасы анық. Қалай болғанда да, әлі толық зерттелмеген, құрамы мен зиянды заттары бар дүнияны ауызға алмас бұрын әр адам оның соңы неге әкелетінін бір ескерсе екен.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале