20.08.2024, 11:00
Оқылды: 374

Теректілік Арнұр каратэдан Азия чемпионатында топ жарды

Әлімсақтан аян, дана да дара қазақ – жауынгер халық. Қанымызда бар осы қасиет бойға дарып, шынашақтай кезінен сайын дала төсінде табанын тасқа тілгізіп, құмға күйдіріп спортқа ынтызар болып өскен кекілді ұлдар баршылық. Солардың бірі – Теректі ауылының тұрғыны Арнұр Темірболатұлы.

11B54C1E-C1C9-403C-955C-81F0C6E0AA4E

Ол 2015 жылы дүниеге келген. Федоров жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің 4 «а» сынып оқушысы. Спорттың сиқырлы әлемі баураған Арнұр – жас каратэші.

Бүгінгі таңда каратэ – көптеген елде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрінің бірі. Жапондардың «каратэ – спорт емес, өмір жолы» деген сөзі бар.

Спорттың бұл түрімен шұғылданатындар семіздік, жүрек ауруы, күйзеліс сияқты түрлі дерттерден аулақ болады екен. Сол себепті «Каратэ – төбелес емес, тұнып тұрған таным» деушілер көп.

Хош, сонымен... Теректі ауданының абыройын асқақтатып жүрген жас каратэшінің жүлделерін жіпке тізсек, Киокушинкай кан каратэден KUMITE, каратэ-до Киокушинкайдан балалар мен жасөспірімдер арасында «Батыс Қазақстан» ашық республикалық чемпионаты, каратэ-до Киокушинкай KUMITE «AKSAI OPEN – 2022», каратэ-до Киокушинкай KUMITE «Орал кубогы», Батыс Қазақстан облыстық чемпионаты, каратэ-до Киокушинкай KUMITE «ORAL OPEN», Каратэ-до Киокушинкай «КУБОК КАСПИЯ», Каратэ-до Киокушинкай KUMITE Орал қаласының чемпионаты, каратэ-до Киокушинкай KUMITE «WEST CUP 2023», Каратэ-до Киокушинкай балалар мен жасөспірімдер арасында «AKTOBE OPEN» республикалық  және «Astana kubogy» халықаралық турнирі сынды бәйгелерден қоржын бос қайтпаған.

9376CA2B-610A-4B13-BE1F-67FE99CD3ABA

Мінекей, жеңіс туын желбіретіп жүрген кішкентай кейіпкеріміздің жетістіктері қазірдің өзінде осындай! Тамаша емес пе?!

Арнұр тамыздың 17-18-сі күндері Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен каратэдан Азия чемпионатына қатысып, дәл қазіргі уақытта І орынды қанжығаға байлап, сүйінші жаңалықпен жолда келе жатыр.

Айтпақшы, сөздің орайы келгенде айта кетейік, Арнұр секілді ұлдарымыз каратэмен айналысқысы келеді-ау, алайда «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз бар. Ауылды қоя тұрайық, ауданымыздың өзінде осы спорт түрімен шұғылданғысы келетін жастарға арналған жаттығу залының жоқтығы тұсау болып тұрғаны...

Өйткені, Арнұрдың әкесі Темірболат Есенғалиевтің айтуынша, баласын Орал қаласындағы жаттығу залына көлігімен апарып жүргеніне  төрт жылдай болған екен. Ал ата-анасының апарып-әкеліп тұратын уақыты һәм көлігі жоқ,  «каратэші болсам» деген талай баланың арманы сөніп қалмаса игі...

«Теректілік каратэші көбейсін» десек, кеш болмай тұрғанда ойланайық!

Самал Жамет

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале