9.03.2022, 14:45
Оқылды: 19

Бітімің нәзік жан едің

Көктеммен келетін Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз ұстазымыз Раушан Қуанқызын еске алдық. Жастық па екен, әлде ғұмыры қысқа болады деп ойламадық па, ортамызда жүргенде естелік айтып, кеш те ұйымдастырмаған екенбіз. Соның орнын толтырайық...

WhatsApp Image 2022-03-09 at 14.35.57

Біз Федоров ауылындағы қазақ мектебінің түлегіміз. 1997 жылы есігін ашқан оқу ордасында 25 жыл ішінде жүздеген қазақ баласы ана тілінде білім алып шықты. Осы мектептің іргетасын қалаған жандар қатарында ұстазымыз Раушан Әлекенованың бар екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді-ау.

Жаңғаланың Таубұйратында дүниеге келген киіктің асығындай қыз Раушан ұстаз болуға асықты. Жолы болып, Орал педагогикалық училищесінде оқып, мұғалім болып шықты. Еңбек жолын туған жерінде бастаған ол дәм-тұз айдап, Теректіге қоныстанды.

Негізінен орыс тілді ауылда жас мұғалімге жерсіну оңай болмағаны анық. Дегенмен, алғыр, ізденімпаз жас мұғалім орыс тілінде оқытатын №2 мектепте нәтижелі жұмыс жасады.

Ел тәуелсіздік алған соң, халық та қазақ тіліне қарай бет бұрды. Раушан Қуанқызы орыс тілді мектеп жанынан қазақ сыныбын ашуға бел байлап кіріскен топ ішінде болды. Ауылда қазақ мектебінің ашылуына да барын салды. Көше айналып, әр ата-анамен үгіт жүргізді. «1993 жылы қазақ сыныбын ашамыз дегенде, көрнекілік түгіл,  тіпті әліппе де жоқ болатын. Көрнекілікті түнімен отырып, қолдан жасап алатынмын. Сондай жағдайда балаларын сеніп тапсырған ата-аналар арқасында сынып ашылды.  Келесі жылы оқу сапасына көз жеткізген ата-аналар балаларын ана тілінде оқытуға бере бастады. «Тамшыдан теңіз жиналып», 1997 жылы қазақ  мектебін ашуға жеттік. Мектептің аяғынан тұруына сол кезде басшылық қызметте жүрген М.Төлегенов, Р.Мұхамбетияров, В.Каренский, В.Самиғоллин деген азаматтар көп күш салды» деп бізді мектеп тарихымен таныстырып отыратын. Сол еңбегімен ол 1998 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атанды.

Өзі кішкентай бойлы, нәзік бітімді жан еді. Сол бітімге болаттай қайсарлық сыйған екен-ау. Дауыс көтеріп, айқай салмай-ақ, сөзбен жетеңе жеткізе білетін қасиеті бар болатын. Айта берсек, Раушан Қуанқызының бір бойындағы қасиет-қабілетін жеткізуге небір әдемі сипаттамалар  да аз болар еді. Адамгершілік, байсалды ұстамдылық, сауаттылық пен біліктілік бір өзінен табылған Раушан Әлекенова - Нағыз Ұстаз болатын.

Осы жарқын жанның өмірден өткеніне жыл болыпты. Шәкірттерің барда, ұмытылмайсың, Ұстаз.

Бір топ шәкірттері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале