11.07.2024, 17:00
Оқылды: 247

Биыл Ақжайықтағы қанша ауылға асфальт төселеді?

«Жақсы жол – елге жора» демекші, қай жаққа сапар шексек те, алдымен жолдың сапалы болғанын қалаймыз. Қазіргі таңда бүкіл еліміздегідей, жыл сайын Ақжайық ауданында да жол жөндеуге ерекше көңіл бөлініп келеді.

маш

Біздегі аудандық маңызы бар ауылға кіре беріс жолдардың жалпы ұзындығы – 278 шақырым. Соның ішінде Алғабас, Бударин, Жаңабұлақ, Жайық, Ілбішін, Тайпақ, Чапаев, Алмалы, Ақсуат ауылдарына кіре беріс 58,1 шақырымдық жол асфальтталған. Әлі де 220 шақырым жолды асфальттау міндеті тұр.

Әзірге Жайықтың Самар бетіндегі елді мекендерде бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарда.

Аудан ауылдарында жолды жайландыру жұмысы биыл да жалғасын тапты. Тайпақ ауылында жиындарда көптен мәселе болып көтеріліп келе жатқан Махамбет, Д.Нұрпейісова, Х.Чурин, Жамбыл, Т.Жұмалиев көшелеріндегі үш шақырымдық жолға күрделі жөндеу жүргізілуде.

Ауыспалы жобаны ұтып алған мердігер «Орда жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері жөндеу жұмыстарын былтыр бастады. Жолшылар жерді толық қырып аяқтады, ауыл әкімдігі ғимаратының тұсында жолжиек орналастырды.

Қазір олар жол қабатын тегістеу жұмыстарын 90 пайызға тәмамдап қойған. Мердігердің айтуынша, қажет материалдар – құм мен қиыршық тас жеткілікті. Осы жұмысқа 376 млн теңгедей қаржы қарастырылған. Сөйтіп, тайпақтықтардың көптен бергі тілегі орындалмақ.

Былтыр көпшілікке белгілі Бударин ауылының кірме жолын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал биыл оған қоса осы ауылдың Қазақстан, Астана, Ж.Молдағалиев көшесінің бойындағы ұзындығы 1,8 шақырым болатын ауылішілік жол асфальтталмақшы.

Мердігер «ЖайықСити» ЖШС қазіргі таңда құрылысқа қажет 5 200 тонна құм, 4 900 тонна қиыршық тастың 2 448 тоннасын ауылға жеткізіп қойды.

Тайпақ ауылдық округіне қарасты іргелі ауыл Шабдаржапта биыл үлкен қуаныш. Мұнда да тұрғындардың тілегіне құлақ түріліп, 3,4 шақырымды құрайтын кірме жолды жөндеу жұмыстары басталды. Аталмыш жобаның құны – 450 млн. 940 мың теңге. «Жайықжолқұрылысы» ЖШС тендерде жеңімпаз атанған бойда жұмысқа кірісіп кетті.

Атап айтсақ, қазір құрылысшылар кірме жолдың бетін түгел қырып, жол қабатын тегістеп жатыр. 6 ай мерзімде аяқтап, шабдаржаптықтардың игілігіне табыстайды. Сонда үлкен болсын, кіші болсын, жолаушылар жауын-шашынды күндері күрежолға шығуда қиындық көрмейді.

Қабыршақты ауылындағы кірме жолды күрделі жөндеуден өткізуді міндетіне алған «ТОБИ» ЖШС құрылысшылары тіптен ерледі. Мамыр айында жұмысқа кіріскен олар жобаны аяқтауға берілген 6 ай мерзімді күтпестен, жөндеуді уақытынан бұрын аяқтап, бүгін-ертең табыстауға ниетті. Айта кетелік, кірме жолдың жалпы ұзындығы – 3,2 шақырым, жөндеуге 360 млн теңге бөлінді.

– Бұл біздің биыл жүзеге асыратын жұмысымыздың бір бөлігі ғана, - дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Замеров. – Алдағы уақытта ауданның барлық ауылдарына назар аударып, тұрғындардың сұранысына сай сапалы жол саламыз деген үміттеміз. Аудан бойынша қазіргі таңда ұзындығы 20,5 шақырымды құрайтын ауылішілік 37 көшенің 6 жобасы және 5,8 шақырымдық кірме жолдардың 2 жобасына жасақталған жобалық-сметалық құжаттар сараптамадан өтіп, толықтай дайын тұр.

Әлия Серікқызы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале