9.01.2020, 18:32
Оқылды: 11

Биыл Бірік ауылдық округі 4-ші деңгейлі бюджетке көшті

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Қазталов ауданына барды.

qaztalov (1)

Халық қалаулыларының алғашқы аралаған нысаны аудан орталығындағы №1 аудандық аурухана. Аурухана директорының уақытша міндетін атқарушы Ботагөз Ғұмарова депутаттарды аурухана жұмысымен таныстырып, кейбір өзекті мәселелерді де айтты. Басты мәселе – нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат тарту және кадр тапшылығы. Айта кетуіміз керек, аурухана 1999 жылы пайдалануға беріліп, содан бері жөндеу көрмеген. Нысан жұмысымен танысқан депутаттар туындап отырған мәселені шешуге ықпал етуге уәде берді.

Мұнан кейін Сенат депутаттары «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Тұрғындар тұрақты жұмыс, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу сияқты мәселелерін ортаға салды.

qaztalov (2)

Биыл Бірік ауылдық округі 4-ші деңгейлі бюджетке көшіп жатыр. Яғни, ауылдық округ әкімдері өз қазанына өзі иелік етіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруы тиіс. Осы орайда Сенат депутаттары Бірік ауылдық округінің орталығы Әжібай ауылында болып, округ әкімдігінің мамандарымен кездесті. Округ әкімі Батырхан Байғонақов округтегі салық түсімі туралы айтып, бұл бағыттағы жұмыс жоспарларын ортаға салды. Округ әкімін тыңдаған депутаттар салық түсімін көбейтіп, ауылға инвеститция тарту қажеттілігі туралы да айтып өтті. Сонымен бірге депутаттар округ әкімдігі аппараты мамандарының 4-ші деңгейлі бюджетке көшу кезінде туындайтын сұрақтарына жауап берді. Әрі қарай Сенат депутаттарының кездесуі Жалпақтал ауылдық округінде жалғасты. Халық қалаулыларымен өткен жүздесуде ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу сияқты мәселелерін ортаға салды.

 Тұрғындар сауалына орай депутаттар бұл бағыттағы жұмыс жоспарларын тұрғындарға түсіндіріп, жергілікті қазынаға салық түсімін молайту, ауылдарға инвеститция тарту керектігі туралы айтып, ауыл жастарын еңбек етіп, білім алуға ұмтылдыру керектігін жеткізді.

 Басқосу барысында депутаттар сауалдарға тұшымды жауап беріп, кейіннен ауыл нысандарын аралады.

Қайрат Жақып

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале