9.04.2019, 13:37
Оқылды: 29

Биыл Бөкей ордасында 7 қылмыстық іс медиациямен шешілген

 Биылдан бастап Бөкей ордасы колледжінде медиация тобы құрылмақ. Осыған орай медиаторлар қауымының қызметі мен медиация жүйесінің артықшылықтарын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өткізілді.

med

Бұл шараға аудандық соттың судьясы Марат Шыңғалиев, аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Зияш Зайноллина, кәсіпқой емес медиатор Қалампыр Айтжанова, билер кеңесінің мүшесі Исатай Бекқалиев, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі төрайымы орынбасары Арайлым Есмағұлова, «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұхтар Жоламанов қатысып, тақырып төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

         -Медиация дауларды баламалы шешудің ең оңтайлы жолы. Аудан бойынша 18, Сайқын ауылдық округінде 5 бітімгер жүйелі жұмыс жасап келеді,-деген аудандық соттың судьясы Марат Энгельсұлы бұл рәсімнің артықшылықтары жөнінде тарқатып айтып берді.

         Сондай-ақ, ол жасөспрімдер арасында тіркелген заң бұзушылықтарға барғандардың арасында коллдеж студенттері де барын тілге тиек етті.      Мәселен, 2018 жылы осы колледждің ІІІ курс студентіне қатысты іс қозғалып, бүгінде пробациялық бақылауға алыныпты. Биыл бопсалау фактісі бойынша колледж студентіне қатысты тағы бір іс ашылып, қаралу үстінде екен.

         Өз сөзінде кеңсе меңгерушісі Зияш Керпенқызы 2018 жылы азаматтық істер бойынша – 33, қылмыстық іс – 12, әкімшілік іс бойынша 52 істің медиация арқылы шешілгенін мәлімдесе, биыл 13 әкімшілік, 3 азаматтық, 7 қылмыстық іс медиаторлардың көмегімен түйінделіпті.

         Билер алқасының мүшесі Исатай Бекқалиев, медиатор Қалампыр Айтжановалар да  «сотты болды» деген таңба ешкімге абырой әпермейтінін қадап айтып, кез келген дау-жанжал орын алса, бейбіт түрде шешуге құлықты болуымыз керек деп, өз тәжірибесінен мысал келтірді.

 Арайлым Есмағұлова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале