18.01.2021, 15:23
Оқылды: 22

Биыл Бұланға ұялы байланыс барады

Сырым ауданындағы округ орталықтарында әкімдердің есептік кездесулері басталды. Бүгін Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Кубаев ауылдастарының алдында есеп берді. Кездесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Syrym otchet 1 (4)

Бұлан ауылдық округі – Самара-Шымкент халықаралық магистралінің бойында тұрған инвестициялық тартымдылығы жоғары округ. Халық негізінен мал және бақша шаруашылығымен айналысады. Округтегі мал басы 2020 жылы едәуір өсіпті. Сандармен сөйлесек, ірі қара саны 23%-ға, ұсақ мал 5%-ға артқан. Құдай береке беріп көбейген малдың бірі – жылқы екен. Былтыр 188 құлын алынып, жылқы басы 32%-ға көбейген.

Малдың көбейгені жақсы, асылданғаны одан да жақсы. Округте мал басын асылдандыру ісі де ілгерілепті. «Жаңаталап», «Қайсар» шаруа қожалықтары табынға тұқымы асыл бұқаны қосса, сол «Жаңаталап», содан кейін «Меңдібай», «Жалғас» шаруашылықтары отарға асыл тұқымды қошқарларды қосып, төл алуда. Былтыр 5 шаруашылық 8 млн. 117 теңге субсидия алған. 17 трактор, 23 агрегат және 25 адам жүріп, жаздай мал азығы дайындалған. Жоспарланған 4,2 тонна мал азығының межесі 100% орындалыпты.

Syrym otchet 1 (2)

Округ Волонтерлар жылында белсенді қимылдаған. Бұлан орта мектебінің 2005-інші жылғы түлектері бір тұрғын үйіне жылу жүйесін орнатып берген. Ал 2000-ыншы жылдың түлектері ауылдас әжелерінің төбесін жөндеп, шатырын ауыстырып беріпті. Бұдан бөлек, қайырымды бұландықтар қыруар жанұяны азық-түлікпен қамтыған.

Әкімдерінің жыл бойы атқарған жұмысын ауылы жақсыға бағалады. Дегенмен оқсамай жатқан мәселелерді ашық айтты. Мысалы, Бұлан ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы жоқ. Тек жүктеме негізінде аудан орталығынан маман бекітілген. 2020 жылы Бұланда 3 бірдей қылмыс болған. Біреуінде мал ұрланған, екіншісінде телефон жымқырылған. Екеуі де – жиі кездесетін қылмыстар. Ал үшінші қылмыстың сипаты бөлек – автокөлік айдап кету оқиғасы. Мұндай қылмыстың іргедегі ауылда орын алуы – алаңдауды қажет етеді. Сондықтан  Сырым аудандық полиция бөлімі кадр мәселесін шешіп, әр ауылды дербес учаскелік полиция инспекторларымен қамтығаны дұрыс деп ойладық.

Ауыл қарттары көтерген кіреберіс жолды жөндеу, ауылішілік айналма жол салу, жол жиегіне ағаш отырғызу, қоқыс полигонына бейнекамера орнату сияқты мәселелердің де мәні бар.

– Халық айтса қалып айтпайды. Олардың көтерген әр мәселесі – біз үшін маңызды. Есептік жиналысқа ауыл әкімінің статистикалық мәліметін емес, елдің мәселесін тыңдауға келеміз. Ауылдық округ әкіміне полиция бөлімімен жұмыстанып, инспектор мәселесін шешуді тапсырамын.

Жол мәселесіне келейік. Бұған дейін ауданда Бұлдырты, Өлеңті, Алғабас ауылдарына кірме жол салынды. Тақтайдың жолдың игілігіне жуық арада Шолақаңқаты да бөленбек. Ендігі кезек – Бұландікі. Жобалық-сметалық құжат дайын, қаржы бөлінуін күтудеміз. Ал айналаны абаттандыру, ағаш егу – ол ұрпаққа үлгі болатын іс.

Қоқыс полигонының басына бейнекамера орнатуды аса құптамас едім. Кімнің қоқысты қай жерге төккенін аңдып отыру – өнбейтін іс. Одан да, камера кететін қаражатқа полигонды қоршап, халыққа түсінік жұмыстарын жүргізсек ұтамыз.

Ауылда мектеп бар, балабақша бар. Балалардың қауіпсіздігі үшін камераны сондай нысандар орналасқан көшелерге орнатқан дұрыс. Мемлекеттің бюджеті – халықтың қаржысы. Оны талан-таражға салмай, мақсатты пайдалануымыз керек.

Мал көбейді. Бірақ бағым ұйымдастырмаймыз. Трасса жағалап, көлікке түйісіп жатқандары қаншама. Бұл да – мәселе!

Ұялы байланыс мәселесі бұландықтар үшін «жырға» айналды. Биыл осы шаруаның нүктесін қоямыз. 2021 жылы Бұланға ұялы байланыс келеді, – деді жиналысты қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.

Syrym otchet 1 (6)

Сырым ауданының 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы халыққа ұзын-шұбалақ баяндама емес, тартымды, түсінікті фильм ретінде көрсетілді. Аудан әкімі негізгі көрсеткіштерге тоқталып, мінбедегі уақытын қағаз оқуға емес, халықтың мәселесін тыңдап, жауап беруге арнады. «Артық болмас білгенің...» - дегендей, бөлім басшылары жұмыспен қамту, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік салалары бойынша хабарламалар жасады.

Есептік кездесулер толықтай санитарлық талаптарға сай, әлеуметтік арақашықтық режимінде өтті.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале