Бүгін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Ж.Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп-балабақша-бөбекжай кешеніндегі түлектердің мектеп бітіру салтанатына қатысты.
- Құрметті, жас достар! Сендер бүгін үлкен өмір теңізінің жағалауында тұрсыңдар! Алдарыңда алыс сапар, тағдырдың асау толқыны. Білімді, тәрбиелі адамның қолынан бәрі келеді.
Өмірден өз орынын тапқан маман, бастысы адам болуға ұмтылыңдар. Ақжол, жас түлектер! - деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Мектеп директоры Нұржауған Құлмұханова мәлімдегендей, Ж. Досмұхамедов атындағы білім ошағы – Қазақстанның білім сапасын көтеруші республикадағы 1000 мектептің ішінде.
2023-2024 оқу жылын 355 оқушы аяқтап отыр. Оның 27-сі үшін бүгін жез қоңырау соңғы рет соғылады.
Жас түлектер салтанатты шараға әліппе ұстатқан алғашқы ұстаздары Тойған Үбішевамен бірге шықты.
Айта кетейік, бүгін Сырым ауданы бойынша 183 түлек алтын ұясынан ұшады. Оның 8-і – “Алтын белгіге” үміткер.
Бауыржан Ширмеденұлы,
Сырым ауданы