15.02.2023, 10:30
Оқылды: 280

Биыл Теректі ауданына 90 жыл толады

Биыл Теректі ауданының құрылғанына 90 жыл толады.

Мұрағат мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Теректі ауданы 1933 жылдың наурыз айында құрылған.

Жағырапиялық орналасу жағынан ең бір ұтымды, ежелдегі Ұлы Жібек жолы бойында, Жайықты жағалай  жатқан ауданның  тарихы тоқсан жылмен шектелмейтіні айдан анық.

Небір алмағайып кезеңдер, толқу-төңкерістерді көрген мекеннің жылнамасына шолу жасасақ, бұл жерді ел сонау ерте темір дәуірінде  мекендегенін білеміз.

Оның дәлелі де бар...

Тақсай ханшаймы – жерлесіміз

 

2012 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары Теректі ауданы аумағында, нақты айтсақ, Долин ауылдық округі жерінде  археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов жетекшілік жасап, қазба жұмыстарын орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған топ жұмысы нәтижесінде «Тақсай оба кешені» деген шартты атауға ие болған жерде әлемді таң қалдырған жәдігер табылды.

IMG-20230214-WA0035

Бүгінде «Алтын ханшайым» деген атаумен танымал жәдігер жөнінде  БҚО тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова: «Тақсай ханшайымының жасы 35-40 шамасында. Оның бойынан сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей табылды. Киімінде алтын әшекейлері мол, қасында пышақ, қазан, қола айна, көшпенділердің перстармен шайқасы бейнеленген тарақ табылды. Тіпті, үстіндегі көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген. Алтын ханшайыммен бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Тақсай кешенінен алынған бұл артефакттердің алғашқы зерттеу жұмыстарын БҚО тарих және археология орталығы жүргізді. Алынған жәдігерлерді өңдеп, зерттеуге Қазақстанның Астана және Алматы, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябинск, Пущино, Новосибирск қалаларының мамандары мен ғалымдары қатысты», - деген мәлімет берген.

Ғасырлар тұңғиығынан жеткен Тақсай ханшайымы басына аудандағы азаматтар биіктігі 7 метр ақ шаңқан кесене орнатты.

 

Ел қонған жерде қорым қалар

 

Одан беріге тартсақ, ескінің көзіндей ескі ауылдар маңында қарайған қорымдардар жатыр.

Топырағынан небір атақты адамдар шыққан құтты мекен - шежірелі Шағатай ауылы маңында  тарихта аты қалған хан мен төре ұрпақтары да мәңгілік орынтапқан екен.

Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылында «Хан мейіті» деп аталып жүрген ескі қауым бар. Бірақ нақты қай маңда, қай хан жерленгені белгісіз болған. Бастарына қойылған құлпытастардағы көне араб тілін білетін адамдар бұл күндері некен-саяқ.

IMG-20230214-WA0040

Бұл ақтаңдақты танымал өлкетанушылар Қазбек Құттымұратұлы мен Айболат Құрымбаев жойды. Араб тілін жақсы білетін Қазбек Құттымұратұлы зираттағы әрбір құлпытастағы жазуды оқып, қазақшаға аударып берді. Тастағы жазулар негізінен араб, шағатай және түрік тілінде жазылған екен.

f6270910-5c11-4015-88bf-6880b065ac46

Қорымда кіші жүз ханы болған Әбілхайыр ханның немересі Айшуақ ханның ұлы Жантөре ханның басына қойылған белгі табылды. Тастағы жазулар Жантөре ханның мәңгілік мекенін 1809 жылы 49 жасында тапқанын куәландырып тұр. Айшуақ ханның да жатқан жері сол маңнан алыс емес, Бекей ауылы тұсындағы қорымда.

Осындай ескі қорымдар Ақсуат, Шаған ауылдық округтерінде де бар.

 

«Қоныстанушы» атаулар

Теректі ауданының жағырапиялық тиімді орналасауы жайлы жоғарыда айттық. Ауданның тағы бір ерекшелігі – екі бөліктен құралғаны.Оңтүстік бөлікте, мәселен, Шағатай, Шалқар, Аңқаты, Ақсоғым округтерінде ауылдардың  қазақы атаулар сақталған. Ал солтүстік бөлік  Покатиловка, Пойма, Новопавловка, Богдановка деп жалғасып кете береді.

«Мен өзі қазақ жеріндемін бе?» деп ойландыратын атаулардың өзіндік тарихы бар.

ХХ ғасырдың басында, 1801 жылы  Ресей патшалығы үкіметі жер сұраған шаруаларды қазақтың байтақ даласына қоныстандыруға шешім қабылдағаны тарихтан белгілі.

IMG-20230214-WA0033

Жайық бойында мал бағып, жатақ болып егін салған қазақтардың ең шұрайлы жерін кесіп, қоныстанушыларға берді.

Сықырлауық арбаға ат немесе өгіз жегіп, отбасымен айлап жол  жүрген қоныстанушылар легі негізінен Украина, Твария, Тамбов, Мариуполь, Ростов, Полтавадан келген. Келген шаруаларға ер адам басына жер телімі кесілді. Және де оларға Қоныс аудару бөлімі арқылы екі өгіз бен сиыр алуға ақша берілген.

Азып-тозып жеткен қоныстанушылардың өмірі қазақ жерінде бірден жайқалып кеткен жоқ. Өз елінде  мұқтаждық көрген мұжықтар иелігіне жер тигеніне қуанды. Өгізбен жер жыртып, тұқымды қолмен септі. Тың жерді игеру оңай болмағанымен, өнім жақсы шыққан.

IMG-20230214-WA0034

Алғашында ауылдардың атауы болған жоқ. Жер өлшеушілер тек нөмірлеген телімдерді белгілеп отырған. Елді мекен атауын қоныстанушылар өздері шыққан жер немесе алғашқы қоныстанған адам атымен байланыстырып атаған. Сөйтіп,  Тақсай, Шұбарсай, Аққұдық, Құмақсай деген қазақы ауылдармен қатар Федоровка, Богдановка, Покатиловка және т.б мекендер пайда болды.

Сол кезде жер іздеп келген Наум Костюков, Василий Бондарев, Андрей мен Михаил Пустовой, Иван Томенконың ұрпақтары бүгінде Теректіде тұрып жатыр.

Төңкеріс толқынында

ХХ ғасыр Теректі жеріне тағы да толқу әкелді.

1917 жылы патша билігі құлағаны туралы хабар Орал өңіріне де жетті.

Большевиктер маңайына қала жұмысшыларын, жастар мен  ауылдардағы кедейлерді топтастырып, Кеңес үкіметін орнатуға кірісті.

П.И.Дмитриев, П.И.Червяков, П.П. Парамонов, А.Айтиев бастаған компартия мүшелері төңкеріске оң қарайтын адамдар арасында үгіт жүргізіп, бастауыш партия ұйымдары жұмысын жолға қоюды қолға алды.

1918 жылдың тамызында Федоровка (қазіргі Теректі) ауылында большевиктік ұйым құрылды. Бастауыш партия ұйымы жетекшісі  Арсентий Григорьевич Варивода болды.

Төңкеріс жылдары тарихын қысқа жазғанда бәрі жеңіл өткендей көрінеді. Шындығында, жаңа үкіметті орнату жолында қаза тапқандар да болды.

IMG-20230214-WA0039

Жаңа, жұмысшылар мен шаруалар үкіметін орнатуға белсенді күш салған қайраткер Әбдірахман Әйтиев «Земствоны таратып, Кеңес үкіметін ұйымдастыру үлкен күш пен табандылықты қажет етті. Кеңес үкіметіне қолдау білдірген адамның сол кезде контрреволюционер қолынан ажал құшуы әбден мүмкін болатын» деп жазды сол кезең туралы естеліктерінде.

IMG-20230214-WA0037

Патша үкіметін жақтаушылар қуғыны кезінде Әйтиевке бой тасалауға тура келді. Ақ гвардияшылар оның Федоров ауылында, Семен Козловскийдің үйінде жасырынғанын біліп алады. Оның үйіне баса-көктеп кіріп, тінтсе де Әйтиевті таба алмай қалған ақтар Козловскийді тірілей жерге көміп, азаптаған.

Ақ гвардияшылар Теректіде бұдан да басқа айуандықтарға барған. Олар Богдановка ауылында 120 қызыл әскерді атып өлтірген. Бұл жөнінде ауылдың байырғы тұрғыны Федор Петрович Иващенко айтып берген. Ал  Даниил Семенович Дементьевский қаза тапқандар Пенза және Тамбов жағынан келген деген екен.

IMG-20230214-WA0036

Бұл қаралы оқиғалар – тарихи шындық. Тек Богдановка ауылында емес, басқа да ауылдар қорымнында қызыл әскерлер жерленген жерлер бар.

 

Құрметті жерлестер!

Теректі ауданының әріден тарқатқан тарихы алдағы сандарда жалғасын табады.  Материалды дайындауда көмек көрсеткен Теректі аудандық орталықтандырған кітапханасы ұжымына  алғыс айтамыз.

Ауданның дамуына еңбек сіңірген адамдар, есте қалған елеулі оқиғалар жайлы  естеліктеріңіз болса, редакцияға  [email protected] электрондық поштасына хат жолдаңыздар.

 

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале