Биылғы оқу жылы Ақжайық ауданындағы М.Өтемісов мектебі үшін сәтті өтті десе болады.
Былтыр жыл соңында көптен күткен мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген еді. Балалар үшінші тоқсанды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген шағын жинақты мектепте оқуды жалғастырды. Осы оқу жылында ауыл мен мектеп атын шығарып, көңіл қуантарлық жетістіктерге жеткен оқушылар көп. Солардың ішіндегі бір-екеуінің анасымен әңгімелескен едік.
Зерек те ақылды оқушылардың бірі Ақтілек Серік. Ол «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының екі жыл қатарынан жүлдегері атанған. Анасы Гүлжанат Сәрсенғалиева болса білім саласында 23 жылдан бері қызмет етіп келеді. Мұғалімдер арасында оздырылған республикалық байқауларда 1-дәрежелі «Үздік сабақ» және « «Ұстаз» номинациясымен марапатталған. Сондай-ақ «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік журналына мақалалары жарияланып, жуырда аудандық байқауда «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» аталымына ие болған. Аяулы ана, қадірлі ұстаз.
- Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға үлкен сын. Ең әуелі оны тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйретуге тырысамын. Бойына сіңіру керек басты қасиет сол деп білемін. Одан кейін үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, нәзіктік, тұрақтылық секілді мінез қалыптастыруға тырысамын. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей. Гүлдің солып қалмауы үшін тиянақты күтім қажет. Қыз балаға да тәлім мен тәрбие, білім керек. Ақтілегім мектепте оқу үздігі, биыл жетіншіні аяқтайды. Ол менен еш сыр бүкпейді. Шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып оған үнемі кеңес беріп, дұрыс жолға сілтеп отырамын. Бастауыш сыныптан бастап түрлі пәндік олимпиада, білім, өнер сайыстарына қатысып, бақ сынап жүр. Әр жетістігіне қуанамыз. Менің мақсатым алдыма келген әр оқушыны тұлға қып тәрбиелеу. Мұндай жолға мен бар күшімді салып, қолайлы әдістерді пайдалана отырып жетемін. Яғни өзім үнемі ізденіс үстінде жүремін, қызымның да дамуына жете мән беремін. Ұрпағымыз жақсы білім алып, саналы боп өссе, қоғамнан өз орнын тапса, соңынан жаман сөз ермей, біз жетпеген белеске жетіп жатса ол тәрбиенің жемісі, - дейді Гүлжанат Ғарифоллақызы.
Келесі кейіпкеріміз Зәуре Хамзақызы қыр келіні, көпбалалы ана, ақылшы ене. Үш ұл, екі қызды өмірге әкеліп, мәпелеп өсірген ол бала тәрбиесінде ата-ананың алар орны ерекше екенін жақсы біледі. Соның арқасында балаларының алды ержетіп, өмірден өз орындарын тауып үміттерін ақтауда. Кішілері болса оқуға құштар, алғыр боп өсіп келеді. Үйде шаруаға қолғабыс ететін көмекшілер. Қатарластарының алды болып жүрген алғыр бала Ақжол биылғы оқу жылында бірнеше сайыста бақ сынап, мектеп намысын абыроймен қорғады. Ішіндегі ең-ең деген жетістіктеріне тоқталып өтсем, Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған оқушылар арасындағы облыстық туристік-экологиялық конференцияда «Махамбет – өшпес рух, ұлы тұлға» тақырыбында жоба қорғап I-орынға ие болды. Және күні кеше көкек айында «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтар слетінің аудандық, облыстық кезеңдерінде топ жарып, республикадан II орын алып келді.
- «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар ғой, отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ананың баламен қарым-қатынасы ұядан басталады. Тәрбиесі жақсы баланың өмірі де жақсы болады. Әр балам ақылдылығымен, адамгершілік қасиетімен, бір-біріне бауырмалдығымен ерекшеленіп тұрады. Бұл да дұрыс тәрбиенің көрінісі. Оқушы балаларымның ішінде Ақжол мен Іңкәр қызым білімге құштар, ізденімпаз. Мұғалімнің сөзін жерге тастамай, қандай сайыс, іс-шара болсын белсене қатысады. Кішкентай кезінен Ақжолдың талабы мен ынтасы мол болатын. Сабақты бір-бірімен жарысып оқитын. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім көріп, әжесінің өсиеттерін тыңдап өседі ғой. Қазақ бұрыннан «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп, балаға ерекше ықыласпен қарап, тәрбиесіне баса мән берген. Үйде ер балаларға негізінен сырттың шаруасы жүктеледі, барып келу, тауып келу, мал қайыру, отын-су жеткізу, ат құлағында ойнау дегендей. Бала үшін отбасындағы құндылық маңызды рөл атқарады. Біз олардың болашағы жарқын болуы үшін алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасадық. Аржағында білімді бойына сіңіру өздеріне байланысты. Әрі баламның жетістікке жетіп, үлгілі оқушы атануына мектептегі мұғалімдерінің де ықпалы зор деп ойлаймын. Ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, қаншама жылғы еңбегінің жемісі шәкірттерінің жеңісінен көрініп тұрады ғой,-деген Ақжолдың анасы сөзінің соңында ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдерге ризашылығын білдіріп, оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz