Шуақты күнде, Көрісу мен Наурыз арасында Теректі кешін сөз патшасы – өлең биледі.
Қос ақын – Әділет және Ақтілек Орынбасаровтардың шығармашылық кешіне құлағы түрік, өлеңсүйер қауым әрісі Маңғыстау мен Атыраудан, берісі Жәнібек, Бөрлі, Жаңғаладан ат сабылтып келді. Батыстың жақсылары мен жайсаңдары, сөз ұстаған ақындар да осы жерден табылды.
Көпшіліктің басын қосқан шараның сапталуы ерекше болды.
«Өмір бізге өлең жазып үйреткен» кешінің шымылдығын Әділет Әлібекұлы:
Демеу болды талай адам, талай үн,
Талай адам шашты бізге арайын.
Қош келдіңіз өлеңсүйер оқырман,
Қос ақынды қолдап келген ағайын!
Ақтілек Әлібекұлы:
Ардақты елім қос бауырға сенем дер,
Күллі қазақ бізге қарап елеңдер.
Олай болса, төгілсінші тоқтамай
Өмір бізге сыйға тартқан өлеңдер! - деп ашып, жырларын төкпелетті.
Туған жерге құрметі мен сағынышын қос ақын «Біздің көше», «Ауылым», «Дендірім» арқылы жеткізіп, «Сенім», «Алғыс», «Мен бүгін әжемнің жылағанын көрдім» өлеңдерімен ата-әже, ата-анасына құрмет көрсетті.
Қазақта ақын – дара тұлға. Маңдайына ақын біткен әулет мақтаныш тұтып, әспеттейді. Бір әке, бір анадан екі ақын тарауы – сирек құбылыс. Және қазақтың сал-серісіне татырлық, өнерлі де жан-жақты екі ақынның бір шаңырақтан өрбуі – бірегей көрініс.
Бір тамырдан тарады дегенімен, екеуінің қолтаңбасы екі бөлек.
Әділет Әлібекұлы өзіндік көзқарасы қалыптасқан және жеткізіп айта білетін азамат. «Отызында орда бұзар» ғана емес, «Ғазал» ақындар клубына мұрындық болып, орда салған азамат.
«Ағасы бардың жағасы бар» демей ме. «Алдыңғы арбаның» артынан Ақтілек Әлібекұлына аға салған жол жеңілдеу болған шығар. Десек те, қоғамға қатысты айтқан жыр жолдары түсінігі бар адамға ой салады.
«Алысқа барар көрем жерімді,
Жақұт жырымнан сауғалар дәрі.
Менің шынайы өлеңдерімді,
Шетел классиктері аударар әлі» деген Әділет Әлібекұлының өлеңін келтіре отырып, ағайынды ақындардың шығармашылығына бүгінгі де, болашақ та ақындар баға берер дейміз.
Ал біз болсақ, ұйып отырып, жырға сусындадық.
Арасында Әділет Әлібекұлының сөзіне жазылған әндерді тыңдадық.
Өңірдегі өлеңге ынтық жастардың басы біріккен «Сегіз сері» және «Сүмбіле», «Ғазал» мүшелері, аудандағы «Дат» театрының жас өнерпаздары сахна төрінен қос ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Маңғыстаудан арнайы келген Алтынбек Әлібаев, өңірге танымал ақын Дәурен Шамұратов өлең арнап, Ақжайықтың айтыскерлері Әділ Ахметов пен Орынбек Меңдіқұлов арнау жырмен шашу шашты.
«Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, жақсылармен өткізген кеш қас қағым сәттей зу етті.
Сахна төрінен жырымен тербеген қос ақын осы кеште оқырманға тәй-тәй басқан жаңа жинақтың тұсауын кесті.
Бұған дейін «Тау баласы» жинағын жарыққа шығарған Әділет Әлібекұлы үшін «Біз Дендірденбіз» - екінші кітап. Ақтілек Әлібекұлы үшін – тырнақалды.
Жаңа жинақтың тұсауын кесу құрметін ағайындылар ақын, Мемлекеттік сыйлықтың және «Отан» орденінің иегері, Ақ Жайықтың ақ шағаласы, Өлеңдегі ұстазы Ақұштап Бақтыгереева мен өмірдегі ұстазы, әдебиетке деген құштарлықтарын оятқан Нұргүл Өтегеноваға берді.
Әдемі рәсімнен соң құттықтаулар легі ағытылды.
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Сайран Дүйсенов облыс әкімі Нариман Төрағалиевтің алғысхатын табыс етті. Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушевтің құттықтауынан соң қос ақынның елінен арнайы келген Индер аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева туған жердің ыстық сәлемін жеткізді.
Ағайынды Орынбасаровтардың тек өнер жолы емес, еңбек жолы да ортақ. Өңірдегі үлкен ақпарат орталығы – «Жайық Пресс» медиахолдингіне қарасты «Теректі жаңалығы» газетіне Әділет Әлібекұлы басшылық жасайды. Ақтілек Әлібекұлы – Жәнібек ауданындағы «Шұғыла» газетінде тілші.
«Жайық Пресс» бас директоры Табылғали Сапаровтың құттықтау хатын табыс еткен бір топ аудандық газет редакторлары өнерлінің жолын қолдап, ұлт құндықтыларын дәріптеп жүрген аудан басшылығына алғыс білдірді.
Жәнібек ауданынан әріптесі Ақтілек Әлібекұлын қолдай келген «Шұғыла» газетінің редакторы Гүлзара Төреғалиева аудан әкімі Азамат Сафималиевтің атынан құттықтау мен сый-сияпат табыстады.
Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Бауыржан Халиолла және Халық шығармашылығы орталығының арнау хаттарын өңірге танымал ақын Талғат Мықи ақын жігіттер атына жылы лебізін білдіре тұрып, табыс етті.
Сахнаға көтерілген оқырмандар да ықыластарын гүл шоқтарымен төкті.
«Біз Дендерде туып, Жайықта жыр оқыдық. Қырлардағы шаңға аунап, Жайықтың жыр өзеніне шомылдық. Сөйтіп жүріп дос таптық, орта таптық. Барлық ақын баласы бір ананың деген Мұқағалидың сөзін жете түсініп, өңірдегі жазба, айтыс ақындарын бауыр тұттық» деген қос ақынның кеші осылай аяқталды.
Әрі жас, әрі талантты Орынбасаровтардың әлі де талай жыр кешіне куә боларымыз сөзсіз. «Бізге өмір өлең жазып үйреткен» деген олар әлі талай өлең жазады. Кітаптары да қатталып, сөреде қапталып жатпай, іздеп жүріп оқитын шығармаларға айналады.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz