24.01.2022, 16:00
Оқылды: 30

Біз неден қателестік?

Алматы... Бұл қаланың, отандастарымыздың тағдырын уайымдап, мазамыз қашқанына бір апта уақыт болды. Талабын жеткізер шеру деп қабылдағанымыз орны толмас қайғы әкелер бүлікке ұласты. Ол «сырттағы қайраткерлер» мен жат ағым өкілдерінің әрекетінен болып отырғанына көзіміз жетіп, иланудан өзге амал қалмағанды. Әйтсе де көкейде «Қай тұстан мүлт кеттік?» деген сауал туды.

IMG-20220124-WA0068

Елдегі ахуалға сипаттама

Барыс жылын халқымыз жағымсыз жаңалықпен қарсы алды. Алдымен ақтаулық ағайын еліміздегі сұйылтылған газ бағасының қымбаттағанына қарсы бас көтерді. Кейін Нұрлан Ноғаев басшы болып тағайындалған өңірдің бірнеше аумағында шеру жалғасын тапты. Батыстағы ағайынды қолдап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі бауырларымыз шеруге шығып, облыс орталықтарына жете алмағандары әлеуметтік желіні желеу қылып бейнеүндеу жолдады. Маңғыстау облысындағы жағдайды Мемлекет басшысы назарына алып, қазіргі таңда Үкімет басшысы орынбасарының м.у.а. Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы ахуалға байланысты мемлекеттік комиссия құрылып, жұмысын жүргізді. Комиссия құрамы шерушілермен жүздесіп, талаптарына құлақ асып, бірқатар шешім қабылданды. Маңғыстаулық ағайынның талабы биліктің құлағына жетіп, оң шешімін тапты.

2022 жылдың 5 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтікэкономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді. Келелі кеңесте Президент әлеуметтікэкономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді:

1. мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;

2. әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді аймақтағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;

3. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу;

4. халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;

5. халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;

6. денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.

2022 жылдың 6 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірқатар шұғыл тапсырма берді:

1. Бас прокуратура, ІІМ, ҰҚК және басқа да құзырлы органдар өкілдерін қатыстыра отырып, болған оқиғаның себептерін анықтау, кінәлілердің бәрін тауып, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде арнаулы тергеу тобын құру;

2. Қарулы Күштерге, ҰҚК, ІІМ, Ұлттық ұлан және басқа да күштік құрылымдарға әскери дайындығын күшейту және жабдықтау шараларын қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің моральдық рухын қолдау;

3. Өңірлердің әкімдеріне қаза болған полиция қызметкерлері мен Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің отбасыларына лайықты материалдық көмек көрсету;

4. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, қылмыстық топтардың іс-әрекеттері салдарынан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы ақпаратты халыққа ұсыну үшін 1414 callорталығының базасында тікелей желі ұйымдастыру;

5. тәртіпсіздік салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтау жөнінде комиссия құру. Жағдай тұрақталғаннан кейін Алматы қаласы мен басқа да өңірлердегі әкімшілік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмысына кірісу;

6.әкімдерге коммуналдық қызмет түрлерінің, қоғамдық көлік пен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысын тұрақтандыру;

7. Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде қылмыстық іс-әрекеттерден зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету шараларын қабылдау;

8. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жағдай тұрақталғаннан кейін екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы ұйымдарының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қалпына келтіруді қамтамасыз ету;

9. дипломатиялық өкілдіктерді, сондайақ шетелдік инвестициялар мен шетелдік компаниялар бизнесінің субъектілерін қорғау шараларын қабылдау;

10. ҚР Сыртқы істер министрлігіне шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және басқа да серіктестермен арадағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі мәселелері бойынша тұрақты байланысты қамтамасыз ету.

Өзінің халыққа үндеулері мен шешімдері арқылы Президентіміз елімен бірге екенін сын сағатта дәлелдеп, халықтың қолдауына ие болды. Біз де Мемлекет басшысының бұл әрекетіне таңдай қағып, риза болдық.

Хош. Маңғыстаудағы ахуал шешімін тапқанымен, Алматыдағы жағдай күрделене түсті. Еліміздің оңтүстік астанасында жаппай тәртіпсіздік орын алды. Кейіннен оның шеру емес, қарулы топтардың қатысуымен жүзеге асырылған лаңкестік әрекет екеніне көзіміз жетіп, не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік. Салдарынан әсем қаланың құты қашып, халқымыз шарасыз күйге түсіп, бірқатар сала жапа шекті. Соңғы ақпаратқа сенсек, еліміз бойынша бүлінген стратегиялық нысандар, кәсіпкерлік обьектілердің шығыны 87 млрд. теңгені құрады. Осыдан соң «қанағат қарын тойғызарына» сенер ме екенбіз, кім білсін?..

Ұрпақ тәрбиесі

Елді дүрліктірген террористтердің әрекеті, өкінішке қарай, орны толмас қайғыға ұласты. Лаңкестердің қатарында оң мен солын әлі танып үлгермеген жастарымыз бар. Осыдан соң жоғарыда атап өткен «Қай тұстан мүлт кеттік?» деген сауалға жауап іздедік.

Сауалдың саяси бағыттағы жауабына саясаткерлер бағасын беріп, топшылай жатар. Ал рухани тұрғыда баға берер болсақ, жауабымыз мынадай. Біз ұлттық тәрбие мен рухани болмысымыздан ажырап қалған секілдіміз. Мұхтар Шахановтың өзім жиі тілге тиек ететін мынадай сөзі бар: «Батыстың модернизациясын аламыз деп, канализациясына түсіп кетпейік». Астарына үңілер болсақ, бүгінгі күннің сипаты осы болмақ...

IMG-20220124-WA0067

Біз ұрпақ тәрбиесінде еліктеушілікке, жүгенсіздікке бой алдырдық. Қазақ халқының ертеден қалыптасқан ұлттық құндылықтарын, соның ішінде отбасы құндылығын ұмыт қалдырдық. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету әдірем қалды. Санамызға батыстың даңғазасы мен шығыстың жалаңаш мәдениетін сіңіріп алдық. Оған балаларымыздың да ұрынуына опоңай жол бердік. «Айтпаса сөздің атасы өлерге» салсақ, баламыздың шетелдің мәні мен мағынасы жоқ мультсериалын, фильмдерін қарап, әуенін тыңдап, секең қылған биіне мәз болдық. Бұл үрдіс соңғы он жылдықта қатты байқалды. Мұның сыртында ересек ұл-қызымызбен сырласпайтынымыз, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішерді» ұмыт қылғанымыз тағы бар. Осыдан келіп ұрпағымыз, Мұхамеджан Тазабекше тарқатсақ, «Көлденең көк аттының» жетегіне еріп кете береді. Лаңкестік топтардың арасында жастардың бар екенінен түйгеніміз осы.

Қайтпек керек? Біз салдарымен емес, себебімен күресуді үйрене білуіміз қажет. Нақтырақ айтсақ, ұрпақ тәрбиесіне аса ден қоюымыз керек. Бүгінгі қазақ қоғамының міндеті осы болмақ. Отбасы институтының берік іргесін қалыптастырсақ, мұндай олқылық орын алмасы хақ. Баланың естігенге емес, көзбен көргенді қабылдауға бейім екенін ескеріп, сөйлеген сөзіміз бен амаләрекетімізге бекем болғанымыз жөн. Келіншектер бала көтерген шағынан бастап ізгі амалға ниет қылып, жақсы сөз сөйлеп, ұлттық нақыштағы әуендерге құлақ түріп, ұлттық болмысымызға ден қояр болса, іштегі шаранаға да әсері баршылық. Мұны ғалымдар да дәлелдеген. Кейін, сәби шыр етіп дүниеге келген соң да ұлттық болмысты санасына сіңіре білуіміз қажет-ақ. Ал бұл баланы бесікке бөлеп, әлди айтумен ғана шектелмейді. Айтуға оңай. Бірақ осыған ден қоятын уақыт келді. Бес күндік жалғанда мал тауып, жан бағумен қатар, отбасы құндылығын да естен шығармағанымыз жөн...

«Өзіңмен күрес өлгенше» 

«Ақша деген мал шыққалы» қазақтың басынан бағы тайғаны пешенеден белгілі. Тарихымызға үңіле қарасақ, пұл үшін талай ердің басы алынып, ақтаңдақтарымыздың ату жазасына кесілгені мәлім. Ата-баба мұраты – тәуелсіздікке қол жеткен соң да дүниені алдыңғы орынға қойдық. Сәйкесінше, мінезқұлықтан жұрдай болдық. «Қанағат қарын тойғызатынын» ұмыт қалдырдық. Қымбатшылық белден қысқанда қанағатты ойлап отыра алмасымыз анық, әрине... Бірақ сана таразысына салып, сабыр қылсақ керек-ті. Сабыр түбі – сары алтын.

Шын мәнінде, шерулер сабырсыздықтың салдарынан орын алады. Байқар болсақ, басым көпшілігі тұрмыстың, яғни күнкөрістің төмендігіне, қымбатшылыққа шағымданып жатыр. Осыған мән беріп, мұның сынақ екенін ұғынып, екінші бір көзқараспен қарап, сабыр танытар болсақ, мүмкін бұл қиыншылықты ел болып еңсерер ме едік?! Осы орайда ардақты Пайғамбарымыздың мына бір сөзіне мән берсек: «Кімдекім тұрмысының таршылығына шағымданып таң атырар болса, ол Раббысына шағымданғандай болады. Ал кім дүниелік іс үшін өкініп таң атырса, Алла тағалаға ашуланып таң атырғандай болады».

Осы мәселе Құранда былайша баяндалған: «Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаға ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді» (Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлының «Сабыр еткен, мұратқа жеткен» мақаласынан).

Бүгінгі қоғамның бас көтеруіне тағы бір себеп – қанағатсыздық. Қанағатты Абай бес асыл іске балап кеткен. Ол: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз», – дейді. Сол бір «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңі арқылы қоғамға баға берген. Сонау ашаршылық заманында аштан өлгелі жатқан атамыз: «Біз жақсы уақытта өмір сүріп жатырмыз, ұрпағымызға қиын болады», – деген екен. «Бұл не дегеніңіз, аштан өлу қалай жақсы болады?» деп сұрағанда, атамыз: «Біз аштықпен сыналып жатырмыз, ұрпағымызға сынақ тоқтықпен келеді. Аштық иманнан айырмайды, керісінше, Құдайға жақындатады. Ал тоқтық иманнан айырады, Құдайды ұмыттырады, сол заман қиын соғады», – деп жауап беріпті.

Түйін

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Қазіргі уақытта келешек ұрпақ үшін тарихымыздың жазылып жатқанын әсте естен шығармасақ керекті. Сондықтан болашағымыздың жарқын болуы үшін қазақтың мәдениеті мен әдебиеті, тарихы – бізден кейінгі дәуірлерге мұра. Біз бейбіт заманның маңызын ұғып, Тәуелсіздігімізді қастерлеп, оны келешекке аманттауымыз керек. Міндетіміз – осы. Кешегі орын алған жағдай – Тәуелсіздігімізге сызат түсірер оқиғаның бірі! Есіміз барда елімізді тауып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірігер күн туды. Арандатуға жол бермей, дүрбелең басылған күннің өзінде елмен бірге көріп, қазақтың басына төнген қиындықты еңсере білуіміз қажет.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале