1992 жылдың басты кезеңдері халық үшін қиындығы мол сәттер болды. Зейнетақы, жалақы, балалардың жәрдемақысы ұзақ мерзімге кешеуілдеп жатты. Тұрғындардың наразылығы, әсіресе тұрғын үйге мұқтаждық,материалдық көмек сұраушылар қатарыда Сырым ауданы әкімшілігіндегі жауапты қызметкерлердің жүйкелерін әбден жұқартып бітті.
Не істеуге болады?
Халықтың хал-ахуалын, күнделікті жағдайларын жете зерделей біліп, мүмкіндігіне қарай шеше білген жөн. Міне сол кездегі аудан әкімі Есберген Әжібаевтың ұстанған басты қағидасы да осы болатын.
Ол кезде аудандағы білім, мәдениет, денсаулық, әлеуметтік салаларға басшылық ететін аудан әкімінің орынбасары Марат Қадыров 50 жастың төріне шыққан қызыл шырайлы, шашын шалқасынан қайырған салмақты да сабырлы мінезді жігіт ағасы еді. Ал, осы жолдардың авторы болса 1992 жылдың сәуір айында ғана аудандық газет редакциясынан аудан әкімшілігіне инспекторлық қызметке ауысып, беркітілген шағы еді. Аудан әкімшілігінің қатаң тәртібіне, өзіндік жазу әдісіне әп дегенде көндігіп кетудің өзі оңайға түспеді.
Сол кездегі аудан әкімшілігінің аппарат жетекшісі Әнуарбек Ғалымов менің жоғары басшылыққа жолдаған құжаттардағы жазылған мәтін сөздеріне ескертпелер беретін.
- Бұл саған редакциядағы жұмыс үстелі емес, жазуыңды әкімшіліктегі жазылу үрдісіне, ресми стильге, заңды талаптарға орай реттеуің керек, соған қарай талпын, мұқият бол жұмысыңа! - деп Әнуарбек Ғалымұлы қатаң талап қоятын.
Осы ескерту, талаптарды құлағы шалған Марат Сақыпұлы бір жолы:
-Әнуарбек, жас маман, ертең-ақ жұмысына төселіп кетеді.
Қолдайық, ақылымызды айтайық.
Солай емес пе?!
Ай, азаматым! - деп шашын салалы саусақтары мен шалқасынан қайырып тастап, қызыл шырайлана күлгені мені де жігерлендіріп тастады. Аудан әкімінің орынбасары Марат Қадыровпен қызметтес болған жылдарғы мына бір оқиға әлі күнге есімде. Жоғарыда сөз еткендей тоқсаныншы жылдардың бастапқы жылдарында аудан әкімшілігіне тұрғындардан жазылған шағымдардан үзілістер болмайтын. Бірде аудан әкіміне жергілікті тұрғын, Ұлы Отан соғысының ардагерінен тұрғын үй сұрап жазылған шағым түсті. Қарияны танушы едік, бұдан бұрын да әлденеше рет әкімдікте болған, жағдайынан хабардармыз. Шағым әкімдікке келіп түскен соң оны зерделеп зерттеу керек, заңға сәйкесті етіп жауабын жазу керек.
Сырым ауданының әкімі Есберген Әжібаев бұл жағына әбден мұқият, әрі қызметкерлеріне де қатаң талап қоя білетін бірегей басшы санатынан еді. Сол бойда Есберген Әжібайұлы сол кездегі аудан прокуроры Жеңіс Қапезовты кабинетіне шұғыл түрде шақырып, қариядан түскен шағыммен таныстырды. Бізге қарияға жазылған жауап хатты пошта арқылы емес, аяқтай барып аудан әкімшілігінің қызметкерлерімен бірге қарияның өз қолына тапсыруды мұқият тапсырды. Бірақ, мінезі адуынды тентек қария апарған жауап хатты қабылдамай, қасында тұрған кемпіріне де «Қолыңа алушы болма хатты» - деп зіркілдеп, бәрімізді шыбық пен айдап шыққандай көздердің де болғаны бар. Осы оқиға жөнінде Марат Сақыпұлы
- Қайтесің, өмір ағымы ғой, қарттардың түсініктері солай, сабырлық етелік.
Заман түзелер, бәрі де орнына келетін уақыт алда! деп сабырлық еткенді.
Иә, мерейлі 85 жастың төріне шығып отырған Марат Сақыұлы аға жөнінде әлі көп айтып, жазуға болады. Өйткені, Сақыпұлы сынды азаматтың шекпенінен шыққандардың айтар ой-толғамдары, әңгімелері жетіп артылады. Бізде сол санаттан болғанымызға мақтанамыз. Аман болыңыз, әдемі ғұмыр иесі Марат Сақыпұлы!
Мүсірбек Айташев,
журналист,
Сырым ауданы