13.04.2017, 15:49
Оқылды: 47

«Бизнес Бастаудың» дәрістері

Akjayik Biznes basau    «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының БҚО бойынша филиалының мамандары Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта, агротехколледж ғимаратында дәріс өткізуді бастады. Еліміз бойынша 200 үміткерден іріктелген 80 тренердің бірі - облыстағы филиалдың маманы Әсемгүл Қадырхан алдын ала тестілеуден өткен 35 азаматқа бизнестің қыр-сырын үйретуде. Олардың 80 пайызы – мал шаруашылығын өрістеткісі келетіндер. Ал бірі сұлулық салонын, шаштараз ашсам десе, бірі монша, наубайхана салғысы келеді.


        Әр топ 1 ай уақыт сабақ алады. Осы жылы 6 топқа, яғни 6 ай бойы жүздеген азаматқа сабақ өткізу жоспарланған. Енді ауданымызда мамыр айына тізім жасақталып жатыр.

       Кәсіппен бұрыннан айналысып жүріп, ісін кеңейтуді ойлаған немесе кәсібін жаңадан бастағысы келіп жүрген ынталылар күніне 8 сағаттық дәріске қатысады. Бұл оқу барысында бизнес ашудың және оны жүргізу аспектілері жайында айтылып, кәсіпкерлік негіздер бойынша жеке кеңестер берілуде. Өңіріміздегі маңдайалды кәсіп иелерінің еңбегінен мысалдар баяндалып отырады. «Бизнес Бастаудың» мақсаттары мен міндеттері, «Бизнес-сананың психологиясы», «Бизнес-идеяны таңдау» сияқты тақырыптар талқыланып, егжей-тегжейлі ұғындырылуда. Бір айта кетерлігі, бұл бағдарлама бойынша білім алушылардың жасына шектеу қойылмайды.

         Ауданымыздағы Жолап елді мекеніндегі «Омар» шаруа қожалығының жетекшісі, тәжірибелі шаруа Қалим Есенғазиевтың ұлы Абылай Есенғазиев - «Бизнес Бастау» бағдарламасына қатысуға асыққан жандардың бірі. Оның шаруасы қазірдің өзінде дөңгелеп тұр. Дегенмен оқудың пайдасын ойлаған Абылай бұдан былай бағымындағы ірі қара малын тегіс асылдандырғысы келеді. Жылқының да санын көбейтіп, сүттен, теріден пайда таппақ ниетте.

   – Бизнес-тренеріміз өз саласын жақсы меңгерген, қарапайым тілмен түсіндіреді. Аз уақыттың ішінде көп нәрсені ұғып алдық. Бұл салада біз білмейтін біраз дүние бар екен. Үйренгенімізді іске асырсақ, талпынысымыз нәтижесіз болмайды деп ойлаймын, - дейді Абылай Қалимұлы.

   Ал ақсуаттық Есмұрат Темірбаев өз ауылынан жұмыс көзін ашып, елді мекенді көркейткісі келеді. Керексіз боп жатқан мал терілерін илейтін, қой жүнінен байпақ, киіз басатын цех ашуды көздеп жүр.

   Мемлекеттен қолдау болса, кәсіптің көзін ашуға болатынын аймағымыздағы кәсіпкер азаматтар дәлелдеп жүр. Тек ынта керек. Оған қоса бизнестің жолдарын үйрететін мамандар көптеп келіп, дәрістер өткізіп тұрса, кәсіпкерлердің таным көкжиегі кеңейіп, экономикамыз одан әрі қарыштап дами түсері кәміл. «Егер дәріске қатысушылардың бәрі оқуды толық меңгерсе, ізденістерін одан әрі жалғастырса, барлығы да комиссияның сынынан сүрінбей өтіп, тиімді несиеге қол жеткізетініне сене беруге болады», - дейді бизнес-тренер Әсемгүл Қадырхан.

Бек СҮЙІНІШ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале