«Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетеді» деген дана халқымыз. Бүгінде Тасқала ауданында кәсіпкерлікке бет бұрып, қызметі мен отбасы тірлігін қатар ұстап, өзіне де өзгеге де пайдасын тигізіп жүрген жандар көп-ақ.
Олардың барлығы да мақтауға лайық. Сондай жандардың бірі өмірде кездескен көптеген қиындықтарға қаймықпай, үлкен жетістікке қол жеткізген іскер жан, бақытты ана, аяулы жар Зульфия Серғазиева. Ол 1974 жылы наурыз айында Амангелді ауылында үш баланың бірі болып дүниеге келеді. Сол жерде мектеп табалдырығын аттап 1991 жылы орта мектепті тәмамдайды. Кішкентайынан есепке жүйрік Зульфия өскенде ақша санайтын жерде жұмыс істесем деп армандаған көрінеді. Бала күнгі арманы алдамады. Ол мектеп бітірісімен 1991 жылы Бөрлі техникумына оқуға түсіп, оны 1993 жылы бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ол мұнымен тоқтап қалмады. Білімін одан әрі жетілдіру мақсатында араға бір жыл салып 1994 жылы Орал қаласындағы ауылшаруашылық институтына қабылданып, финансист мамандығын алып шығады. Тумасынан зейінді, бойында патриоттық рухы басым, табанды бойжеткен оқуды бітірген соң 1996 жылы туған жеріне келіп еңбекке араласады. Қой қырқу пунктінде, сондай-ақ егін орағы кезінде есепші болып қызмет атқарады. Жұмыстан қолы босай қалса тәттілер пісіруді дағдыға айналдырады. Кейін тұрғындардан тапсырыс қабылдай бастайды. Оның бизнеске деген екінші қыры осы жерден бастау алады. Сөйтіп ол 1998 жылы әкесінің қолдауымен ауылдың қақ ортасынан үлкен дүкен ашады. Сұраныс бар жерде ұсыныс та болары анық. Ауылда біраз сауда нүктелері болғанымен Зульфияның ашқан дүкені тұрғындардың көңілінен шығады. Себебі мұнда тұрмысқа қажеттінің бәрі болатын. Зульфия тұтынушыларға бар жағдайды жасайды. Олар ешқайда сабылмастан керек-жарағын бір жерден тауып алатындай дүкен сөрелерін қолжетімді бағада азық-түлікпен ғана емес, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен де толықтырып қоятын. Сондықтанда болар оның жұмысы бірден нәтиже бере бастайды.
– Менің кәсіпкерлікке келуіме басында әкем қарсы болды. Кейін менің қайтпайтынымды білгесін ақылын айтып, жөн сілтеп қолдау білдірді. Өзімнің жиған терген қаражатыма ауылдан ғимарат сатып алып, оны жөндеп дүкен аштым. Сөйтіп шаруашылығым жүре бастады. Кейін «ІІ Шежін ауылынан дүкен ашсам қалай болады» деген ой келді. Әкеме айтып көрдім. Ол алыстан ойлайтын адам. Алдымен кіріс шығысты есептеп көріп, ашуға болады дегенді алға тартты. Сөйтіп 1999 жылы екінші дүкенді іске қостық. 2002 жылы тағы бір ғимарат сатып алып, оны шаруашылық тауарларын сататын дүкен жасадым. Себебі сол жылдары шаруашылық тауарлары азық түлік тауарларынан бөлек болу керек деген шарт болды. 2003 жылы өмірлік жарым Ғайсаны кездестіріп шаңырақ құрдық. Оның мамандығы механизатор болатын. Кейін анамның атына шаруа қожалығын ашып жер игерумен айналыстық. Сол уақыттарда 700 гектар жеріміз болды. Ол жерге бес жылдың үстінде егін ектік. КАМаз машинсы мен техникалар алдық. Бертін келе егін егудің шаруасын тоқтаттық. Себебі егістік ауыл іргесінде болғандықтан мал түсіп, бар шғымды бүлдіріп кетіп жүрді. Оның үстіне барлығын бірдей алып жүру мүмкін болмады. Жолдасымның денсаулығы сыр бергеннен кейін егін егуді мүлдем тастадық. Қазір тек өзіміз малға шауып алатын дәнді шөп егілген жеріміз ғана қалды», -дейді Зульфия Серғазиева өз сөзінде. Әңгіме барысында кейіпкерімізге қарап отырып бес дүкен, бір кафенің жұмысын қалаберді үйдегі қыруар мал мен алты баланың тәрбиесіне қалай үлгеріп жүр деген ой келді. Ойымды түсініп қойды ма? күлімсірей қараған ол шыны керек қазір жұмыс барысы қиындап кетті. Ауылда тұрғасын адамдардың көңілін қимайсың, тауарды қарызға бересің. Ол уақтылы қайтарылмайды. Тіпті жылдап ұстайтындар бар. Сауда оны күтпейді ғой, айналым керек. Оның үстіне екі-үш күндеп жарық сөніп қалған уақыттарда ұйқы болмайды. Дүкендегі тоңазытқаштар еріп кетпес үшін матор қосасың. Бұл енді өзім үшін ғой, бірақ ол да адамды шаршатады екен. Біреулер ойлайтын шығар қыруар ақшаның астында жүр деп. Шүкір жоқ емес. Бірақ осының бәрін алып жүру үшін алдымен денсаулық, қала берді уақыт керек. Кейде бәрін қойғың келед. Бірақ балаларым әлі кішкентай, оларды аяқтандыру керек, сондықтан өз өзімді қамшылап төзімді болуға шақырамын», - дейді кейіпкеріміз.
Ғайса мен Зульфия бүгінде алты баланы өмірге әкеліп тәрбиелеп отырған көп балалы ата-ана. Үлкен ұлы 11 сыныпта оқыса, одан кейінгі ұлы 10 сыныпта, үшінші ұлы 8 сыныпта оқиды. Одан басқа 5 пен 1 сыныпта және даярлық тобында оқитын қыздары бар. Қазір алдыңғы төртеуі аудан орталығындағы «Сәулет» мектеп лицейінде білім алуда. «Әр баланың өз арманы бар. Үлкені мал жанды. Яғни қара шаруаны жақсы көреді. Сондықтан болар басында мал дәрігеріне барам дейтін. Кейін ол ойы өзгерді. Негізі баланың болашақта қандай мамандық таңдайтынын кішкентайынан біліп отырғаны дұрыс. Керек жерінде бағыт-бағдар бересің. Менің марқұм әкемде бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін. Амал не қазір тек қасымызда жоқ», - дейді ол еріксіз күрсініп.
Әкесі Шәріп 1971 жылы Амангелді ауылында комсомол ұйымының хатшысы, кейін біраз жыл жұмысшы комитеті мен партия комитетінде қызмет атқарған. Ал анасы Мензипа 30 жылға жуық уақыт жұмысшылар кооперативінде есепші болып еңбек еткен. Жұмыстан қолы босай қалса үй тірлігімен айналысып, бала тәрбиесіне көңіл бөлген жан. Қазірдің өзінде Мензипа апай қызы Зульфияның сенімді серігі. Ол 70-тен ассада әлі күнге дейін дүкеннің барлық есеп-қисабын өзі жүргізіп келеді. Тек бір өкініштісі әкесі марқұм Шәріп ағайдың өмірден ерте кеткені кейіпкеріміздің жанына қатты батады. Қазіргі таңда Зульфияның қарауында бес дүкен, бір кафе мен шағын наубайхана бар. Он бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылда өтетін іс-шараларға белсене қатысып, тұрақты түрде демеушілік танытып келе жатқан жан. Кейбіреулер сияқты дүкеннің дайын тамағын алып ішкенді ұнатпайды. Шама келгенше таза табиғи өнімдерді қолданғанды жөн санайды. Сол себептен де үйде мал ұстап отыр. Сиыр сауып, балаларына үйдің қаймағы мен майын дайындап береді. Бос уақыты жоқ. Кейде үлкен көлікке отырып алып дүкендерге қажетті тауарларды өзі жеткізетін кездері де болады. Мен бастықпын деп бәлсінбейді. Өте қарапайым, алғыр, аузын ашса жүрегі көрінетін ашық жарқын адам. Қандай қиындық болсада еш мойыған емес. Бәріне шүкірлік танытып жұмысын одан әрі жалғастырып келеді. Іскер жан. Көп әйелдерге үлгі. Әсіресе оның бойындағы елге, жерге деген патриоттық сезімді айтып жеткізудің өзі бөлек. Кездесу барысында оған толық көзіміз жетті. Осы жерде М.Әуезовтің «ұлт боламын десең бесігіңді түзе» деген сөзі еріксіз еске түседі. Себебі қоғамның дамуы сол бесікті тербететін әйелдер рөлімен тікелей байланысты. Олай болса әйелдер арқалаған жүктің жеңіл емес екенін ескере отырып Зульфия сияқты нәзік жандарға әрдәйім қолдау болса нұр үстіне нұр болар еді. Бізде кейіпкеріміздің жұмысына сәттілік тілеп қоштастық.
Назгүл Серік,
Тасқала ауданы