28.12.2021, 10:50
Оқылды: 47

Бизнестің берекесін көрген жанұя

Зеленое ауылының тұрғыны Райгүл Дилмұханова – 2019 жылдың сәуір айында «Zhas Project» жобасына қатысып, 1 миллион теңге грант ұтып, бүгінде қосалқы шаруашылығынан қосымша табыс тауып отырған жан.

1

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Райгүл ауыл мектебінде тәлімгер болып қызмет атқарады. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын Нұрсұлтан есімді азаматпен отау құрғандарына бес жыл болған. Жас отбасы ата-аналарымен бірге тұрады. Шаңырақта Таир есімді бүлдіршін өсіп келеді.

– Аталған жобаға қатысуға жұбайымның ықпалы көп болды. «Zhas Project» жобасына арнайы үлгідегі өтініш пен бизнес жоспарды тапсыратын соңғы күн болатын. Отағасының айтуымен соңғылардың бірі болып өтініш жолдадық. Жобаның ережесі бойынша үш адам тіркелу керек болған соң қайын ағамды қатарымызға қостық. Сөйтіп, 1 миллион теңгенің бизнес- жоспарына 750 мың теңгеге үш сауын сиыр, қалған қаражатқа мал азығын аламыз деп толтырып жібердік. Маусым айында жобаның жеңімпазы болғанымыз туралы хабарлама келді. Қатты қуандық. Есепшотымызға түскен қаражаттан шашау шығармай, осы айналадағы ауылдардан үш сиыр сатып алдық. Қалған ақша жем-шөпке жұмсалды. Сөйтіп, отбасылық шағын кәсібімізді бастап кеттік, – дейді Райгүл.

Өз қалауларымен жобаға қатысып, грантқа ие болған "команда" кейін  Орал қаласында «Zhas Project» жобасы аясында екі апталық курстан өтіп, оларға алты ай бойына арнайы степендия тағайындалған. Жобаның талабы бойынша осы уақыт аралығында оларға өз кәсібінен түскен өнім есебінен көмекке зәру жандарға қол ұшын беру міндеті қойылған екен.

– Алғашқы алты ай бойына ауылда тұратын қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға тегін сүт, қаймақ, май, айран ірімшік апарып тұрдық. Қазір де көмекті қажет ететін қарияларға сүт өнімдерін беріп тұрамыз. Бұл жобаға қатыспастан бұрын да өз қосалқы шаруашылығымызда үш сауын сиыр бар еді. Қазіргі таңда он шақты сиырымыз бар. Мал басы көбейген соң, өз қаражатымызға сауын аппаратын сатып алдық. Қазір аптасына бір-екі мәрте қалаға саттыққа сүт, қаймақ, ірімшік апарамыз. Тапқан табысымыздың күнделікті тұрмысымыздан ауысқанын малдың жем-шө-біне жинаймыз. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жер алып, қожалық ашсақ деп армандаймыз. Қазіргі таңда ерінбей еңбек еткен жанға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек соны тиімді пайдалана білсе болғаны, – дейді жас кәсіпкер.

Иә, Дилмұхановтар отбасының бүгінгі тірлігі осындай. Ауылдық жерде, ата-анасының қолында тұратын жас отбасының арман-мақсаты да асқақ. «Қатарластарың секіл-ді қалаға көшкілерің келмей ме?» деген сауалымызға Райгүл: «Орал қаласында да үйіміз бар. Бірақ бізге ауылдың тұрмысы ұнайды. Қалада аяғыңды бассаң ақша ғой. Ауылдық жерде таза ауа, тамаша табиғат, табиғи өнім. Жол салынды, мектебі күрделі жөндеуден өтті. Бір сөзбен айтқанда, ауылдан көшкіміз келмейді», – деп жауап берді.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале