Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев 20 маусым күні Қаратөбе ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы алдымен Сулыкөл ауылында болып, Қалдығайты жалпы орта білім беру мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Бұл құрылысқа жауапты мердігер «Жиенбай» ЖШС. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жүріп жатқан нысанға республикалық бюджеттен 283 млн. теңге бөлінген. Мердігер компания арадағы келісімшарт негізінде жергілікті тұрғындардан 41 жұмысшы жұмысқа тартуда. Жөндеу жұмыстарының техникалық қадағалаушысы болып «Күмбез» ЖШС белгіленген. «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан нысанның құрылыс жұмысы 4 ай жарым уақытта аяқталмақ.
Күрделі жөндеу жүріп жатқан мектеп ғимаратын аралап жұмыстың жүру қарқынын қадағалаған облыс басшылығы нысанды белгіленген уақыттан кешіктірмей сапалы түрде тапсырылуына баса мән берілу керектігіне тоқталды.
Жоспар бойынша 26 қыркүйекте аяқталатын күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер компания «Жиенбай» ЖШС мерзімінен бұрын аяқтауға бекініп отыр. Өткен оқу жылын 203 оқушымен аяқтаған Қалдығайты орта мектебінің ғимараты алдағы оқу жылына жаңаша кейіпте енбек.
Үшағашқа мәдениет ошағы керек
Облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы ауданға сапары барысында Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Үшағаш елді мекеніне барды.
Мал бағумен нәпақасын тауып отырған шағын ауылда 526 тұрғын қоныстанған. Ауыл халқының тыныс-тіршілігімен танысқан атқамінерлер Үшағаш ауылдық клубы мен фельдшерлік пунктке соқты.
Ауылдық клубтың қазіргі ғимараты 1966 жылы Үшағаш негізгі жалпы білім беретін мектебі ғимараты болып салынған, жалпы аумағы 1224 шаршы метр. 2012 жылы жаңадан мектеп салынғандықтан бұл ғимаратты ауылдық клубтың теңгеріміне берген. Отыз көрерменге арналған сахнасы бар клуб жұмысы мен ауылдық кітапхана ахуалын таныстырған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев ауылдық клуб ғимараты жаңадан салынса деген ауыл халқының тілегін жеткізді.
Ал ауылдағы фельдшерлік пункттің бөлмелерінің аздығы мен құрал-жабдықтарының жетіспеушілігі басы ауырып, балтыры сыздап келген ауыл тұрғындарын тиісті деңгейде қарап, қабылдауға кедергі болып келеді.
Әйелдерді қабылдайтын, екпе жасайтын, қабылдау жүргізетін бөлмелердің тапшылығы қолбайлау екендігін баяндаған медицина қызметкерлері жаңадан фельдшерлік пункт салынып, пайдалануға берілсе деген тілектерін тілге тиек етті.
Әлеуетті кәсіпорын ашылмақ
Одан соң Қаратөбе ауданының орталығына жол жүрген облыс әкімі Ғали Есқалиев алкогольсіз сусын шығаратын «Nazel» зауытының жұмысымен танысты. Жалпы қазіргі таңда жалпақ жұртшылық тарапынан аталмыш сусындарға деген сұраныс жыл сайын артып отырғандығы әмбеге аян.
Аудан орталығында алкогольсіз сусын шығаратын зауыт жұмысын бастауда. Құны 200 млн. теңге болатын бұл жобаның жетекшісі – қаратөбелік кәсіпкер, «Nazelprodukt» ЖШС-ның директоры Қайратқожа Қожамұратов. Кәсіпорынның күші – жылына 12 960 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Сапалы ауыз су өндіріп бастаған бұл нысан 15 адамды жұмыспен қамтуда.
Кәсіпорын жұмысымен, алдағы жоспарларымен танысқан аймақ басшысы жергілікті өндірістің өңіріміздің экономикалық дамуына септігін тигізіп өркендей беруіне тілектестігін білдірді.
67 тұрғын үй - тұрғындар игілігіне
Ауданды көркейту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сәулеттік композициялар орнатылып, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы құрылысы жүріп жатқан 67 бір пәтерлі тұрғын үй нысанының жұмысымен танысты.
2019 жылы облыстық бюджеттен Қаратөбе ауылында 67 бір пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге қаражат бөлінген. Сәйкесінше, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер болып Қызылорда облысы, Қызылорда қаласынан «Нур-Талап и К» ЖШС танылды. Бұл жоба екі жылға жоспарланған. Сондықтан да, былтыр мердігер компания бөлінген қаражатқа сай өз жұмыстарын атқарды.
67 бір пәтерлі тұрғын үйлердің сәулеттік жобасы барлық талаптарға сәйкес келеді. Былтыр басталған ауқымды нысан құрылысын биылғы 2020 жылы толықтай аяқтау белгіленген.
- Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі тез аяқтау қажет. Әйтсе де орынсыз асығу мен аптығу құрылыс сапасына нұқсанын тигізбеуге тиіс. Бүгінгі коронавирус індетінің таралуы жағдайында қауіпсіздік пен сақтандыру шаралары ұдайы назарда болғаны жөн. Сондай-ақ құрылысқа қажетті құрлыс материалдарын жергілікті жерден алыңыздар, - деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Шаруасы шалқыған «Ақжол»
Аймақ басшысы сонымен қатар Жусандыой ауылдық округіндегі «Ақжол» ШҚ жұмысымен танысты. Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықта ақбас сиыр саны - 300, жылқы - 70, қой – 700-ді құрайды.
- 1998 жылдан бері ағайынды үш жігіт мал өсірумен айналысып келеміз. Қазіргі жеріміз бұрын біреудің жекесі болып, ол кісіден сатып алдық. Басында егіннің түр-түрін ектік. 3450 гектар жеріміз бар. Күннен қуат алатын құрылғымен жарықтандырылған. Барлық техникаларымыз бар. Малды «Кублейге» тапсырамыз. Құжаттар жағынан ешқандай қиындық жоқ, - дейді қожалық жетекшісі Бекболат Бакытжанов.
Атқарылып жатқан жұмыстарға қаныққан облыс басшысы қожалық жетекшілеріне ет мал басын арттыруды тапсырды. Бұл ретте, шаруа қожалығының иегерлері аталған мақсатты орындау үшін түрлі деңгейдегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысатындығын да жеткізді.
Ханкөл мектебі сын көтермейді
Өңір басшысы Ханкөл ауылындағы қайта салуды қажет ететін Ханкөл жалпы орта білім беретін мектебінің жай-күйімен танысты.
Ғимарат екі корпустан тұрады. Негізгі корпусы 1979 жылы пайдалануға берілген, құрылысы щитамен салынып, силикат таспен қапталған. Жалпы көлемі 480 шаршы метр. Екінші ғимарат 1990 жылы пайдалануға берілген, жалпы көлемі 250 шаршы метр саман таспен салынған. Бұл ғимаратта мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері орналасқан.
- Жаңа 2020-2021 оқу жылын 81 оқушымен бастағалы отырмыз. 1-сыныпқа 6 оқушы келеді. Қазіргі таңда ауылымызға Үкімет қолдауы арқылы мал шаруашылығымен айналысуға екі жас отбасы көшіп келіп, орналасуда. Отбастарында 8 баласы бар, оның 6-уы оқушы. Осындай жағдайлармен мектебіміздің бала саны толығуда.
Бала санының өсуіне байланысты қазіргі мектебіміз тарлық етіп отыр. Екі мезгіл оқуымызға байланысты қосымша сабақтар жүргізуімізге кабинеттер жетіспеушілігі қиындық келтіруде. Төбе ағаштары қисайып, майысқандықтан шатыр ішінен сыммен тартылып қойылды. Іштегі щиталардың жарылуы, сырттан щитамен силикат тастың арасы ажырап құлағалы тұр. Жөндеу кезінде терезелері ашылып сырланбағанына биыл алтыншы жыл болып отыр. Себебі терезе үстіндегі ағаштардың отыруына байланысты, қысылып ашылмайды. Терезелердің желдеткіш бөліктері жоқ. Төбелер ішке қарай қисайғандықтан кабинет есіктері де дұрыс жабылмайды. Арнайы киім ілетін бөлменің жоқтығы да, әсіресе қыс кезінде оқушылардың киімінің орналасуына қиындық келтіреді. Төтенше жағдайға байланысты тексеріс кезінде тоқ сымдарының қорғанышсыз щитаға орналасуы қауіп тудыратынын департамент қызметкерлері ескерту жасап отыр.
Спорт залдың жоқтығынан күз, қыс мезгілдерінде оқушылардың дене шынықтыру сабағын бөлмеде өткізуге тура келеді. Ата-аналар мен оқушылар жаңа мектеп болғанын қажет етеді, - дейді мектеп директоры Жанар Омарова.
Облыс басшысы Қаратөбе ауданына жасаған жұмыс сапарында аудан басшысы Жанат Асантаевқа халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі жақсартуды, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тарту көлемін арттыруды тапсырды.
Маралбек Амантаев,
Серікбай Хасанов
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz