16.08.2024, 15:00
Оқылды: 260

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына барды

Аудандарды аралап, елмен жүздесіп жүрген облыс әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына ат басын бұрды. Бұдан бұрын сапарында ауданымыздағы емхана, жол құрылыстарын тексеріп, бірқатар нысанды араласа, бұл жолы теректілік тұрғындарға есеп берді. Есеп беру ашық әңгімеге ұласып, біраз мәселені түртіп алды.

1E678F28-DF08-47E4-9CF3-4BAA40532150

Сондай-ақ халық сауалына нақты әрі бүкпесіз жауап беріп, шешілу жолын іздеген басқарма, бөлім басшылары ағайынның түйткілін жан-жақты талдап, сараптай білді. Бас-аяғы 21-ге жуық басшы-қосшы өз салаларына қатысты мәселелерге үңіле білді.

Қатарында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім, жер қатынастары басқармаларының басшыларымен қатар «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Қуат Мусин, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» акционерлік қоғамының облыстық филиал басшысының міндетін атқарушы Мерлан Насипов пен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиал директоры Марат Сәрсеев болды.

Мәдениет үйінде өткен жиынға аудан тынысына бейжай қарай алмайтын тұрғындар, ардагер қауымы, аудан басшылары, депутаттар мен жастар қатысты. Әуелі аудан әкімі елмен сәлемдесіп, бұл жүздесудің серпін беретінін тілге тиек қылды.

178CB69A-A0DB-4C99-B73E-B6A2775FBAEA

Кейін биыл атқарылған келелі жұмыстар хақында есеп берді. Әлия Биғазықызының айтуынша, жартыжылдықта халықпен кездесулерде жалпы 67 мәселе көтерілген. Қойылған сұрақтарды сараптап, мағынасына қарай топтастырған аудан әкімдігі мәселенің оң шешімін табуын көздеп отыр.

Тұрғындар алаңдаған мәселелердің маңыздыларыжол құрылыстары және оны жөндеу жұмыстары, электр желілерінің тозуы, ауыз су, газбен қамту, абаттандыру, интернет байланысы.

Бүгінгі таңда олардың жартысынан астамына түсініктемелер беріліп, шешімін тауып үлгерген. Қалғаны уақытты қажет етеді. Яғни, ұзақ мерзімді бақылауда тұр. Нақтырақ айтсақ, 67 мәселенің 15-і оң шешімін тауып, 32 түсініктеме беріліп, 20 мәселе жіті зерттелуде. Барлығының әп-сәтте шешімі табылмасы анық.

Алайда, мемлекеттік бағдарламалар аясында бюджеттен қаражат бөлу арқылы жүзеге асырылатын жобаларды кезең-кезеңімен орындау үшін қарекет ету қажет. Әлия Мұханбетжанова демография, бюджет, инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау, жер қатынастары сынды бағыттардан бастап, ауыл, мал, өсімдік шаруашылықтарына, тұрғын үй, ауыз су, газбен қамту жұмыстарына, жол құрылыстарына, абаттандыру, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту салаларына тоқталды.

54A08A58-531D-4935-90EE-0536AF664E8D

Жиында мәдениеттің жағдайы, білім беру, денсаулықты сақтау, интернет және байланыс та ұмыт қалмады. Мемлекеттің басты байлығы адам десек, олардың көбеюі, елге қоныс аударып, туған жердің көркеюіне атсалысқаны басты орында болары сөзсіз. Кіріспені осыдан бастаған аудан әкімі:

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тұрғыдан алға басуына демографиялық ахуалдың да айтарлықтай рөлі бар. Аудан бойынша демографиялық көрсеткіш бірқалыпты. Халық саны – 38 981 адам. Жыл басынан бері 138 сәби дүниеге келіп, халықтың көші-қоны бойынша ауданға көшіп келген тұрғындары саны 440 адамды құрады. Экономикалық белсенді тұрғындардың саны – 20 534. Биыл өңірімізде «Қаладан – ауылға» жобасы іске асырылуда. Жобаның басты мақсатыазаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қоннын азайту, ауылдық жерде жұмыс көші тапшылығын жою, жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсету. Аталмыш жоба аясында ауданға 5 отбасы көшіп келді (Покатиловка – 2, Ұзынкөл – 2, Қызылжар – 1). Барлық отбасы тұрғын үймен, жұмыспен және мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - деді.

FFF4435E-411D-47DE-98D7-FCD743505F49

Басты байлықтан ел дамуының келесі көрсеткіші бюджетке ойысып, 2024 жылға аудан бюджеті 7 млрд. 382 млн теңге болғанын айтты. Соның ішінде өз кірістері – 1 млрд. 916 млн.теңге (жылдық жоспар – 3,5 млрд. теңге, орындалуы – 54,3%), жоғары тұрған бюджеттен түскентрансферттер түсімі – 4 млрд. 070 млн. теңге (жылдық жоспар – 9,1 млрд. теңге, орындалуы – 44,7%), басқа түсімдер – 1 млрд. 396 млн.теңге (жылдық жоспар – 5,7 млрд.теңге, орындалуы – 24,5%). Қазір мемлекет қолдауына ие болып, жер-жерде кәсібін дөңгелеткен ағайынға қарап көңіліміз жылиды. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуіндегі сөзінде:

– «Бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуі тиіс, - деп кәсіпкерлік саласының даму бағытына аса назар аударды.

Осы орайда аудандағы көрсеткішті атпай өтуге болмас.

– Осы жылдың алты ай қорытындысы бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2 262 бірлікті құрады. Кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтынның жалпы саны 4 462 адамды құрап, жалпы экономикалық белсенді халықтың 22 пайыздық көрсеткішіне жетті. Ауданның шағын бизнес субъектілері 13 млрд 341 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, жұмысын атқарып, өз нәтижелерін көрсетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 31 пайызға көбейді, - деді Әлия Мұханбетжанова.

805A1AC3-CB2D-4CAC-849F-68856F00C8F3

Халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеруде инвестициялық салымдардың орны ерекше екендігі белгілі.

Есепті кезеңдегі негізгі капиталға салынған 8 млрд. 441 млн. теңге (2023 ж. - 7,5 млрд. тг.) өткен жылдың тиісті кезең деңгейінен 110,5 пайызды құраған. Оның ішінде 2 млрд. 637 млн. теңге кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың өз қаражаты есебінен.

Ауданда жеке инвестиция көлемін арттыру, кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсету шараларын ұйымдастыру бағытында арнайы жұмыс тобы қызмет атқаруда. Жалпы құны 398 млрд. теңге болатын ірілі-ұсақты 25 жобаға қолдау көрсетіліп жатыр екен. Жыл басынан бері 5 млрд теңгеге 4 жоба іске асырылды және 95 жұмыс орны ашылған.

Бұл есепке, нәтижеге бәрекелді деуге әбден болады. Дегенмен нақты жолға қойылмай, аудан тұрғындарын әуре-сарсаңға салған, күрмеуі шешілмеген түйткіл де жетерлік. Соның бірі де бірегейіауыз су.

– Ауыз сумен қамту бағытында да жобалар жүзеге асырылуда, елді мекендер санына шаққанда 49 елдімекеннің 25-і (51%) ауыз сумен қамтылған. Биыл Барбастау ауылындағы су құбырының құрылысы аяқталды. Подстепный, Абай, Талпын, Магистральный, Шөптікөл, Қоғалытүбек, Барбастау ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар биыл іске қосылады деп күтілуде. Қызылжар ауылына келсек, жобалық-сметалық құжаттама сараптамаға жолданды. Алғабас ауылына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, бюджеттік өтінім берілді. Бүгінгі күні Ақжайық және Теректі ауылдарында судың қорын және сапасын арттыру мақсатында жоба жасақталуда. 2024 жылға халық саны 200 адамға дейінгі 6 елді мекенді (Әйтиев, Дуана, Қоныссай, Балық цехы, Сатымшеген, Тақсай) кешенді блокты модуль арқылы таза ауыз сумен қамту жоспарланды. Қажетті қаражат бөлінді. Конкурстық рәсімдер жүруде. Сонымен қатар 2025 жылға қосымша 7 елді мекенді (Табынбай, Ерсары, Бекей, Құтсиық, Шалқар, Қабылтөбе, Сәрсенов) кешенді блокты модуль арқылы таза ауыз сумен қамту жоспарда бар, - дегенде көңіл түкпіріндегі үміт жылт етіп, сенім шырағы қайта жағылды.

Биыл облыс басшысы Нариман Төреғалиевтің қолдауымен «Теректі Таза Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2 техника берілген.

4704F2E5-60F9-44C7-8560-3A63DFC8A431

Теректідегі барлық мәселе баяндалып, алдағы жоспарлар мәлім етілген соң өңір басшысы өз сөзінде жүзеге асырылып жатқан жобаларды кеңінен тарқатып, өңірді дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды.

Онда тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа мәселелер көтерілді. Облыс бойынша есебін беріп, аудан аралап, халықпен жүздесіп жүргенін айтқан Нариман Төреғалиұлы өз баяндамасынан кейін сөзді бірден тұрғындарға беріп, ашық әңгімеге көшті.

Облыс әкіміне жол азабын айту үшін арнайы келген аңқатылық зейнеткер Серікқали Төреалиев:

– Самара-Шымкент тасжолының 304-шақырымынан Аңқаты-Сарыөмір тасжолы басталады. Аңқаты ауылдық округіне қарасты Сатымшеген ауылының 6 шақырым жолының құрылысы жүруіне байланысты біздің жолымыз бүлініп жатыр. Біржолдың салынуы екінші жолға кедергі келтірмесе екен. Сапалы сақталуын назарларыңызға алсаңыздар, - десе, аудандық «Теректі жаңалығы» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Самал Жамет Шалқар ауылдық округінің Сарыөмір ауылында дүниеге келген әнші, КСРО Халық әртісі Роза Жаманованың есімін облыстық, аудандық саз мектептеріне беру туралы ұсыныс тастады.

Самал Жолдығалиқызының айтуынша, соңғы кезде Роза Үмбетқызының аты өңірімізде елеусіз қалды һәм ғаламторда туған жері Ақтөбе деп көрсетілген. Бірақ «Жаманованың «Жаман» деген жұрты бар» мақаласын жазбас бұрын көзін көргендердің пікірін тыңдап, аталған жанның ел арасында «Жаманқұдық» жерінде өмір есігін ашқанын білген. Құптарлық ұсынысқа облыс әкімі Нариман Төреғалиев:

– Әрине апамыздың жалпы қазақ еліне сіңірген еңбегін бәріміз білеміз. Әлі де шығармашылығын насихаттап, атын мектептерге беру туралы ойыңыз тамаша. Бірақ қазір мектептерге, елді мекендерге, көшелерге ат беруге мораторий жарияланды. Ономастикалық комиссиямен ақылдасып, тұлғаның есімі тізімде бар-жоғын анықтау қажет. Болмаса, ұсыныс жасап, енгізу тиіс. Міне осындай жұмыстарды талап етеді. Алдағы уақытта айналысатын боламыз, - деп, мерейді өсірді.

26C82AEA-A984-4C49-B1EE-10DCFE19254E

Теректі тұрғыны Райсұлу Атекеева сыздықтап сыр айтқан ауыз судың халін айтты.

– Биыл маусым айында аптап ыстық болғанын өзіңіз жақсы білесіз ғой. Соның өзінде бізде апталап су болған жоқ. Бәрін тасқынға артып, жылы жауып қоя беруге болмайды. Тұрғындармен бірігіп, арнайы топ құрып, су мәселесін талай айттық. Бүгінгі таңда уақтылы жүріп тұр. Дегенмен лай, ішуге келмейді. Біз сатып алуға мәжбүрміз. Былтыр ауыз судан 160 млн ақша жымқырылған екен. Қазір олар жазасын өтеп жатыр дейді. Ал қалтаға салған бақандай 160 млн. теңге бюджетке қайтарылмады ма? Бұған ешкім жауап бермейді. Сол кезде адал еңбек етілсе, судың азабын мұншалықты тартпас едік, - деп ашына сөйледі.

Ақжайық ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Мадина Сатқанбаева «Ақжайық» шипажайында мектеп салынса деген арман-тілегін жеткізсе, аудандық мәслихат депутаты Мирас Әлібекұлы бірден бес мәселені ашық айтып, бақылауға алуды сұрады. Бірінші жер комиссиясының құрамы жөнінде Президентіміз айтқан жайылымдық жерлерді дұрыс игеру, заң аясында беру мақсатын алға тартып сөйледі. Депуттатың баяндауынша, сессия мәжілісінде жер комиссиясы құрылған.

– Бұған төрт депутат қарсы болды. Бірақ ештеңе өзгермеді. Аудан әкімі сол жиында болса да, тиісті шешім қабылданбады. Кесірінен алдын ала келісіліп қойған адамдарға ғана жер берілді. Комиссия құрамында Ақжайық, Шағатай, Сарыөмір ауылдары атынан бірде-бір адам болмады, - деді ол өз сөзінде.

Содан кейін жол, аурухананың қабылдау бөліміндегі қызмет туралы талдап, түсіндіріп, нақты шешім шығаруды өтінді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы үн қатып, жиында айтылған мәселелердің аяқ асты болмайтынын жеткізді. Теректідегі кез келген құрылыс нысандарын үнемі бақылауда ұстап отырғанын айтты.

Жүздесуден соң өңір басшысы мен аудан әкімі, басқарма, бөлім басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале