Жәнібек ауданына облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы жұмыс сапарымен келді.

Аймақ басшысы сапарының басын ауданымыздың солтүстік-шығысында орналасқан Жақсыбай ауылынан бастады. Кейін, өңір басшысы аудандағы бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен, мемлекеттік бағдарламалар аясында ісін ілгері басқан кәсіп иелерінің шаруасымен таныс болып, аудан тұрғындарымен кездесу өткізетін болады.

Облыс әкімі, ең алдымен өткен жылы берілген тапсырманың нәтижесін көру үшін Жақсыбай ауылындағы бөгет қыстағына барды. Өткен жылы Жәнібек ауылының тұрғыны Нұрман Түменов облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуінде «Жақсыбай ауылына іргелес жатқан Қаракес көлі бар. Көлдің көлемі 3000 гектардай болады. Қазіргі таңда көлдің суы азайып кетті. Осыған орай Сарыөзен арнасын қайта жаңғыртып, аталған көлге су жіберуді қарастыруыңызды сұраймын», - деген өтінішін айтқан болатын.

Аталған мәселе назардан тыс қалмай, Нариман Төреғалиұлының тапсырмасы негізінде аудан әкімдігі кідіртпей, «Жақсыбай–Сарыөзен» арнасын қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыруды бастап кеткен еді. Сәуір айында басталған, жалпы құны 514 млн. теңгені құрайтын жобаның негізгі жұмыстары аяқталды.

Аталған жоба су тасқынынан қорғау, лиманды жерлерді суландыру, су тапшылығының алдын алу, балық шаруашылығын дамытуға негізделген.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы